Бұл тұрғыда педагогикалық-психологиялық тұрғыдағы түзеу кабинеттерінің тигізер көмегі мен пайдасы мол екені хақ. Бұл бағыттағы арнаулы оқу орындары облыстың барлық аудандарында қызмет жасайды. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің пайымдауынша мұндай кабинеттер , айрықша балаларға арналған білім беру интеграциясы шеңберіндегі басты әрі маңызды құралдардың бірі.
Өңірде дербес жұмыс жасауды қажет ететін әлеуметтік рөлі жоғары, кедергісіз аумақтарды құру ісіне жүрегіннің жылуы мол жандар мен қайырымдылық қорлары да қол ұшын созып отыр. Осы орайда Ақтөбе қаласында қос бірдей психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетін ашуға «Дара» қоры ұйытқы бола білгені бір мерей.
«Әр алуан, бірақ тең: Қазақстанда инклюзивті қоғамды құру» жобасы аясында ашылған арнаулы кабинеттердің іске қосылуы бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органдарға түсіп отырған салмақ пен жүктемені азайтуға септігін тигізгені анық. Мұндай игі іске жұмыла білгендердің қатарында «EastTardeSolutons» ЖШС-да бар екенін айта кету парыз. Ендеше осындай қайырымы мен сауабы мол істің басы-қасында жүрген Гүлнар Досанова мен Рахмет Дармештің бастамалары қандай құрметке де лайықты болса керек.
Аталған түзеу кабинеттеріне «Дара» қоры қаражатының есебінен бүгінгі заманға сай арнайы жабдықтар мен қондырғылар сатып алынған. Бұған қоса 2019 жылдың ақпан айында ашылған кейінгі түзеу кабинетіне күрделі жөндеу жүргізіліп, ерекше балалардың тұтыну қажеттілігіне қарай орайластырылған. Мұнда емдеу-дене шынықтыру сабағына арналған жинақ, Монтессори бөлмесі, сөйлеу мен есту қабілетін дамытуға арналған компьютерлік бағдарлама жұмыс істейді. Сонымен қатар баламалы байланыс тәсілдері, дидактикалық және көрнекі материалдар бар.
-Мұнда білікті мамандардың балалармен жеке және топтық сабақтар жүргізуіне барлық жағдайлар туғызылған. Кешенді шаралармен шұғылданатын команданың қатарында психологтар мен педагог-дефектологтар, және логопедтер бар, - деді бұл жөнінде Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Қайрат Алдамжаров.
Ақтөбе қаласында кейіннен ашылған педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті ерекше білім беруді қажетсінетін 150 балаға арналған. Бұл мөлшер мүмкін ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай биік меже де болмас. Әйтсе де осы арқылы Ақтөбеде инклюзивті қоғам құру шеңберінде тағы бір лайықты қадам жасалды деуге толық негіз бар.
АҚТӨБЕ