Неге Теміртауда өтті дегенге келсек, бұл мәдени шараның өтуіне осы қаланың тұрғыны, жазушының шығармашылығына табынушы Татьяна Ромашихина бірден бір себепкер болған екен. Яғни, мұндағы барлық экспонаттар оның жеке коллекция қорынан алынған.
Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері Татьяна Ромашихинаның үйінде мол коллекция барын оның анасынан естіп біліпті.
– Татьяна Ромашихина мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Ол өзінің оқушыларын біздің мұражайға жиі әкеліп тұрады. Біз оған көрме ұйымдастырсақ деген ниетімізді айтқанымызда, ол бірден құптап, өз коллекциясын ұсынуға келісімін берді, – дейді Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері Светлана Трещева.
Татьяна Ромашихина атақты ертегі желісімен коллекция жинауды осыдан он жыл бұрын бастаған екен. Оның қолындағы жәдігерлер арасында көптеген қызғылықты кітап бар. Мысалы, мұндағы түрлі-түсті, көркем иллюстрациялармен безендірілген, орыс тілінде жазылған сирек басылымдар мен ағылшын тіліндегі жасырын «терезелері» бар кітаптар кісіні өзіне қызықтыра түседі. Ал Татьянаның өзі ең құнды жәдігерлер ретінде кітаптың Аустралияда өткен 150 жылдық мерейтойына деп арнайы шығарылған күміс медаль мен ертегі желісі бойынша безендірілген сирек үстел сағаттарын атайды.
Татьяна Ромашихина – он саусағынан өнер тамған шебер адам. Оның өз қолымен декупаж техникасы бойынша қалпына келтірілген жиһаздар, сүйікті туындысының желісі бойынша орындалған кесте және картиналар да келушілердің үлкен қызығушылығын тудырды.
Көрмені ұйымдастырушылар мұндай мәдени шараның өскелең ұрпақ өкілдерінің кітап оқуға деген құлшынысын арттырады деген сенімде.
Қарағанды облысы