Таным • 19 Ақпан, 2020

Қаламгер қолтаңбасы

848 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Қолтаңба... Жо-жоқ, автограф емес, қаламгер Жақау Дәуренбековтің сөз өнеріндегі машық, мәнерін, шығармашылықтағы өзіндік болмыс, бітімін айтамыз. Жақау ағамның жуырда «Қолтаңба» атты кітабы шыққан екен. Осынау эсселер жинағында да автор әңгімесіне өзек етіп алған санаткер һәм зияткер тұлғалардың дәл осындай қолтаңбаларын айшықтап көрсетуді мұрат тұтыпты. Және де сол мұрат-мақсатына жеткен. Міне, бұл арада Жақаңның өзінің де қашаннан бергі, Мұқағали ақын айтқандай, ізденімпаздығы, шығармашылық қолтаңбасы аңдалып, атой салып тұрғандай көрінді бізге.

Қаламгер қолтаңбасы

Жақаңды көзбен көріп, сырттай біле бастағанымызға да, міне, төрт мүшелден асыңқырай жығылып, жарты ғасыр жүзі болыңқырапты. Олай дейтінім, 1970 жылдың тамызында біз кәдімгі Киров атындағы ҚазМУ-дың жур­налистика факультетіне жаңа түсіп, қоңыр күзде аудиторияларға жүрегімізді лүпілдете алғаш қадам басқан кезімізде бұл кісілеріңіз Алматының байтағында өздерін судағы балықтай сезініп, тап осында бесінші, яғни соңғы курста оқып жүр екен. Қызық болғанда, әлі есімде, факультет табалдырығын жаңа аттаған біздің бірінші курстың түбіт мұрттары мен түлеп ұшқалы тұрған бесінші курс тастүлектерінің әдемі кездесуі өткізілді. Бірінші курстан мен, бесінші курстан осы күні есімі елге танымал Шөмішбай Сариев ағамыз өлең оқып еді-ау сол салтанатты жиында. Бізге ақжолтай тілек айтқан аға толқынның ішінде Баққожа Мұқай, Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Бал­ғабаев сынды қазақ әдебиетінің кейінгі аймаңдай мықтыларының болуы ол курстың қаншалықты мықтылығын да аңғартса керек-ті. Сол кезде Баққожа ағам­ның оқумен қосамжарлай «Білім және Еңбек» журналында істейтінін білемін. Өйткені менің бір шағын фантастикалық әңгімем осы кісінің қо­лынан өтіп, ағалық шарапатымен жур­налда жарияланған-ды. Ал негізі кейіпкерге келер болсақ, Жақаң да осал емес, оқуымен қоса, сол кездегі ел-жұрт­­тың ең сүйікті газеті «Лениншіл жас­­тың» білдей бір қызметкері, күн ара­­латып, кейде күн құрғатпай құлаш-құлаш мақалалары шығады да жатады. Қазіргі тілмен айтқанда, жетпісінші жылдардың бас кезіндегі Жақау Дәу­ренбековтің танымалдығына қазіргі ақын-жазушылардың қай-қайсысы да қызыққандай еді десек, ақиқаттан әсте алшақ кетпейміз. Бұл аз десеңіз, жай жөпшеңдінің қолы жете бермес «Жазушы» баспасынан жедеқабыл жүремелетіп «Бөгенауыл балалары», «Алғашқы сабақ» атты тырнақалды кітаптары шығып та үлгерген.

«Ленжастың» әдебиет бөліміне, он­дағы Оралхан Бөкеев пен Сағат Әшім­баев ағаларымызға атбасын жиі­рек бұратын сол бір арманшыл, албырт шақтарда, міне, осындай Жақаңа бетпе-бет келіп сәлем беріп сөйлесуге бат­пайтынымыз да рас-тын. Бойын тік, кеудесін шалқақтау ұстайтындай көрінетін. Әйтеуір сырттай қарағандығы сұсы мен мысы баса беретін-ді. Несі бар, мұндай мықтыға осындай аз-кем тәкаппарлықтың жарасымдығына да іштей ақыр-тақыр келісіп қойғанбыз. Кім білсін, «жүрегімізді ұстап, бір-бір Прометейге ұқсап, Оралхан мен Сағатқа ұшып жететін» біздер үшін бұл мәселенің ол кезде мәні болмаған да шығар, бәлкім...

