Аймақтар • 18 Ақпан, 2020

«Әл-Фараби – Абай: рухани сабақтастық мәселесіне» арналған конференция өтті

517 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дөңгелек үстелде ұлы ойшыл, философ әл-Фарабидің 1150, ұлы ақын Абайдың  175 жылдығы мерейтойларына орайластырылған конференция әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өтті.

«Әл-Фараби – Абай: рухани сабақтастық мәселесіне» арналған конференция өтті

Республикалық конференцияны әл-Фараби орталығының директоры Бекжан Мейірбаев ашып, негізгі талқыланатын мәселелермен таныстырып өтті.

Ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған конференцияның басты ерекшелігі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің Абайдың өмірі мен шығармашылығымен байланысты көрмесімен ұштастырыла өткізілуінде. Аталған музейдің ғылыми хатшысы Раушан Елекенова көрменің барысынан, сондай-ақ музейде жасалып жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарынан да хабардар етті.

Келесі кезекте сөз алған әл-Фараби орталығының ғылыми кеңесшісі, философия ғылымдарының докторы  Жақыпбек Алтаев қазақ жеріне Фараби ілімінің келуінен бастап күні бүгінге дейінгі зерттеу саласындағы жұмыстар жайында баяндап берді.  Сонымен қатар әл-Фараби ілімін зерттеген отандық ғалымдардың шығармашылығынан ақпарат беріп өткен ғалым ұлы ойшыл туралы жарыққа шыққан еңбектер барысына да тоқталды.

Әл-фарабитанушы, абайтанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен студенттер қатысқан конференцияда  «100 кітап» жобасы аясында  ұлы тұлғалардың өмірі мен бай мәдени шығармашылығына қатысты ғылым мен білім берудің әдіснамалық және практикалық мәселелері талқыланды. Оның барысында «әл-Фараби – Абай: рухани сабақтастық мәселесі»,  «Кеңестік кезеңдегі фарабитану,  абайтанудың зерттелуі», «Тәуелсіздік кезеңде фарабитанудың,  абайтанудың  дамуы», «Орта және жоғары білім беру жүйесінде фарабитану,  абайтануды  оқыту» мәселелеріне қатысты мамандардың зерттеулері көпшілік назарына ұсынылды.

 

АЛМАТЫ