Аймақтар • 14 Ақпан, 2020

Қауіпсіздік шаралары қажет

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көктемгі су тасқынына дайындық – жергілікті билік пен төтеншеліктердің жылдағы дағдысы. 2020 жылдың көктемін зардапсыз өткізу үшін жақында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысын өткізді.

Қауіпсіздік шаралары қажет

Биылғы қыс ерекше. Облыстың біраз ауданында қар жоқ. Әдетте қар­лы болып келетін өңірлерде де жа­уын-шашын деңгейі төменірек болды. Ақпан айының басында табиғат тосын мінез көрсетіп, жаңбыр жауды. Орал қаласында, кейбір елді мекендерде еріген су жиналып, тұрғындарға қауіп төндірді.

– Су тасқынын болдырмау мақса­тын­да елді мекендерде қар шығару және су сору жұмысы жүргізілуде. Шыға­рылған қардың көлемі 112 мың текше метрден асады, еріген қар суы – 3477 текше метр. Қазіргі таң­да көктемгі маусымға 240 тонна жанар-жағармай, 89 мың дана қапшық, 19 мың тонна инертті материал­дар қоры дайындалды. Қосымша қа­жет материалдық және техникалық ресурстарды сатып алу бойынша жұ­­мыс жүргізілуде. Бізге әлі 51 тонна жанар-жағармай, 40 мыңға жуық қап керек, – деп мәлімдеді облыстың би­ы­­лғы су тасқыны жағдайы туралы баян­­­дама жасаған облыстық төтенше жағ­дайлар департаментінің бастығы ге­не­­рал-майор Жасұлан Жұмашев.

Комиссия отырысында Орал қа­ла­сы, Қазталов, Теректі, Бәйте­рек аудан­дарының әкімдері өз аума­ғын­дағы жағдай туралы баяндап, ұсы­ныс­та­рын енгізді. Сондай-ақ облыстық комиссия мүшелері су тасқынының алдын ала болжамын, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін, облыстық және республикалық жолдардың жай-күйін, жем-шөп саны мен оларды қыстауға дейін жеткізу мәселелерін баяндады.

Әрине табиғат құбылыстарына барынша дайын отыру керек. Мұхтар Манкеев су тасқынын апатсыз өткізумен бірге су қоймаларына қа­жет­­ті мөлшерде су жинап алу да өте ма­ңызды екенін еске салды.

Биылғы қыс Батыс Қазақстан үшін қарсыз, жайлырақ болғанын айттық. Көктем ерте шықса, алдымен дала өзен­дерінің арнасы толады. Мәселен, қара­төбелік төтеншеліктер аудан аума­ғындағы Қалдығайты, Жақсыбай, Жар­лы өзендері тасыған жағдайда ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін тексеруде. Тасқын кезінде қатынассыз қалатын елді мекендердің азық-түлік қорын жасақтау, өзен арнала­рын биіктету, кей осал жерлерді кү­шей­ту үшін әр ауылдық округте тұр­ғын үйлердің қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету мақсатында дайындық жұ­мыс­тары жүріп жатыр. Қысылтаяң жағ­дай­да қажетті қайықтар, құтқару кеу­де­ше­ле­рі, мотопомпалар дайын.

 

Батыс Қазақстан облысы