Ес жиып, ақыл тоқтатып, жақынырақ жұғысқанда білдік емес пе Жақаңнан асқан жаймашуақтың жоқтығын, жа­нының ағыл-тегіл атымтай-жомарт­ты­ғын, пейілінің қазақы кеңдігін, көңі­лінің алғадай алғаусыздығын, адам сүй­гіш, өмір сүйгіш мейірімді жүрегін... Иә, Жақаң осындай болмаса, сонау 1971 жылдың сәуірінде бесінші курс студентіне әйгілі журналист-қаламгер басшы Сейдахмет Бердіқұлов жаңа кітабын: «Қадірлі інім Жақау! Өзіңнің іскерлігіңе риза жаман ағаңның ілтипаты деп білгейсің» деген бейілді қолтаңба жазып берер ме еді, жас өн­дірді осылай жоғары бағалар ма еді!?. Іскерлік дегенде, іздемпаздығын, журналистік бесаспаптығын, қаламының жүрдектігін, көркем сөзді игерудегі биік өресін айтады ғой. Осындай ізгі ағаның ілтипатына сол жаңа бүр жарған жас күнінде-ақ, қаламгерлік тырнақалды қадамдарында-ақ лайықты болғаны ғой. Демек, әу басында Жақаңа жақындай алмай жасқаншақтағанымыз бекершілік екенін білсекші...

Міне, енді содан бергі қаншама бел-белестерден өткен белгілі қа­лам­гер-журналист, баспагер-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Халықаралық «Алаш» әде­би сыйлығының лауреаты Жақау Дәу­ренбековтің жаңадан шыққан «Қол­таңба» кітабын бір деммен оқып шыққанда автордың жан дүниесіне, сезім сырларына іштен үңілгендей әде­мі әсерге бөлендік. Осындағы көркем жаз­ылған, көбіне-көп көздің жасындай мөлдіреп түскен санқырлы эсселерден Бюфонның «Стиль – адам» деген сөзінің шындығына тағы бір көз жеткізгендейміз. Айтса айтқандай-ақ, «Тұлғатану», «Аға­лар мен інілер», «Уақыт және руханият» секілді тарауларға бөлінген кетпектей томдықтың өресі биік. Өзгенің табысына қуануы, жалпы жақсылыққа сүйінуі, қаламынан ізгілік шуағының шалқып төгілуі Жақаңның күнделікті өмірдегі өзі­нің мінезінен, болмыс-бітімінен аумай қалған дерсіз. Кейбір иірімдерде, тіпті, жарқылдап күлгені де көрініп тұ­ратындай. Ж.Дәуренбековтің жазу мә­нерінің бір қыры, бір ғажабы деп бі­лейік мұны. Қаламгердің қалыптасқан қолтаңбасы.

Кітапты тұтастырып тұрған бір алтын арқау бар. Ең әуелі оның кейіп­керлері – еліміздің белгілі тұлғалары, қоғам қайраткерлері һәм замандас-қалам­дас­тар. Осы орайдағы әдеби портреттер әсер­лі жазылуымен, тек Дәуренбековтің ғана стиліне, мәнер-машығына тән өзін­дік өзгеше өрнектермен баурап алады. Кітаптың композициялық түзілімі, желісінің бір кіндікке байлануы ал­уан тақырыптағы әрқилы эсселерді бір шығарма етіп қорытып құйғандай, әдеби эсселер әдеби портреттерге ұла­сады, одан әдеби миниатюралар көр­кем кестеленеді. Бұлар ой кешудің әде­би жазбаларына жалғасып, соның ізінше сонау бір жылдарда қалған сағы­нышты күндердің қаз-қалпындағы қимас суреттері болып сыр шертеді. Әлбетте, осы­ның бәрі ұлт мүддесін сөз еткен әдеби толғамдармен түйінделгенде оқыр­­манның да айызы қанып, кітаптың өне бойында автормен бірге тебіреніп-толғанып отырары да анық.

