Күшті Президент. Елбасы Н.Назарбаевтың күш-жігері арқасында Қазақстанда Президенттік институт толыққанды қалыптасты. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде осыған дейін қалыптасқан саяси жүйе мен мемлекеттік саясаттың сабақтастығын сақтай отырып, ұзақ мерзімді келешекте саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуді мақсат тұтып отыр. Президент әлемде жаңа дәуірдің басталуын сезінетін реформатор ретінде тиімді мемлекет қалыптастырудың бірден-бір жолы – Қазақстанда түбегейлі саяси өзгерістер жасау деп біледі. Ол үшін Президент елімізде көп партиялылық, саяси бәсекелестік пен пікір алуандығын дамытуға басымдылық беруде. Ендігі жерде саяси реформаларды қолға алмайынша, экономикалық реформаны әрі қарай дамыту да мүмкін емес. Саяси қондырғы экономикалық қайта құруларға сәйкес болуы қажет. Яғни біз әлеуметтік-экономикалық және саяси өрлеу арқылы ғана бүгінгі заманның сын-тегеуріндеріне төтеп бере аламыз және реформаларды тұралатпай жалғастыруға жағдай туады. Сонда ғана Қ.Тоқаевтың нәтижеге бағдарланған «Президент ретінде маған ең маңыздысы экономикалық дамудың жалпы сандық көрсеткіштері емес, біздің барлық азаматтарымыздың нақты дәулеттілігі» деген саяси ұстанымы іске аспақ.
Президент мемлекеттік органдардың жұмысындағы басымдықтардың қатарына қоғамдық диалог, ашықтық пен көпшіліктің мұқтаждары мен тілектеріне жедел түрде жауап қайтарып, нәтижелі әрекет етуді жатқызады. Өйткені Мемлекет басшысын тұрғындар арасында мемлекеттік органдардың қызметіне көңілдері толмай, қалың бұқара арасындағы наразылық деңгейінің өсуі және барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер арасында тұрғындардың мұң-мұқтажына деген «тас кереңдік» пен жабықтықтың белең алып отырғаны алаңдатады. Бұл құбылыс әлеуметтік-қоғамдық мәселе шеңберінен шығып, саяси сипат алып барады. Жағдай осы бағытта өрби берсе, мемлекеттің саяси жүйесінің тұрақтылығы мен қоғамдық келісімді нығайту сағымға айналуы әбден мүмкін. Өйткені адамдардың мемлекеттік органдардың әділетсіз шешімдеріне наразылық білдіруі сол органдардағы жүйелі проблемалардың бар екендігін көрсетуде. Бұл мемлекеттің беделіне нұқсан келтіріп, оның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретіндігі айтпаса да түсінікті. Ендеше Президент оны тек осылай ғана бағалап, тиісті шешім қабылдау қажеттігін ескертеді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың президенттік биліктің күшін арттырып, беделін нығайтуға бағытталған ұтымды шешімдерінің бірі – қоғамдық келісім жөніндегі Ұлттық кеңес құруы болды. Ондағы мақсат – билік пен қоғам арасындағы бар мәселелерді диалог орнату арқылы шешу және екі арада пайда болған алшақтықты қысқарту, оны жақындатуға бағытталған кешенді іс-шарларды қолға алу.
Адамдарды елдегі мәселелерді биліктің қалай шешіп жатқандығы, қоғамда қандай ахуал қалыптасып отырғандығы, билік органдары мен тұрғындар арасындағы шиеленістің күш алып кетуі мүмкіндігі толғандырады. Қазір халықты бос сөзбен, есепсіз кеңес өткізіп, оның пікірін ескерусіз үстірт шешімдер шығарып, құрғақ уәде берумен алдауға болмайтынын түсінетін уақыт жеткен сияқты. Қазір адамдар бұрынғыдай емес, мүлдем басқа. Ал қоғам биліктің тең құқықты серіктесі ретінде елдік мәселелері бойынша үнқатысу үдерісіне атсалысу дәрежесіне жеткендігін көрсетіп отыр. Олай болса, билікке де бүгінгі қалыптасып отырған жағдайды қайта қарауына тура келеді. Ол да өзін өзгертуі қажет.
Түпкі мақсат – стратегиялық мәселелер бойынша шешімдер қабылдаған кезде тұрғындардың көпшілігінің пікірін ескеру. Сонда ғана биліктің халық алдындағы беделі өсіп, жауапкершілігі артады. Ендеше билік жауапкершілікті болу үшін дамыған азаматтық қоғам керек. Сондықтан Қ.Тоқаев азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі Концепциясын әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Осы мақсатта 2020 жыл Волонтерлер жылы деп жарияланды. Бұл Тұжырымдама мен шешім қазіргі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі болып отырған азаматтарға өмірлік ұстаным мен әлеуметтік белсенділік дағдыларын бойларына сіңіруді және азаматтық қоғамды нығайтуды көздейді. Мемлекет басшысы бұл мәселенің де бағыт-бағдарларын көрсетіп отыр. Оның ұстанымы бойынша билікке қоғаммен кері байланыс орнатуда пікір алуандылығына басымдылық берілуі шарт. Мұның басты бағдарын да Мемлекет басшысы айқынды: «Әртүрлі пікір, біртұтас ұлт» немесе «Ұлттың бірлігі – оның алуан түрлілігінде». Билік халыққа берген уәдесінде тұрып, өзінің осы басты борышын орындауы арқылы Қазақстанда ұлттық бірлік пен қоғамдық тұрақтылықты сақтай алады.
