Иә, өкінішке қарай жасөспірімдер арасында болмашы даудан басталған жанжалдың соңы біреуінің майып болуына соқтыратын оқиғалар жиілеп тұр. Балалардың өмірі, денсаулығы және әл-ауқаты – елімізде басымдық беріліп отырған бағыттың бірі. Дегенмен, бүгінгі таңда назар аударатын, уәкілетті органдардың жұмысына түзетулер енгізуді талап ететін бірқатар мәселе бар.
Мысалы, балаларды зорлық-зомбылықтан, соның ішінде жыныстық қол сұғушылықтан қорғауды қамтамасыз ету мәселесі, балалар суицидін алдын алу тетіктерінің тиімді жұмыс істемеуі өзекті. Тек соңғы жылда Түркістан облысында прокурорлар кәмелетке толмағандар туралы заңнаманы бұзудың 120-дан астам фактісін анықтап, бұл бұзушылықтарды жоюға бағытталған 67 ықпал ету шараларын қабылдапты. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу, тұрмыстық қиын жағдайда жүрген отбасылармен және балалармен жұмыс істеуде кемшіліктер де жоқ емес. Түркістан облысында алғаш рет өткен «Қауіпсіз балалық шақ» ашық форумында жоғарыда аталған деректер, көтерілген мәселелермен қатар атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесі де мәлім етілді.
Өңірде өткен жылы балалар арасындағы суицид 9,5%, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс 22,7%, кәмелетке толмағандармен жасалған құқық бұзушылық 4,4%, оларға қатысты жасалған қылмыс 7,7%-ға төмендеген. Былтыр 732 бала облыстық ювеналды полиция есебінде тұрған, ал алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 739 болатын. Алдыңғы жылы облыста жасөспірімдер арасында 106 (41-і аяқталған, 65-і оқталған) суицид оқиғасы тіркелсе, 2019 жылы 80 (38-і аяқталған, 42-сі оқталған) оқиға тіркеліп отыр. Бүгінгі таңда «REFRAME» тұлғалық дамыту орталығымен облыстағы барлық 1277 педагог-психолог «Бестерек» жобасы аясында жасөспірімдердің арасында суицидтің алдын алу бойынша курстардан өтуде. Оған жергілікті бюджеттен 44 млн 695 мың теңге қарастырылған. Сонымен қатар оқушыларды қосымша біліммен қамтуды 70 пайызға жеткізу мақсатында 11 ауданда «Оқушылар үйлері» ашылуда. Облыс әкімі, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қала, аудан әкімдері, құқық қорғау және бақылау органдарының басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еріктілер қатысқан форумда облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров кәмелетке толмағандардың проблемалық мәселелерін барлық мүдделі органдар және қоғам өкілдерімен ашық диалог форматында талқылаудың өзектілігі мен қажеттігін атап өтті. Прокурор, сондай-ақ қазіргі таңда құқық бұзушылықтың профилактикасы алдыңғы қатардағы мәселелерге енгенін айтып өтті. Ашық форум алаңында балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін, оның ішінде балаларды өзіне-өзі қол жұмсауға итермелейтін және басқа да теріс әрекеттер жасау ниетін туғызатын ақпаратты таратуға қатысты мәселелер де қозғалды.
Облыста 0-18 жас аралығында 853 мың бала бар. Олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, жалпы орта біліммен қамту бойынша облыстық бюджеттен 51,5 млрд теңге қарастырылған. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаевтың айтуынша, өңірдегі 905 мектептің 681-і типтік, 172-сі ыңғайластырылған, 52-сі саманды. Соңғы кезде балалар қауіпсіздігіне қатысты жиі айтылып жүрген дәретхана мәселесі толық шешімін табуы үшін қаржы керек. Орта есеппен 584 мектептің ішкі дәретханасын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге жалпы 3 млрд 796 млн теңге, ал 172 мектептің сыртқы дәретханасын ішке кіргізуге жергілікті бюджеттен 946 млн теңге қаржы қажет. Сонымен қатар басқарма басшысының айтуынша, 716 мектепке септик және су кіргізу орта есеппен 2 млрд 076 млн теңгені қажет етеді. Мектептердің қоршауларын қайта жарықтандыру, ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары да қаржыға қарап тұр. Өңірде 85 елді мекенде мектеп жоқ, ондағы күнделікті тасымалданатын балалардың саны – 6623. Осыншама балаға бүгінде 160 автобус қызмет көрсетеді, тағы 50 автобус қажет. Басқарма басшысының айтуынша, автобустардың қажеттілігін шешу үшін облыстық бюджеттен 550 млн теңгеге сұраныс берілген. «Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес, 15 қаңтар мен 15 ақпан аралығындағы «Қауіпсіз мектеп автобусы» акциясы іске қосылып, аудан, қала әкімдіктері өздеріне берілген тапсырмаларды орындауда. Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті, санитарлық талаптарды күшейту мақсатында мекемелердің кіреберісіне турникеттер орнату, мекеме аумағын бейнебақылау жүйесімен толық қамту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша бейнебақылау орнатылған мектептер саны 883-ке жетті. Алайда облыс мектептерінде орналастырылған бейнекамералар бүгінгі таңда ескірген, кіреберіске, дәлізге және фойеге ғана орнатылған. Министрліктің талабына сәйкес бейнебақылау жүйесін толығымен жаңғыртып, облыстағы мектептердің әрқайсысына 10 данадан бейнебақылау құралы орнатылуы және олар мектеп аумағын (асхана, әжетхана), спортзалды және кітапханаларды қамтуы тиіс. Қауіпсіздік мәселелерін толық іске асыру мақсатында басқарма мен полиция департаментінің келісімі бойынша бейнебақылау камералары жергілікті полиция жүйесіне қосылуы қажет», дейді Р.Жолаев. Бұл орайда бейнебақылау жүйесіне 632 млн теңге қажет екен. Бұдан бөлек, облыстағы жалпы білім беретін мектептерде турникет мүлдем орнатылмаған. Ал 1 мектепке турникет орнату – 11 млн теңгені қажет етеді, яғни жалпы қажетті қаржы – 1 млрд 617 млн теңге.
Айта кетелік, өңірде ішкі істер органдарында есепке алынған балаларды тәрбиелеп, психологиялық көмек көрсету мәселесіне ден қойылған. Осы орайда облыс әкімдігінің қолдауымен бастау алған «Бес терек» жобасы жүзеге асуда. Бес түрлі маманның біріккен зерделеу жұмыстары жақсы нәтиже беріп отыр. Жаңа жобаға басқа облыстар да қызығушылық танытуда.
Түркістан облысы