Үміт • 19 Ақпан, 2020

Алматы облысы: Әлеуметтік қорғаудың әлеуеті артты

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылы Алматы облысындағы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды қаржылай қолдауға 38 миллиард теңге жұмсалған екен. Оның ішінде көп балалы отбасылар мен аз қамтылған әулеттерге бөлінген бюджет қаражаты 3,5 миллиард теңгені құрады.

Алматы облысы: Әлеуметтік қорғаудың әлеуеті артты

- Адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту біздің тікелей міндетіміз. Әсіресе, мемлекет қолдауына мұқтаж жандарды қамқорлықсыз қалдырмаймыз. Өткен жылы әлеуметтік жағынан қорғауды қажет ететін тұрғындар мен көп балалы отбасыларға көмек көрсету үшін облыстың әлеуметтік картасын жасадық. Ол бойынша арнайы санатқа жататын адамдар нақты көмек алды, деді тұрғындармен өткен кездесуде облыс әкімі Амандық Баталов.

Әлеуметтік картада айқындалған міндетке сай, былтырдан бері әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасынан шыққан 42 мың балаға мектептер мен балабақшаларда ыстық тамақ тегін беріле бастады. Осы санатқа кіретін отбасылардың жас мүшесіне жоғарғы оқу орындарында білім алу үшін 100 грант тағайындалған. Сондай-ақ 42 мың оқуышы мен студент және 8 000 көп балалы ана қаладағы қоғамдық көлікте тегін жүріп-тұруда. Аумақта аз қамтылған әулеттерді көгілдір отын желісіне тегін қосу ісі де жолға қойылды, өткен жылы 2277 үйге газ кірген екен. Ал 22,6 мың отбасының үйіне иіс тиюден сақтандыратын қондырғы бюджет қаражаты есебінен орнатылыпты.

Осы жерде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған шараларды айтпай кетуге болмас. Қазір облыста 67 500 мүгедек жан тұрып жатыр. Былтыр жабырқаулы жандарды оңалту мен басқа да мәселелерді шешуге 3,7 миллиард теңге қаржы бөлінген екен. Нәтижесінде, Талдықорған қаласы мен Іле, Қарасай, Талғар аудандарынан мүгедектерді оңалту орталықтары ашылып, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін игілікті іс атқарылды. Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, қаржылық қолдау ұлғаятын болды. Енді көмекке мұқтаж жандардың кедергісіз келешекке қадам басуы үшін қажет іске 4,7 миллиард теңге жұмсалып, оңалту шаралары 34 мың адамды қамтымақшы.

Айтпақшы, аймақ бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны нақтыланып, осы мақсатқа бөлінген бюджет қаржысы біршама үнемделетін болды. Мысалға, 2019 жылы 257 500 адамға атаулы жәрдемақы төленіп, оған 30,7 миллиард теңге жұмсалып келген еді. Жаңа жылдан бастап бұл тізім 144,1 мың адамды құрап, берілетін жәрдемақы үшін 14,3 миллиард теңге бөлінген екен. Ал 45 500 көпбалалы отбасының мүшесі тиісті жәрдемақы алып отыр.