Қоғамдық тұрақтылықты нығайту әділетті әлеуметтік саясат жүргізуге тікелей байланысты. Сонымен бірге қоғамды әлеуметтендіруде мемлекетіміздің ұстанып отырған рухани бағдарының да маңызы зор.
Ықпалды Парламент. Өткен ғасырдың 90-жылдарының аяғы мен 2003-2007 және 2017-2019 жылдардағы елде жүргізілген саяси модернизациялау үрдісін басқарудың президенттік-парламенттік түріне өтудің бастауы деуге негіз бар. Парламенттің құзіреті күшейді, заң шығарушы органды құрудағы партиялардың рөлі артты, мәслихаттардың ықпалы нығая бастады. Ықпалды Парламент жайлы сөз қозғағанда Мемлекет басшысы жоғарыда әңгіме болып отырған азаматтық қоғамды нығайтуды сол үдеріске өзекті жалпымемлекеттік міндеттерді шешу мақсатында тұрғындарды тартуды айтып отыр. Егер қоғамды алаңдататын негізгі мәселелер дәл осы Парламент қабырғасында және азаматтық диалог аясында талқыланып, өз шешімін тауып жатса, ол проблемалар көшеге шықпас еді дей келе, Президент осы тұрғыда елдегі көппартиялық жүйені одан әрі дамытуға және еліміздің жетекші саяси күші Nur Otan партиясының сындарлы бағыттағы басқа да саяси партиялар және қозғалыстарымен серіктестік орнатуына үлкен мән береді.
Өкілдік органның іргетасы оның есеп беруге міндеттілігінде. Олай болмаған жағдайда ол ұзақ мерзімдік тұрақсыздыққа ұшырауы әбден мүмкін. Парламенттің есеп беруі ең алдымен сайлаушылар алдындағы жауапкершілігінен басталады. Ендеше халықпен тығыз байланыс орнату арқылы ғана бар проблемалардың кескінін дәл анықтап, оларды депутаттардың ой-елегінен өткізіп, шешімі табылмай жатқан мәселелерді еңсеру үшін оған заңнамалық негіз жасауға болады. Сонда «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы 2017 жылғы конституциялық реформамен толықтай өзара байланысып, онымен үйлесімдік табады.
Парламент ең алдымен халықтың сұрауын түсінуі, азаматтардың нені ойлап, нені қалайтынын, әртүрлі әлеуметтік топтарды қандай мәселелердің мазалайтынын толық білуі керек. Ол пікірталасқа бейім болуы тиіс. Сонда ғана ол Үкіметке тақырыптарды дұрыс анықтап беріп, оны дәл жеткізуге мүмкіндік алады және оның алдына өзекті сұрақтар мен мәселелерді орынды және жөнімен қоя білетін болады. Ол үшін заң шығарушы және атқарушы билік арасында жасанды текетірессіз өзара сыйластық және іскерлік қатынастың болуы шарт.
Қоғамдық диалог пен сенім айлағына айналып отырған Ұлттық кеңес аз уақыттың ішінде Қазақстан азаматтарын толғандырып отырған көптеген әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, құқықтық мәселелерге жауап іздеп, нақты ұсыныстар деңгейіне шыға алды. Сөйтіп Ұлттық кеңес халық пен билік арасындағы көпірге айнала бастады. Саяси бәсекелестікті дамытудың, балама көзқарастар мен пікірлердің, парламенттік оппозиция институтының болуы демократияны дамытудың басты талабы екендігін, митингілер туралы хабарлау жүйесіне көшу мен оны өткізу мәдениетін қалыптастыру қажеттігін қоғамдық санаға сіңіре бастады. Ең бастысы – бұл көзқарастар құр айтылған күйінде қалатындай сөз емес, олар заң жүзінде орындалатын ұстанымдар мен нақты мемлекеттік саясат болмақ. Парламенттік оппозиция институты енгізілсе, елімізде көп партиялылықты, соның ішінде саяси азшылықты дамытуда да жаңа серпілістің пайда болары анық.
Қазақстанда демократиялық үдерістерді одан әрі дамыту мәселесінде нақты қадамдар жасалды. Осының барлығы Қ.Тоқаев атап өткендей, билік пен азаматтық қоғамды бөліп, оны ыдырату үшін жасалып отырған амал емес, керісінше, бұқара халықты демократияны дамыту мен жасампаздыққа қызмет етуге жұмылдыратын зор жауапкершілік және қоғам дамуының басты бағыты болмақ.
