Абай • 18 Ақпан, 2020

Таным мен тағылым

929 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» конференц-залында «Ұлттық кеңес. Ұлттық ынтымақ пен ықпалдастық аясындағы Абай тағылымы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Таным мен тағылым

Іс-шараны Еуразиялық интеграция институты мен Президент жанындағы Орта­лық коммуникациялар қызметі ұйымдастырды. Оған Президент жанындағы Ұлт­тық сенім кеңе­сінің мүшелері, үкі­меттік емес ұйымдардың өкіл­дері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысу­шылар Абайдың қара сөздері мен өлең­дерін талдай отырып, қазіргі қоғам­да жаңа сая­си мәдениет қалып­тастыру тұ­жы­рымының төңіре­гінде бір­шама ойларын айтты. Қазіргі қоғамда қандай проблемалар бар, оларды қандай жол­мен шешу керек деген тұрғыда Абай шығармашылығының өзекті­лігіне назар аударылды.

 Іс-шараны жүргізген Прези­дент жанындағы ҰҚСК мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саиров жаңа сая­си мәдениет қалыптастыру тура­лы өз ойларын былайша өрнектеді: «Қазіргі таңда тек қана заң­дар­ды механикалық өзгерту, әлеу­мет­тік дұрыс шешімдер қабылдау немесе экономикада «голлан­дық ауруды» жеңу аз. Ең негізгісі  біз гуманитарлық саланы тере­ңірек қарап шығуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда ұлттық кеңес жұмысының аясы ағымдағы мәселелерді шешу ғана емес, рухани мәселелер мен әдет-ғұрыптық мәселелер де болашақтың еншісіне қалмауы тиіс. Адамның жүріс-тұрысы, ойлауы, қарым-қатынас мәдениеті саяси процестерге тікелей әсер етеді. Сондықтан бүгінгі саяси процестерді жетілдіру үшін бізге Абай керек. Ал Абайдың негізгі императиві – бүгінгі таңда өте өзекті болып тұрған теңдік, әділеттілік және ұлттық ықпалдастық». Сая­саттанушы қоғамымыздағы ең негізгі проб­лема ретінде бас­қа­ның ойына, мәдениетіне, іс-әре­кетіне төз­беушілікті атады. Қо­ға­­мы­мызда қарама-қайшы про­цес­­тер жүріп жатқанын азамат­т­ар­дың бір жағынан демократия­ны қалағанымен, екінші жағы­нан бас­қаның ойын талақ еткісі келіп тұратынымен байланыстыр­­ды. Қоғамдағы өте түйткілді мәсе­ле­лер­дің бірі ретінде жастар­ға, балаларға қатысты зорлық-зом­былық мәселесі екенін де жет­кізді. «Елімізде жастарға, балаларға қатысты әлім­жет­тік өте жоғары. Өкінішке қарай қақты­ғыс, шиеленіс әлеуеті де жоғары. Бұл шиеленістің өз парадоксі бар. Адамзаттың дамуы осы шие­леністі шешуден тұрады. Шие­леністі өркениет­ті түрде, диа­лог­пен шешудің мәдениетін қалып­тас­тыру керек. Шын мәнінде ел қауіпсіздігі­не басқа ұлттар мен ұлыстар емес, кедейшілік, оқы­ма­ғандық, әлеуметтік әділет­сіздік кері әсер етеді», деді ол.

Қоғам қайраткері, Прези­дент жанындағы ҰҚСК мүшесі Сейдах­мет Құттықадамның пі­кірінше, Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесі қалың жұртшылықты диалогке үндей­тін бірден-бір орган. Ол осы тұста Президент­ке сенім білді­ретінін де баяндады. «Біз әлеуеті өте жоғары ха­лық­пыз. Біздің аза­мат­тар қан­дай ортадан да жарып шы­ғады. Бірлі-жарым болса да Гол­ливудты мойындатқан қазақ­тар бар. Мәскеуден шыққан миллиар­дерді айтайық. Чехияда қазақ қызы министр болды. Димаш шықты арамыздан. Бізге өз ұлтымыздың мүддесін жоғары қоятын кез келді. Көпұлтты деген сөзді қою керек. Жердің, елдің иесі – қазақ», деп түйіндеді сөзін қоғам қайраткері.

Ал «Абай академиясы» ҒЗИ директоры Ерлан Сайлаубай Абайдың отыз бірінші қара сөзінде айтылатын уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күл­кі­шілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу сынды ой кеселдерінің қазір де маңызды екенін, бұның ғылым-білімді дамытпайтынын айта отырып, жастардың кеңіс­тіктегі жаңа технологиялар­ды игеріп, сұраныстарға жауап бере алатындай маман болып қалып­тасуы керектігіне тоқ­талды. «Өт­кен ғасырдың 60-шы жылдары қоғамы­мызда үлкен құндылықтар жасалды. Қазақ руханиятының ірі өкілдері ұлтымыздың өзін-өзі айшықтауына зор еңбек сіңірді. Соларды оқыған біздер кескін-кейпімізді, ойымызды жоғалт­қанымыз жоқ», деген Е.Сай­лау­бай жастардың алға ұм­тылуы қажеттігін айтып, оларды жал­ған беделден, құр мақтаннан сақ­тандырды. Адамның қадір-қасиеті қарапайымдылық пен парасатта екенін жеткізді.

Дөңгелек үстелге қатысқан басқа да қоғамға танымал, айтары бар ғалымдар мен саясаттанушылар, Ұлттық сенім кеңесінің мүшелері қазіргі қоғамға тән қара­ма-қайшылықтар, мәсе­лелер жөнінде тереңнен ой қоз­ғап, Абай айтқан универсал құн­ды­лықтарды сіңірудің жолдарын көрсетті.