Экономика • 17 Ақпан, 2020

Талпақ танау да табыс көзі

1201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің ет өндірісі ішкі нарықты толық қамтып қана қоймай, сырт елдің сұранысына жауап беруі тиіс. Бұл үшін агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен қаржылай қолдаудың барлық тетігі жұмыс істеп тұр. Әсіресе мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өткен жылдан бастап саланы демеуге қажет 100 млрд теңге қаржы «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында игеріле бастады.

Талпақ танау да табыс көзі

Ет экспорты дегенде қазақ­тың ірі қара малы мен уақ түлі­гінің шетелге тірі күйінде сатылып жатқаны еске түседі. Қазір бұл бағытты мемлекет реттеуге кірісті. Яғни сыртқы нарыққа мал шығаруға тыйым салынды. Енді отандық өндіріске қажетті шикізат көзі көбейіп, ет және ет өнімдерімен айналысатын кәсіпорындар жұмысы жандануы тиіс. Мұның нәтижесін жақын уақытта көретініміз анық.

Ал сыртқы елдің сұранысын өтеуге қажетті ет өндірісінің бар­­лық түрін қолдау өз жемісін бере бастады. Еліміздегі шошқа ша­руа­шылығын дамытуға қатыс­ты жұмыстарға қарап солай деуге болады. Жалпы, талпақ танау етіне Қазақстанда сұраныс төмен екені белгілі. Есесіне көрші Қытай елі біздің нарықтағы до­ңыз етіне қызығушылық танытып келеді. Жалпы, әлемде өнді­ріл­ген шошқа етіне сұраныстың 50 пайызға жуығы Қытайға жөнел­тіледі дейді деректер. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің мәлі­меті бойынша, елімізде алдағы 6 жыл ішінде 26 ірі шош­қа шаруашылығы ашылмақ. Жылы­на 50 мың тоннаға дейін ет бере­тін кешендердің жанынан до­ңыз тұқымын асылдандыру мен сұрыптаумен айналыса­тын арнайы орталықтар да құрылады.

Демек, Қытаймен шекаралас облыстардағы шошқа шаруа­шылығын дамытудың негізі бар. Қазір талпақ танау өсіру Алматы облысында жолға қойылған. Был­тыр аймақтағы «Бекон» серік­тес­тігі асыл тұқымды шош­қа өсіру зауытын ашқан болатын. Мұнда 1800 бас талпақ танауға арналған селекциялық-гибридтік орталық жұмыс істеп тұр. Өндіріс жылына 60 мың тонна шошқа етін экспортқа шығаруға қабілетті.

Жақында Алматы облысында 1200 бас шошқа жемдейтін кешен тағы ашылды. Қаратал ауданындағы «Агро-Инвест-Қаратал» серіктестігі «Аграрлық несие» корпорациясының қар­жы­лан­дыруымен шошқа етін дайын­дайтын кешенді іске қосты. Үш­төбе қаласында орналасқан өн­ді­ріс кластерлік жүйемен жұ­мыс істемек. Мұнда шошқа басын көбейту мен бағып, семірту және сойып ет дайындау жұмысы толық жүзеге аспақ. Жаңа заманғы техно­логиямен басқарылатын кешенге 815 млн теңге инвестиция жұмсалған. Өндіріс толық қуатына көшкен кезінде күніне 13 тонна ет дайындалып, 60 адам жұ­мыспен қамтылмақ. Қазір мұнда 1200 бас шошқа жемдеуге қойыл­ған. Талпақ танау санын көбейту үшін Дат елінен Ландрас және Йоркшир тұқымдас 312 бас мегежін сатып алынған екен. Айыр тұяқты жануардың үлесін 2400 басқа дейін жеткізу мақсаты тұр. Ал дайын өнім көрші Қытай нарығына жөнелтілмек.

 

Алматы облысы