Беташар эссе Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Нұр мен көлеңке» («Свет и тень») атты кітабы жайлы ой-пайымдарға құ­ры­лыпты. Осынау сараптамалық мақа­ланың бұдан он жыл бұрын жазыл­ғанына назар аударуды сұраймыз. «Тұң­ғыштар мен тұлғалар» десе дегендей, ол кітапта әлемнің атақтылары мен ақыл­­мандары, жаһандық саясаттың сар­­дарлары хақында сарабдал сырлар ағытылыпты. Әлбетте, әуелгі арна Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан тартылады. Одан соң әлемдік саясаттың саяхатына бастайды. Алыстан алдарқатпаған, жақыннан танып білген. Көзбе-көз көріністер, сөзбе-сөз суреттер. Қызмет орайында кездескен, кеңескен, терезесі тең отырып сөйлескен. Көбіне-көп сырт­қы саясаттың тізгінін ұстаған, елдің бо­лашақ президентінің сол кездерде түйген ойлары. Зерделі көкіректің ай­насына түскен ақжолтайлар кім де­сеңіз, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс, БҰҰ-ның жетінші бас хатшысы, тегі африкалық ақсүйек Кофи Аннан, көп жылдар Қытай билігінің тізгінін ұстаған Цзян Цзэминь, Ресейдің бұрынғы тұлғалы президенті Борис Ельцин, Сингапурдың ұлт атасы атанған ұлы реформатор Ли Куан Ю, т.б. болып тізіліп кете барады. Тартымды кітап­тың тағылымын Ж.Дәуренбековтің жет­кізе таратып айтқаны сондай, осынау танымдық еңбекті оқып шығуға оқырман құштарлығын оятқандай. Ондағы кенен ойларды, кемел тұлғаларды көз алдына келтіреді. Талдай отырып кітаптың ішкі әлеміне өзіңді жетелеп кіргізіп жібер­гендей әсерленудің өзі бір ғанибет емес пе. Әне, Жақаң осындай шеберлікті меңгергендігін байқаймыз.

«Шеше» деп аталған келесі дүниеде қазақ еліне танымал қайраткер Қуа­ныш Сұлтанов өмірінен бір үзік сыр шертіліпті. Дұрысында, негізгі обьектісі – кейіпкерінің «Заман және замандас­тар» деген кітабы. Бірақ біздің арпа ішінен дәйім бидай іздейтін авторы­мыз жалпыдан жалқыны айыра біле­тін, жалқыдан жалпыны таратып әке­тетін сұңғылалықтан бұл жолы да жа­ңылмапты. Сұлтановтың қаламгерлік қа­рымын толғай отырып оның адамдық болмысына бойлапты. Жас кезінде жар дегенде жалғыз шешесінің жанында жүріп қиындық мектебінде шынығып шыңдалғанын, ширағанын, кейде ши­рыққанын, сөйтіп шарықтағанын өз әң­гімесінің әдібімен әдемі баяндайды.

Бір адамның толыққанды тұрпатын, образын ашып көрсету үшін оның барлық қасиет-қырларын түгел тү­гендеп, тәптіштей тізбелеудің қажеті жоқ. Азаматтың бір жақсы ісін айтса жеткілікті екен. Нақ осының айғағын да «Қолтаңбадағы» «Мәрт» атты мән­ді де мағыналы суреттеме-эсседен көре­міз. Кезінде Алаштың айкөл азаматы Иманғали Тасмағамбетов қазақтың өтпе­лі кезде өгейсітіліп, жабырқап жүрген ақын-жазушыларының жүз кітабының жарық көруіне жанашыр болып, ел аңыз қылып айтса айтқандай қыдырлы жақсылық жасағаны мәлім. Өзі баспагер Жақаң бұл игі істің бас­тан-аяқ басы-қасында болған, бүге-шігесіне дейін біледі. Жүрегіне иман-ізгілік ұялаған Иманғали-Имекеңнің қасиет-болмысын, мәрт мінезін жан-жақты өрнектеп те, көрнектеп те ашуға осы бір кесек қи­мылы әбден жетіп тұрыпты. Бүгінде «Тас­мағамбетовтің жүз кітабы!» десек, көз алдымызда қыран тұғырлы азамат бейнесі одан сайын биіктей түскендей. Бекзат болмысқа тән бұл бедерлі қолтаңбаны біздің қаламгер сәтімен аңдаған һәм сындарлы айшықтаған.

