Осы орайда Иерусалим немесе Құдыс және Израиль мен Палестина атаулары бүгінгі қазақтарға Қазақстаннан алыс, жырақ жер аттары болып көрінуі мүмкін. Бірақ тарихи тұрғыдан қарағанда бұл мекендерді кезінде қыпшақ мәмлүктері және оғыз салжұқтары билеген. Тіпті Шыңғыс ханнан қашқан хорезмшах қаңлылары осы жерлерде ел құрған. Екінші бір жағынан еврейлер, христиандар және мұсылмандар үшін қасиетті болып табылатын Құдыстың тағдырына Қазақстанның бейжай қарамайтыны белгілі. Атап айтқанда, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылып жүрген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Иудаизм мен Ислам дінбасыларының басын қосып, Құдыс мәселесінің шешілуі және Израиль-Палестинаның ымыраға келуіне өзіндік үлес қосып отыр. Ал Қазақстанның бастамасымен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес Израиль мен Палестина екеуінің де мүше болып отырған жалғыз халықаралық ұйымы болып табылады. Басқаша айтқанда, түрлі діндер, ұлы өркениеттер мен алып державалардың мүдделері астасып жатқан Құдыс мәселесі және Израиль – Палестина қақтығысын бақылап, сараптап отыруымыздың қажеттілігі зор.
Ұлы державалардың аталған қақтығыстағы ұстанымдарын сөз етер болсақ, 1948 жылы Израиль мемлекеті құрылғаннан бастап Батыс елдері, атап айтқанда Ұлыбритания мен АҚШ оны барынша қолдады. Аймақтағы АҚШ саясатының басты мақсаты – Израильдің қауіпіздігін қамтамасыз ету. Мұның себебі Америка халқының басым көпшілігі, атап айтқанда евангелист христиандар Исаның қайтып келуі үшін еврейлердің Тәурат пен Інжілде оларға уәде етілген жерлерге, дәлірек айтқанда Палестинаға оралуы керек деп сенеді. Бұл сенім АҚШ-тың аймақтық саясатына Израильді қолдау ретінде көрініс табуда. Осы топтың даусын алып 2016 жылы сайланған Трамп 2020 жылы қайта сайлану үшін Израильді қолынан келгенінше көмектеседі. Басқаша айтқанда, бір жағынан АҚШ-тың ішкі саясаты, екінші жағынан Вашингтонның аймақтық және әлемдік үстемдігін сақтауға талпынысы оның Израильді қолдауына себеп болып отыр.
Кеңес Одағының және бүгінгі Ресейдің Израиль-Палестина қақтығысына деген ұстанымына тоқталатын болсақ, Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын және кейін Еуропадағы еврейлердің Палестинаға көптеп көшуі және ондағы арабтарды ығыстыра бастауы Кеңес Одағының «езілген халықтарды қолдау» ұранына сай Мәскеу арабтар жағында болды. Қырғи-қабақ соғысы жағдайындағы КСРО мен АҚШ текетіресінде Кеңес Одағының Палестинамен қатынасы одан сайын күшейе түсті. Бүгінгі Палестина президенті Махмуд Аббастың 1970 жылдардың соңында КСРО-да білім алып, тіпті сонда ғылыми дәрежесін де қорғағаны белгілі. 1967 жылы Израиль мен Палестина арасындағы алты күндік соғыстан кейін, яғни Израильдің араб жерлерінің көпшілігін басып алғаннан соң Мәскеу Кеңес Одағы-Израиль дипломатиялық қатынастарын тоқтатты. Бұл қатынастар 1991 жылы тек қырғи қабақ соғыс аяқталған соң ғана қалпына келді. Осылайша, өткен ғасырдың 90-жылдары Ресейдің әлемдік державалық мақсаттарынан бас тартуы оның Израильмен қарым-қатынасына оң әсер етті.
2000 жылдардан бастап Ресей қырғи-қабақ соғыстан кейін жоғалтқан позициясын қайтару саясатына кірісті. Осы мақсатта Мәскеу аймақтағы дәстүрлі араб елдерімен қатынасын қайта жандандыра бастады. Алайда қырғи-қабақ соғыстан өзгеше, бұл жолы Ресей Израильмен де ынтымақтастығын арттырды. Мұнда Израильге бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен көшіп барған еврейлер маңызды үлес қосуда. Орыс тілді еврейлер екі елдің арасында дәнекер болып тұр. 2020 жылы 23 қаңтар Израильге барған Ресей президенті В.Путин осы еврейлердің бастамасымен салынған және Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Ленинград қоршауы құрбандарына арналған «Естелік шырағы» ескерткішін ашты.
