Медицина • 19 Ақпан, 2020

Жетісуда «Жедел жәрдем» неге жетіспейді?

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының жекелеген аудандарында «Жедел жәрдем» қызметінің бір бригадасы 10 000 тұрғынға қызмет көрсетуге мәжбүр болып отыр. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсетуге асыққан дәрігерлерге мінетін көлік те жетіспейді екен.

Жетісуда «Жедел жәрдем» неге жетіспейді?

Облыс әкімі Амандық Баталов тұрғындармен кездесу барысында мұндай мәселенің барын мойындады. Қазір аймақтағы «Жедел жәрдем» қызметінің өкілдеріне өз міндеттерін мүлтіксіз атқару үшін 70 көлік қажет. Және алғашқы медициналық көмектің тиімділігін арттыру үшін көлікпен қатар керек-жарағы сай білікті мамандардың да қатары көбеюі тиіс.

-Аудан әкімдерінің есеп беруі кезінде ең көп шағым айтылған мәселенің бірі «Жедел жәрдем» қызметіне қатысты болды. Бұл жағдай халық көп шоғырланған аудандарға қиын тиіп тұрғаны рас. Біздің есебіміз бойынша, бір бригадаға 10 мың адамнан келеді екен. Яғни, «Жедел жәрдем» бригадаларының санын көбейтіп, қызметтің сапасын жақсартуға күш саламыз. Бірінші кезекте көлік тапшылығын шешеміз. Қазір республикалық бюджет есебінен 35 көлік сатып алуға қаржы бөлінді. Қалған 35 көлікті облыстың қаражатына алып жатырмыз, - деді аймақ басшысы.

Жалпы, облыстың денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр. Облыс әкімінің есебінде айтылғандай, аймақта 214 маманға сұраныс бар екен. Оның ішінде 126 жалпы тәжірибе дәрігері жетіспейді. Облыс тарапынан кадр тапшылығын шешу үшін дәрігер дайындайтын жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыс жасалып жатыр. Қажетті маманды оқыту үшін облыстық бюджеттен 18 миллион теңге қаржы қаралыпты. Биылдан бастап 47 жас дәрігер жоғарғы медициналық білім беретін оқу орындарын тәмамдап, облыстың аудандарында жұмысқа кіріспекші.

-Медицина саласындағы маман тапшылығының бір ұшы жас дәрігерлерді баспанамен қамтуға тіреледі. Әсіресе, аудан орталықтары мен аулыдарға барған жас маманның тұрақтап қалуына жағдай жасауымыз керек. Биыл бірінші кезекте жалпы тәжірибе дәрігерілерін тұрғын үймен қамтуға кірісеміз. Оларға арнап барлық аудан мен қаладан 126 пәтер сатып алуды бастады. Бұл мақсатқа 756 миллион теңге бөлдік, - деді өз сөзінде Амандық Баталов.

 

Алматы облысы