Әдеби портреттер көшін классик жазушы Қалихан Ысқақов бастапты. Бір ғажабы, осыншама үлкен суреткер жайлы жаза отырса да, Ж.Дәуренбеков пафос пен патетикадан, құрғақ мақтау мен құр тамсанудан аулақ. Қарапайым айтады. Нақты жеткізеді. Қалекеңнің өзінің «Қоңыр күз едісіндей» қоңыр ғана көңіл күйлері. Штрихтармен бере­ді. Ұзақ-сонар баяндап жатпайды. Қо­ңыр тіршілік. Болған жайлар. Өмір үзік­тері. Жұлдызшалармен бөліп, қысқа да нұсқа этюдтер түрінде ұсынады. Әде­биет жайлы әредікте әр жағдайда айты­лып қалған кесек ойлар. Қалекең толғамдары. Сөз киесінің шыңын тани түсуге ұмтылдыратын шыншыл да шуақ­ты суреттер.

Жақаңның стилі жайма-шуақ. Өне бойынан әсте ешбір қатаң рай байқал­майды. Сонысымен тартымды оқылады. Және бір кереметі, кім жайында қалам тербесе де, сол адамға деген құрмет-сүйіспеншілігі аса шынайы көрінеді, соншалықты жұмсақ жүрекпен жақсы көріп жазады. Міне, бұл қаламгердің айқындалған қолтаңбасы, мәнзелді мәнері десек те болар. Нақ осы қасиет қазақ­тың кәдімгі Қадыр ақыны туралы моншақтап тізілген миниатюралы этюдтерінде де әсем көрініс тапқан.

Әуелі «Сөзжебе» деген тақырыбын қалай дәл тапқан десеңізші! Айтты-айт­пады, Қадағаң нағыз тауып айтар сөздің сұрмергені еді ғой. Өмірде де, өлеңде де, өзінің прозасында да. Сөзжебе! Аға­ның осы сөзжебелігіне, ұшқыр ой­лар­дың туу сәттеріне Жақаң көп реттерде көлік ішінде бірге жүргенде куәгер болған. «Машина үстіндегі әңгіме» тақырыпшасы осыны аңғартса керек. Содан да болар, күнбе-күнгі қазақы әң­гімелер барысында Қадағаңның мінез сипаттарын да, ойшылдық кенішін де, кейде, тіпті, шығармашылық «құпия­ларын» да әжептәуір ашып тас­таған. Әлбетте, байқампаздығының, ізденім­паздығының, ізерлей білуінің арқасында. Қазақтың Қадыр ақыны жайлы көп-көп ғибраттарға қанығамыз.

Бұдан әрі «Шабыт», «Сәкең сөзге сыймайды», «Біздің Нұрағаң», «Парыз бен парасат», «Жырбұлақ», «Сағат», «Орыс­байдың ой тоғысы», «Дің», «Мая мен Мағира», «Самғау» атты эс­селік орайдағы дүниелері де осы тақы­леттес. Бұлар қазақ руханиятының, ұлт баспасөзі мен ұлық әдебиетінің көр­некті тұлғалары туралы татымды да тосын ой-тұжырымдарды тарқатады. Аға буыннан алғаны – айтулы қаламгер Оразбек Сәрсенбай, жазушы-журналист Сейдахмет Бердіқұлов, биік рухты бас­пагер-журналист Нұрмахан Оразбеков. Біздің автор үш ағасымен де жақын араласқан, яғни «обьектіні» тонның ішкі бауындай, іштен біледі. Білген соң біліктілікпен жазады. О.Сәрсенбайдың қазіргі жастар біле бермейтін әйгілі «1961 жыл» поэмасын келістіре талдайды, С.Бердіқұловтың «Лениншіл жасты» бас редактор емес, жай редактор болып басқарған кездердегі ақыл-парасат, сырбаздығы мен пайымды-парық­тылығын адал сөзімен жайып салады, Н.Оразбектің бас редактор һәм бас бас­­пагер болған уақыттардағы күрес­керлігін ырзалықпен сүйсіне толғап суреттейді.

