Қазақстан • 18 Ақпан, 2020

Мағзұм Мырзағалиев: Таяуда бірқатар кен орнының өнімі таусылуы мүмкін

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025-2040 жылдарға таман Орловское, Малеевское, Тишинское, Риддер-Сокольное сияқты кен орындарында пайдалы қазба қорларының толықтай сарқылуы күтілуде. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты.

Мағзұм Мырзағалиев: Таяуда бірқатар кен орнының өнімі таусылуы мүмкін

Бүгінгі Үкімет отырысында 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы жайлы талқыланды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы былтыр 5 қыркүйекте Атырау қаласында өткен мұнай-газ саласына қатысты кеңесте баса назар аударды. Негізі елімізде 8 мыңға жуық кен орны тіркелген. Оның ішінде 317 көмірсутек, яғни мұнай, газ, конденсат кен орындары бар. Мұнан бөлек, 910 қатты пайдалы қазбалар кен орны болса, 3 мыңнан астамы кең таралған пайдалы қазбаларға тиесілі. Сонымен қатар 4 мыңға жуығы жерасты сулары кен орны бар», - деді министр.

Оның айтуынша, бүгінгі күні бірқатар өзекті мәселе күн тәртібінде тұр. Соның ішінде соңғы онжылдықта сарқылуы мүмкін кен орындарын қалыпқа келтіру жайында болмақ.

«Атап айтқанда, моноқалалардағы тау-кен кәсіпорындарының шикізат базасының тұрақсыздығы, пайдалы қазба қорларының азаюы және «байырғы» кен орындарында өндіру көлемінің төмен деңгейге түсуі өзекті болып отыр. Мысалы, Қызылорда облысында жыл сайын мұнай өндірудің көлемі 1 млн тоннаға дейін төмендеуде. Осы мәселе таяу арада Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында да болжануда. Соңғы он жылдықта Шығыс Қазақстандағы моноқалаларға жақын орналасқан – Шемонаиха, Юбилейно-Снегирихинское, Зыряновское ірі қорғасын-мырыш кен орындарының қоры түгелдей таусылып, жабылды. 2025-2040 жылдарға таман Орловское, Малеевское, Тишинское, Риддер-Сокольное сияқты кен орындарында да пайдалы қазба қорларының толықтай сарқылуы күтілуде», - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.