Мәскеудің аймақтағы белсенді саясаты Ресейді Палестина үшін де, Израиль үшін де таптырмас әріптеске айналдырды. Қысқасы, Ресей ұлы держава ретінде аймақта ықпалды күшке айналуды және Израиль-Палестина сияқты халықаралық мыңызы бар қақтығыста бітімгер ел ретінде басқалардың онымен есептесуін қалайды. Бұл тұрғыдан 2002 жылы Израиль мен Палестина арасында дәнекер рөлін атқарып отырған, Ресей, АҚШ, ЕО және БҰҰ-дан тұратын «Таяу Шығыс төрттігі» форматын Ресейдің жетістігі деп санауға болады.
Ресейдің Сириядағы дағдарысқа әскери араласуынан кейін Мәскеу-Тель-Авив ықпалдастығы одан әрі күшейе түсті. Ресей әскерлерінің Сириядағы операциялары және Сирия/Иран сарбаздарының Израильге қарсы ұстанымының Мәскеу – Тель-Авив арасында дағдарысқа себеп болу мүмкіндігі бар еді. Сондықтан Ресей – Израиль арасында үйлестіру механизмі құрылды. 2018 жылғы 17 қыркүйегінде израильдік ұшақтардың кесірінен құлаған ресейлік ұшаққа байланысты дағдарыс осы механизм арқасында шешілді. Осы кезеңде 2015 жылдан бері Израиль премьер-министрі Бенжамин Нетаньяху Ресейге 14 рет барды. Тіпті 28 қаңтарда Трамппен бірге «Ғасыр келісімін» жариялағаннан кейін Б.Нетаньяху төте В.Путинмен жолығу үшін Ресейге келді. Бұл жағдай Мәскеудің аймақта шешуші ойыншы екендігін көрсетеді.
Аймақтағы мұсылман елдерінің де Израиль-Палестина қақтығысына деген ұстанымдарына тоқтала кеткен абзал. Мысыр, Сирия және Иордания сияқты араб елдері әу баста «бауырларын» іс жүзінде қолдаған, тіпті Палестина үшін Израильмен соғысқан. Сондықтан әуелі қақтығыстың аты «Араб-Израиль қақтығысы» деп аталатын. Алайда, АҚШ-тың аймақтық саясаты мен Израильдің әскери жеңістерінің нәтижесінде арабтар арасындағы ауызбіршілік бұзылды және қақтығыс «Израиль-Палестина қақтығысына» айналды. Араб емес мұсылман елдердің арасында Пәкістан, Иран және Түркияның қақтығысқа белсенді араласқысы келетіндігі байқалады. Әсіресе соңғы кезде Иран мен Түркияның бастамаларын айтуға болады. Дегенмен мұсылман елдердің барлығы тек мәлімдеме жасап, сөз жүзінде ғана қолдаумен шектеледі. Атап айтсақ, Түркия мен Иран Д.Трамптың «Таяу Шығыс жоспарын» сынға алып, оған қарсы нақты қадам жасау керектігін талқылап жатыр. Бірақ бұл елдердің АҚШ – Израиль одағына қарсы шығатын қауқары жоқ. Ал 2020 жылы 1 ақпанда Каирде бас қосқан Араб елдері лигасы жоспардың халықаралық құқыққа теріс және бұл жоспарға мүлдем қарсы екендігін мәлімдеді. Бұл мәлімдеменің де бұрынғы мәлімдемелер сияқты тек қағаз жүзінде қалатыны белгілі.
Қорыта айтқанда, Д.Трамптың ұсынып отырған «Ғасырдың келісімі» Израиль-Палестина арасындағы дауды одан сайын шиенелістірмесе, оң шешуі мүмкін емес. Мұсылман елдерінің халықаралық құқықты сақтау туралы мәлімдемелері АҚШ-қа да, Израильге де әсер етпейді. Ресей сияқты ірі державалар да тек өз мүддесі шеңберінде әрекет етеді. Сөздің түйіні, Иерусалим мәселесі мен Израиль-Палестина қақтығысы халықаралық саясаттың «халықаралық құқық», «адам құқықтары», «қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу» сияқты құндылықтар негізінде емес, «ұлттық мүдделер», «әскери күш» пен «геосаясат» негізінде жүзеге асатынын тағы да бір рет еске түсіріп тұр.
Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК,
Анкарадағы АНКАСАМ зерттеу орталығы Еуразия бөлімінің басшысы