Содан кейінгі бір толымды да тегеу­рінді топ – Жақаңның өзінің студент­тік жастық шақты бірге өткізіп, сөз өне­ріне бірге құлаш ұрған құрдас-құ­рал­пастары, төл әдебиетіміз бен тума баспасөзімізге олжа салған орта толқын, қазірде ағалықты меңгеріп, ақсақалдыққа бет түзеген буын. Әттең-ай дейміз, Жарасқан Әбдірашевтің ақындық ақ бұлағының көзі мезгілсіз бітелді, Сағат Әшімбаевтің салиқалы сынының салауатты ағысы ерте тоқтады. Жақау эссесі Жарасқан ақынның сол алқынған ақ бұлақтарын, ағыл-тегіл жыр бұлақ­тарын еске оралтып, сағындырады, бі­лімдар да зифа мәдениетті Сағатпен шүйіркелесе сырласқандай күй кешті­реді. Сонымен қатар шүкір Аллаға, қаламдарын әлі де көсіле сілтеп жүрген Қуанышбай Құрманғали, Орысбай Әбділдаев, Нұрлан Оразалин, Мағира Қожахметова, Жанат Елшібек, Қайсар Әлім, тағы басқа дос-жолдас, замандас­тар шығармашылықтарының шырайлы бір қырын алып, әрқайсының өзіне ғана тән ерекшелік-сипаттарын тамыршыдай тап басатынына таңданбасқа әддің жоқ.

Ал енді әдебиетімізге «Өмірзая» сынды өрелі роман берген аяулы дарын Баққожа Мұқайға деген Жақаң көңі­лінің кестесі де, пейілінің дестесі де алабөтен. Себебі, сырлас, мұңдас жан досы. «Шабыт шырағы» эссесінде де, одан бөлек жазбаларында да Баққожа достың шарықтаған шақтарын ерен шаттықпен, құдды бір өз қуанышындай шалқыта сүйіншілеп жырлайды. Аз ғана парақтарда сой мінезді, ойлы көзді жігіт ағасының бірегей болмыс-келбетін көз алдымызға келтіріп береді. Өмірінің соңғы сәтіне дейін қыңбаған, арттағыға аманат қалдырудан тынбаған қайсар жүректі аялап, ардақтап мұңдайды.

Ж.Дәуренбековтің бір ілкімді ерек­­ше­лігі сол, кітапқа енген эссе-мақа­лаларының жанрын одан әрі жеріне жеткізе айқындап, шегелей анықтап қояды. Тақырыпшаларды түйіндеген «ой-пайым», «бір үзік сыр», «ой-баян», «ой-өрім», «әңгіме», «эссе-эле­­гия», «әдеби баян», «эссе», «үкілі үзік­­тер», «ой-сарап», «ретро-лебіз», «сыр-толғам», «ретро-хикая», «үшбу-лебіз», «бірер-сөз», «экспромт-эссе», «ой-лебіз», «әдеби миниатюралар», «праг­матикалық пайым» сынды әдіп­ті анықтауыштар жазған дүниесінің мән-мазмұнын түсіну орайындағы ба­­ғытты һәм қалыпты толықтауыш, оқыр­манға көмекші екенін де аңғарып, атап көрсеткеніміз абзал. Бұған қоса, біз­дің автор қанаттас қаламгерлердің сөз өнеріндегі, шығармашылық мінез бол­мысы тұрғысындағы даралық-ерек­шеліктерін де тап басып айтары барын байқаймыз. Мысалы сан сипатты дарын Жанат Елшібек хақында: сонау алпысыншы жылдардағы Балқаштың бала толқыны, бүгінгі журналистиканың дара толқыны... Жанат қабілетін қарымды пай­даланады, асырып айтпайды, шашы­лып төгілмейді»; «Қазақтың қы­зыл кітабын» жазған Сұлтанәлі Бал­ға­баев туралы: «Автордың күткені де осы екен, ащы әңгімені «Қазақша біл­мейтін қазақ қай ұлтқа жатады?» деп бастап, қыжылды сауалын қақ маң­дай­дан қояды»; тақырыбының темір­қазығынан айнымайтын журналист қаламгер Жанболат Аупбаев жайлы: «Жанболат сол таңдаудан әлі танбай келеді, оның баспасөз бетінде үздіксіз жарияланған дүниелерінің бәрі қай мекеннен жазылса да алтын арқауынан алшақтамайды... Бұл – бүгінгі біздің қолымыздағы үш кітап – «Ашылмаған аралдар», «Біртуарлар», «Ұлылардың ұрпақтары» болып алдымызда жатыр» деп сүйекті тұжырымдармен ай­шықтайды. Ал қазақ баспасөзіндегі бел­гілі тұлғалар: Зәкір Асабаевты – «Зиялы», Шәмшиден Паттеевті – «Өре», Қали Сәрсенбаевты – «Эстеттің әлемі», Самат Ибраимды – «Құм мінезі» деген бейнелі мағыналармен мәнерлеуі дәлдігімен де, мәнділігімен де жарасымды дер едік.