Есеп беретін Үкімет. Бұдан былай Үкімет өзіне тиісті міндеттердің барлығын шешуді өз мойнына алуы қажет. Ол нақты нәтижелерге жету бағытындағы жұмысына пәрмен беріп, әлеуметтік саясатта бетбұрыс жасауы керек. Жаһандану заманында тұрғындар биліктен құр уәдеден гөрі, нақты істі күтеді. Оның үстіне қалың бұқара Үкіметтен өзінің үніне құлақ асуын күтеді. Ендеше ол тұрғындармен байланысын нығайтып, туындаған мәселелерді дер кезінде шешіп, алдына қойған міндеттерін сапалы орындап, ол туралы тұрақты түрде халық алдында есеп беріп отырғаны жөн. Президент Қ.Тоқаев айтқандай, билік органдары уәде берумен әуестенбей, нақты іс істеуі керек. Егер осындай ұстанымға Үкімет мүшелері мен әкімдер де берік болса, нәтижелеріміз еселене түсері сөзсіз. Яғни басты мақсат – халықпен байланысты үзбеу, оны жоғалтып алып, сенімнен жұрдай болып қалмау.
Жалпы, ашық үкімет ұғымы тар шеңберде қарастырылып жүр. Ол мемлекеттік органдардың сайттарында ақпараттың онлайн түрінде лық толып тұруы немесе ақпарат алуға қолжетімділік құқығын қамтамасыз ету ғана емес. Халықаралық талаптарға сәйкес ол ашықтылық, есеп беру және қоғамдық қатысу дегенді білдіреді. Ол сонымен бірге министрліктер мен ведомстволардың, аймақтық басшылардың блогтарына берілген сұратымдарға жауапты дер кезінде және нақты нәтижесін толыққанды көрсетуді аңғартса керек.
Оны айтып отырған себебіміз, орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының азаматтардың сұранысына жауап бермеуді, өз қызметтері туралы ақпаратты таратуғы құлықсыздық танытуды және бюджеттік шығындарды көрсетудегі ашықтықтың онша алға баспай отырғандығының жалғасып келетіндігі, өкінішке қарай, әлі де баршылық. Қоғамдық ұйымдар мемлекеттік органдардың сайттарын зерттеудің нәтижесінде министрліктер, әкімшіліктер мен оларға қарасты мекемелердің сайттарынан бұлардың қаражаттық-шаруашылық қызметі туралы ақпаратты таба алмапты. Мемлекеттік сатып алу мен олардың қорытындысы бойынша толтырылатын хаттамалар да болмай шыққан. Мемлекеттік сыңайлы сектордағы жағдай да осыған ұқсас екен.
Конституциялық реформа Үкіметтің, бүкіл атқарушы билік тармағының жауапкершілігін нақтылай түсті. Үкіметке әйтеуір қайта құру жүргізсек болғаны деген пиғылдан, ондай әдеттен толықтай арылғаны абзал. Ол атқарушы билік органы ретінде елдегі іске асырылып жатқан реформалардың тиімділігін қамтамасыз етуге дербес жауап беріп, елдегі әлеуметтік модернизациялаудың жаңа кезеңінің басталғандығын жақсылап түсініп алғандығы дұрыс болар еді. Сол үшін елдегі, соның ішінде аймақтардағы тұрғындардың жағдайы, халықтың пікіріне негізделе отырып нақты бағасын алатындығы жөніндегі тәртіпті Президент Қ.Тоқаев өзінің Жарлығымен бекітіп отыр. Ол деген сөз орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қоғамның қажеттілігін ескеруі міндетті дегенді аңғартады және олардың нақты іс-әрекет жоспарының болуын талап етеді. Ол бізге әлеуметтік және саяси шиеленіс деңгейіне жеткен көптеген мәселелерді шешуімізге мүмкіндік берері анық. Оның, әсіресе жергілікті билік органдары жұмыстарының тиімділігіне көбірек қатысты болып отырғаны да құпия емес.
Сонымен адамдардың Үкіметтің шешімдеріне, әсіресе аймақтарда, қолжетімді болғаны жөн. Бюджет мәселесі жергілікті мәслихаттарда қоғамдық ұйымдар мен тұрғындардың қатысуымен қаралып, шешілгені дұрыс. Ашық және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру экономикалық үдерістің жариялылық, айқындық жағдайында жүруін талап етеді. Ол есеп беруде көрініс тауып, мемлекеттік органдардың өз уәдесіне беріктігін, өз есебіне деген жауапкершілігін, халықтың күтіп отырған үміті орындалмаған жағдайдағы себеп-салдарлардан бас тартпай, өз мойнына алу керектігін көрсетеді. Шешім қабылдағандар сол шешімдері үшін жауап берулері қажет. Осы қадам басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырып, Үкіметтің әрекетін заңдастыра түседі. Бастысы, қазақстандық әр азаматтың елде жүріп жатқан қайта құру үдерісінің қатысушысы ретінде оны ілгерілетушілердің белсенді бір мүшесіне айналуында болмақ.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Білім және ғылым министрлігі Білім комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы