Руханият • 18 Ақпан, 2020

Есқараның Таня – Тана әжесі

1104 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сейіт Бегежанов пен Татьяна Труштың отбасын Есқара ауылының тұрғындары әрдайым құрмет тұтады. Соғыс кезінде табысқан бұл екі жанның махаббат тағдыры арнайы кино түсіретіндей-ақ ерекше.

Есқараның  Таня – Тана әжесі

«Мамам Кубань жерінде өс­кен. Соғыс басталғанда ма­ма­м­­­н­ың әкесі Афанасий Труш пен анасы Прасковья Хмара өмір­­­­ге Анна, менің мамам Татья­­на, інілері Афанасий, Иван, сіңлісі Софьяны әкел­ген бес балалы украин отба­сы бо­­­лыпты. Немістер дерев­ня­ға ба­сып кіріп, әкесі Афана­сий мен інісін көз алдарында атып кетеді. Екінші інісі Иван құтылып шығады. Ма­мам сол соғыс жылдарын ес­ке алғанда «деревнямның тас-талқа­ны шыққаны, әкем мен інім­нің қазасы үшін кетпес кек қалды жүрегімде. Өз ер­кіммен майданға баруға сұ­ран­дым» дейтін», деп бастады сөзін Бегежановтардың кіші қызы Луиза. Сөйткен Т.Труш кейін 1944 жылы 20 жасында Тимошевская стансасындағы май­дан госпиталіне медбике бо­лып қабылданады.

Сейіт Бегежанов болса 1917 жылы дүниеге келіп, 1939 жылы Алма­тыдағы педагогикалық инс­­титутты тәмамдайды. Пав­ло­­дар педагогикалық учи­ли­ще­сін­де сабақ береді. Соғыс бас­талған кезде әскер қатарына ша­­қырылып, Сталинград шай­қа­сына қатысады. 1943 жылы Қызыл Жұлдыз орденімен, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталады. Батальон командирі болыпты.

Татьяна 4-ші Украин майданына қатысушылар құрамында госпитальге медбике болып ке­ле­ді. «Снаряд, бомба жарылы­сы құлағымнан күні бүгінге дейін кетпейді. Шабуыл жүріп жат­­қан аймақтан жаралыларды алып шығуға жүгіреміз. Көз алдым­да талай жауынгер мерт болды» деп еске алатын мамамыз», дейді Луиза.

...1944 жылы госпитальді Румынияның Сенай стансасына көшіреді. Татьяна Труш медсестра болып жүрген гос­пи­­тальды Керчен бұғазы ар­қы­лы Румынияның Сигат қала­шығына жеткізеді. Осы қала­шық­ты қорғаймын деп жүріп ұрыста С.Бегежанов ауыр жара­ла­нады. «Жолдас капитан! Сіз жа­ра­лысыз! Санитарлық ин­с­трук­тор Трушпын», деген мед­бике қыздың дауысын ес­ти­ді. Т.Труш болса батальон командирі С.Бегежановты сүй­реген күйі госпитальге жет­кі­зіп­ті. Майданда туған махаббат тағдыры осылай басталады.

Госпитальде кешкілік би кеші өтеді екен. «Санбатта» жа­тып емделіп шыққан капи­тан С.Бегежанов бір күні Т.Трушты биге шақырады. Жас мед­бике комбатпен билеу­ге жү­рек­­сін­ген­діктен, оның құр­бы­сын құ­шақтай алып, билеп кетеді. «Қарасам, екі көзі менде. Содан би кешінен соң кездестік. Арада бір айдай уақыт өткенде комбат маған сөз салды. Әкелеріңе келісім беріп, қосылдық та, Есқарадан келіп бірақ шықтым ғой!» деп еске алушы еді мамам», дейді Луиза.

Сейіт атамыз украин қызы­мен қосылып, үйлен­ген­де­рін айтып, әкесіне хат жазады. Соғыс аяқталған соң жас жұ­бай­лар 1946 жылы Павло­дар­ға келіп жетеді. Ауыл тұрғындары Таня келіндерін көріп, көңіл­де­рі толады. Уақыт өте келе Т.Труш ауылда дәрігерлік қыз­мет атқарды. Олардың ша­ңы­­ра­ғында Жұмабай, Максим, Еркінбай, Марат, Мұрат, Болат есімді 6 ұл, Алма, Роза, Свет­ла­на, Луиза атты 4 қыз дүниеге келеді. Бегежановтар әулетінен бүгінде 27 немере, 8 шөбере өрбіп отыр. 1967 жылы 3 шілдеде Т.Трушке «Батыр Ана» атағы бе­рілді.

Бала-шағаның қызығына қанып, әулетінің мәуелі бәй­те­ре­гіндей болған Сейіт атамыз өкі­нішке қарай, 1990 жылы өмір­ден өтті. 2004 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Т.Бегежанова апамызға «Алтын Алқа» табысталды. Араға жыл салып, 2005 жылы сол кездегі Украина Президенті Л.Кучма Т.Бегежанованы «60 років визволенння Украіни від фашистських загарбників» деген медальмен марапаттады.

Өмірдің ащы-тұщысын бір кісідей көріп, үлгі тұтар ұр­пақ өсірген Таня әжей 87 жас­қа келген шағында өмірден озды. «Иә, мамам марқұм, Есқа­ра ауылының Тана әжейі еді. Ауылдас ағамыз Темірхан Рамаз­анов майданда туған әке-шеше­міздің махаббаты жайлы жазды. Соғыс кезінде әкем мен шешемді табыстырған мөлдір сүйіспеншілік, махаббаттан біз өмірге келдік қой. Қайтыс болғанда Тана Ис­ах­мет келіні деп жазып, зи­­ра­­тына жерледік. Әкемнің және енесінің қасында қатар жа­тыр. Мен де, аға-апайларым да Краснодар өлкесінде, Киевте тұратын шешемнің туыс­қан­да­рымен араласып тұра­мыз. Бала кезімізде жазғы демалыс күндерін пайдаланып, Крас­но­дар мен Киевке жиі баратынбыз», дейді Луиза.

Соғыс өртін көрген махаб­бат тағдыры міне, осындай. Сейіт Бегежанов пен өмірге 10 бала әкелген Таня әжемізге арнап, әкімдік тарапы Есқара ауылында, аудан орталығы Железинка ауылында мемориалдық тақта, махаббаттың, ерліктің символы ретінде ескерткіш орнатса – ұрпақ атынан жасалған тағзымның ұлық үлгісі болар еді дейміз.

 

Павлодар облысы,

Железин ауданы