Экономика • 19 Ақпан, 2020

Алматы облысында 50 700 адам баспана кезегінде тұр

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында өткен жылы 894 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық болғанымен, баспанаға мұқтаж жандардың үлесін азайтуға мүмкіндік бермей отыр. Қазір тұрғын үй кезегінде 50 700 адам тұр екен.

Алматы облысында 50 700 адам баспана кезегінде тұр

- Былтыр облыста «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2443 отбасы баспаналы болды. Оның ішіндегі 1779 отбасы әлеуметтік жағынан аз қамтылған топқа жатады. Жалпы өткен жылы облыста көп балалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтуға 40 миллиард теңге бөлінсе, биыл бұл мақсатқа бюджеттен 59 миллиард теңге қарастырылып отыр. Үй кезегіне тіркелген тұрғындар арасында 5527 көпбалалы отбасы және 20 мың әлеуметтік қолдауға мұқтаж адам бар, деді есепті баяндамасында аймақ басшысы Амандық Баталов.

Яғни, облыста тұрғын үй құрылысы биыл да қарқын алмақ. Осы мақсатта 32, 6 миллиард теңге қаржы бөлу көзделген. Бұл – арғы жылға қарағанда 1,6 есеге артық. Ал бөлінген қаражат тұрғын үй салуға және инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалмақ. Қазір жалпы аумағы 939 000 шаршы метр тұрғын құрылысы басталған. Оның 147,7 шаршы метрі «Нұрлы жер» бағдарламасының еншісінде. Нәтижесінде барлық бағыт бойынша 3600 отбасын баспанамен қамту мүмкіндігі туады. Осы лекпен 2400 көп балалы және аз қамтылған отбасыға да тұрғын үй алу бақыты бұйыратын болады.  

Айтпақшы, баспана мұқтаждығын шешуге меценаттар да мықтап кірісе бастаған екен. Алматы облысындағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында көп балалы және аз қамтылған отбасыларға баспана сатып әперу ісі көпке үлгі болып отыр. Өткен жылы қайырымды жандар жеке қаржысына 170 баспана сатып алып, мұқтаж отбасыларына тарту еткен болатын. 

Ал жақында осындай қуанышқа қапшағайлық 30 отбасы кенелді. Қапшағай қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынған «Teniz Towers» тұрғын үй кешені қолданысқа берілген еді. Жетпіс пәтерден тұратын жаңа кешен өңірдегі баспана мұқтаждығын шешуге бағытталған еңбектің жемісі. Осы тұрғын үй кешінен 30 пәтерді жеке қаржысына сатып алған белгілі кәсіпкерлер – Болат Әбілев пен Ораз Жандосов жаңа үйлерді мұқтаж жандарға сыйға тартты.

 

Алматы облысы