«Қолтаңбаны» оқыған көзі қарақ­тылар жалпы шығармашылық, сөз өнерінің қыр-сыры, жазушылықтың азабы мен журналистік кәсіптің қиындық-қызықтарын түстеп танып біле түсері хақ. Бұл тұрғыдан алғанда кітаптың танымдық құндылығы айна-қатесіз ақиқат. Сонымен бірге азаматтық ұста­нымы танылатын, тіптен, атойлап алға шы­ғатын тұстар да баршылық.
Ж.Дәу­­ренбековті ұлт қамы, ұлт идеясы, ұлт мінезі, ұлт тілі, ұлттық идеалогия, ұлттық сана, ұлттық мүдде, ұлттық ұс­таным, ұлттық тәрбие мәселелері тол­ғандырады. Осы жайларды таратып, тарқатып, майлы жіліктей шағып айтады.

Одан әрі елімізді жайлаған, қазақ қоғамының қасіретіне айналған сыбай­ластық синдромы, сыбайлас жемқорлы туралы да ызалы һәм назалы ой толғамай, кесім-пішім айтпай тұра алмайды. Міне, мұндай тұрғыдағы жазбалар автор­дың азаматтық келбетін көз алдымызда зау биікке көтеріп әкеткендей. Ол дерек­ті прозаның дәйекті дүниелері хақында ой толғаса да, көркемсөз бен көсемсөздің көрігін басып, маздағын үрлесе де, қаламгер мен кітап және оқырман арасындағы алтын арқау қай­тсе үзілмейді деген көкейкесті проб­леманы жан-жақты қаузаса да – осы­ның бәрінде қазақ халқының ұлт­тық мұратын алға шығарады. Міне, Жақау қаламгерлігінің жылдар бойы қалыптасқан өзіндік қолтаңбасы осындай. Осыған біз қуанамыз.

Ал әзірге осы тілектестік лебізімді автормен ілкідегі бір әңгімеден кейін жазылған, одан соң ойда жоқта осы кітапқа енген «Мінез» атты өлеңіммен түйіндейін. Әлбетте, бұл өлең әдебиет сүй­ер қауымға осындай жақсы кітап ұсынған ізденімпаз Жақау ағатайыма арналады.

 

Болмаса да оңып тұрған мінезім,

Мінездіні ұнатамын мен өзім.

Кейбіреулер көмекейін ашқанша

Көре қоям мінезінің өңезін.

 

Әлмисақтан «мінез - адам сауыты»,

Мінез – кейде кесір,

Кейде мақпал, мауыты.

Мінезділер мінсіз емес десек те,

Монтаны көз мінезсіздер қауіпті.

 

Жайып салған сақараның ғажабын,

Сайып салған Сарыарқаның саз әнін,

Көтермейтін көрінгеннің мазағын –                           

Қайда менің жылқы мінез қазағым?

 

Қайда ғажап күйлеріңнің мінезі,

Құсқанатты билеріңнің мінезі?

Кесіп айтқан ер жігіттің мәрттігі,

Кесік айтқан билерімнің мінезі?

 

Болмаған соң бөрі мінез ірілік,

Неге керек күйбең қаққан тірілік?

Қалмай, сірә, бара ма бұл қазақта

Шалқайғанға – шалқаятын кіділік.

 

Тексіз емес.

Түп тамырдан текті едім.

Кексіз емес.

Махамбеттей кекті едім.

Бетсіз емес.

Жер қорғаған Жұмабек,

Батыр мінез Баукеңдердей бетті едім.

 

Өткелдері көп болса да – өткенің,

Басып тұрып баба мекен көк белін,

Көкбөрілік мінезіңнен ажырап,

Қойдан қоңыр қоңсы болған нетке­нің?!

 

Уа, налыман!

Күдерімді үзбеймін.

Тек-қасиет маржандарын тіздеймін.

Кендебайша Кер Құламды жебелеп,

Қазағымның қақ мінезін іздеймін.

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты