Қазақстан • 16 Ақпан, 2020

Ерлан Қарин: Әлемдік сарапшылардың Орталық Азиядағы процестерге қызығушылығы артып келеді

351 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин Мемлекет басшысының 56-шы Мюнхен Қауіпсіздік Конференциясына қатысуы жайында ой бөлісті.

Ерлан Қарин: Әлемдік сарапшылардың Орталық Азиядағы процестерге қызығушылығы артып келеді

«Мюнхен қауіпсіздік конференциясында алғаш рет Қазақстан басшысы қатысып отыр. Сонымен қатар бірінше рет Орталық Азияға арналған арнайы панельдік пікірталас ұйымдастырылды. Бұл әлемдік сарапшылар тарапынан Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстанда болып жатқан процестерге қызығушылық артқанын байқатты. Екіншіден, бүгінгі панельдік сессияда сарапшылар мен журналистердің көп қатысуы қазіргі уақытта Қазақстанның аймақтық және халықаралық процестерде алатын ерекше орнын көрсетіп отыр.
Өздеріңіз байқасаңыздар, бүгін Қазақстан Президентіне қойылған сұрақтар түрлі тақырыптарды қамтыды. Осы орайда аймақтық қауіпсіздік, Сирия мен Ауғанстандағы қазіргі жағдай, Орталық Азияның саяси-экономикалық дамуы, алпауыт елдермен қарым-қатынас, сондай-ақ короновирусқа қатысты сұрақтар қойылды. Себебі, бүгінде жалпы халықаралық жағдай АҚШ, Ресей мен Қытай секілді алып мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Дәл осы жағдайда қазір негізінен Қазақстан ғана аталған алып мемлекеттермен тиісті қарым-қатынасты құрған. Сондықтан Қазақстанға қатысты сұрақтар бүгінгі панельдік сессияда қойылды» деді Ерлан Қарин.