Абай • 19 Ақпан, 2020

Абай рухы – Алматы төрінде

259 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы жыл – еліміз үшін, оның ішінде мәдениет пен өнер саласының өкілдері үшін маңызды жыл. Ұлы кемеңгер Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, әл Фарабидің 1150 жылдығын және Алтын Орданың 750 жылдығын жоғары деңгейде атап өту мәдениет саласының майталмандары үшін маңызды міндет. Айтулы даталарға байланысты өңірлерде ауқымды шаралар басталып та кеткен. Соның бірі – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ұйымдастырған «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла...» атты әдеби-сазды кеш.

Абай рухы – Алматы төрінде

 

Рухани іс-шара толығы­мен Абай өмірі мен шы­ғар­­­машылығына арнал­ғанымен ерекше деуге болады. Онда ұлы ойшылдың осыған дейін көп айтылмаған әндері тың­дарманға жол тартып, ақын шығармалары жан-жақты дә­ріптелген.

Сахналық көріністермен шебер жымдасқан сәтті композициялар дана ақынның өсиеттерін өзгеше өрнектеген. Бұл жерде көрермен тарапы­нан ыстық ықыласқа бө­ленген ерекше кешке елі­міз­­­дің маңдайалды өнер жұл­­дыздары ат салысқанын айта кеткен жөн. Сәкен Май­ғазиев, Толқын Забирова, Ра­мазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Айгүл Қосанова, Ерлан Біләл сынды аталған оқу ордасының ұстаздары мен мен студенттері өз өнерлерін ортаға сала отырып, кемеңгер тұлға келбетін болашақ жас­тарға керемет насихаттай білді.

«Біз тек өнер адамы емес­піз, еліміздің болашағы – жастарды өнер мен білімге қатар баулып жүрген буынбыз. Сол себепті Абай өмірі мен шығармашылығы әрбір талапты жастың, жанашыр үлкеннің айнымас серігіне айналуы керек. Бұл кештің ортақ мүддені орындауда, кемеңгер мұрасына терең үңіліп, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге беру жолында маңызы зор», деген Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясының ректоры Ақан Әбдуәлиев бұдан кейін де ағар­тушының мерейтойына арналған іс-шаралар жалғаса беретінін айтты. Шараға қа­ты­сып, көрермен қата­рында тамаша кештің куәсі болғандар да жылы лебіздерін жасырып қалмады. Талғар ауданы, «Төңкеріс» ауылының тұрғыны, ұстаз Гүлшара Мұ­сабаева, әсіресе жастар үшін мұндай кештердің ма­ңызы зор екенін жеткізді. «Абай – бойымыздағы артық­шылықты да, кемшілікті де қолмен ұс­татқандай етіп көрсетіп кеткен данышпан. Тек содан тәлім алсақ болғаны. Соның үлгісін өзімізге бағыт етіп алып, болашағымызға бағдар қылсақ, адаспасымыз анық. Осындай әдеби кештерден, қойылымдардан білгеніміз беки түседі», дейді ұлағатты ұстаз.

Жоғарыда айтып кетке­німіздей, аталған іс-шараға Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушылары бір кісідей жұ­мылған. «Өзіміз жастарды тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп отырған өнер ордасы болғаннан кейін, бұл кеш­тің ауқымы да, тағылымы да кең болды деп ойлаймын. Өйт­кені Абайдың бейнесін сомдап жүр­ген, Абайдың ән­дерін ха­лыққа жеткізіп, өлеңдерін оқып, қара сөзі­мен сусындап жүрген өнер­­паз­дарды бір сахнада бі­ріктіріп, көрерменге үлкен ру­хани азық сыйладық деп ойлаймын. Әсіресе жас буын, студенттер үшін ұлы ойшылды ұлықтауға арналған кеште өнерін ортаға салуы арқылы, оларды өнермен тәр­биелей аламыз дер едім», дейді академия оқытушысы, актер Е.Біләл.

Түйіп айтқанда, ұлы ақы­нын ұлағаттауда бірегей білім ордасының бұл қадамын хакім мұраларына деген зор құрмет деп түсіндік. Жалпы, мерейтойлық концертке мыңға жуық көрермен жиналды.

Соңғы жаңалықтар