Аймақтар • 19 Ақпан, 2020

Жамбыл өңірінде жүйелі жұмыстар жүргізіледі

255 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің «Көрме» павильонында жамбылдық тұрғындармен кездесіп, есеп берді. Өткен жылды қорытындылап, өңірде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарларымен бөлісті.

Жамбыл өңірінде жүйелі жұмыстар жүргізіледі

Бердібек Сапарбаев 2020 жылы Жамбыл облысында жалпы құны 114 миллиард теңге болатын 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда екенін айтты. Сонымен қатар, тиімді инвестициялық саясат ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің 5 пайыздық өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Ең үлкен қуатты жобаларды «Еврохим минералды тыңайтқыштар», «Қазфосфат», «Qazaq soda», «KORSEM» және «TALAS INVESTMENT COMPANY» компаниялары жүзеге асырады. «2025 жылға дейін жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 66 жоба іске асырылады, сол арқылы 11,4 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделуде», деді әкім.

Жиында әкім жергілікті биліктің күн тәртібінде «Тараз «Химпарк» арнайы экономикалық аймағын дамыту міндеті тұрғанын, оны шешу үшін жеті жобаны іске асыруға 648,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылатынын, бұл нәтижесінде екі мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін жеткізді. «Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мақсатында 12 кәсіпорын жаңғыртылады, тағы төртеуі заманауи инновациялық технологияларды енгізеді. Облыс тұрғындарының 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұратын аймақтың ерекшелігін ескерсек, аграрлық секторды дамытуға барынша көңіл бөлудің маңыздылығы жоғары. Жоспарланған инвестициядан басқа, саланың мұқтаждықтары үшін 21 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Ағымдағы жылдың басты міндеттерінің бірі – егістік алқаптарын 705 мың гектарға, ал суармалы жер көлемін 8 000 гектарға кеңейту», деді Бердібек Сапарбаев.

Өз сөзінде әкім егіс алқаптарын рентабельді, майлы және бұршақты дақылдармен әртараптандыру, жергілікті қант зауыттарын барынша жұмылдыру үшін қызылша шаруашылығын дамытуға көңіл бөлу қажеттігін де айтты. Тағы бір мәселе, негізгі бағыттардың бірі ретінде пайдаланусыз жатқан 70 мың гектар жерді егістік жер ретінде айналымға енгізуді, механикаландырылған жасақтың көмегімен алқаптарды суландыру желілері мен каналдарын, 5 су қоймасын ретке келтіруді, 5 000 гектарға жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу керектігін де жеткізді. Мұндағы негізгі мақсат – импортты төмендету және өңірді жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету.

Осы мақсатта Жамбыл облысында іске асырылып жатқан ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатындағы пилоттық жобаның берері мол. Ол тек Жамбыл өңірі үшін ғана емес, бүкіл республика үшін де маңызды. Жобаның алғашқы қадамдары жасалып, 7886 аула несиеге қол жеткізсе, 194 ауылға шаруашылығы техникасы алынған. Әкім бұл жұмыстардың ары қарай жалғасатынын айтты. Жиында ауыл тұрғындарының орташа табысын 41,6 мың теңгеден 104 мың теңгеге дейін арттыру, ал 2,2 мың шаруаны өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатынан жеке кәсіпкерлер санатына ауыстыру мәселесі де айтылды.

1

Жамбыл облысында жол мәселесі де күрделі. Дегенмен, ағымдағы жылы Жамбыл облысы аумағындағы 692 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу жоспарлануда екен. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, 668 шақырым автожол орташа жөндеуден өтіп, 6,1 шақырымдық жол қайта жаңартылса, 18 шақырымдық жаңа жол салынады. Сондай-ақ, жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында 100 жаңа автобус сатып алу, электронды билеттеу жүйесін енгізу де жоспарланған.

Осы уақытқа дейін тұрғындар үшін ауызсу үлкен мәселе болып келді десек, енді биылғы жылы 70-тен астам ауыл ауызсумен қамтамасыз етілетін болды. Бұл тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткішін 57,3 пайыздан 77 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, облыс әкімі 48 мың тұрғыны бар 35 елді мекенді газдандыру жұмыстарының жүргізілетінін де жеткізді. Сонымен қатар, биыл облыс аумағында баламалы энергия көздерін өндіретін төрт станцияны іске қосу жоспарланып отыр. Тағы бір жағымды жаңалық, ағымдағы жылы Жамбыл облысында 14 жаңа мектеп салынып, 3 орын тапшылығы бар, 1 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселелерін шешу жоспарлануда. Биыл 285 мектеп жылы санитарлық жүйелермен  жабдықталатын болады. Нәтижесінде бұл мәселе облыс мектептерінің бәрінде де шешіледі. Сондай-ақ, барлық мектептер бейнебақылау жүйесімен қамтылады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында 18 жедел жәрдем көлігін сатып алу, медициналық жабдықтау деңгейін 92 пайызға жеткізу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша белсенді жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда. Және өңірде 91 спорт алаңшасы салынады. 1200-ден астам жасқа грант беріліп, жеңіл атлетикалық және гимнастикалық манеждерінің құрылысы басталады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа қызметіне кіріскен алғашқы күндерде-ақ әкімдік ғимаратында аппарат жиынын өткізіп, жиында әкімдердің есебіне мемлекеттік қызметшілердің емес, қарапайым халықтың қатысуы керектігін айтқан болатын. Әкімнің алғашқы есепті кездесуіне мыңға тарта адам жиналды. Бұдан кейін көпшілік Бердібек Сапарбаевқа сауалдарын жолдап, бірқатар мәселелерді көтерді. Тұрғындардың дені негізінен тұрғын үй, жол салу, ауызсу, газ тарту мәселелерін айтты. Шу ауданының тұрғыны Тұрсынбай Абдуллаев Шу вокзалынан күніне 40 шақты пойыздың өтетінін, алайда келесі жолға жету әсіресе қарт кісілер үшін қиын екенін айтып, әкімнен осы мәселені шешіп беруін сұрады. Жамбыл ауданының тұрғыны Жамбыл Баймаханов жерлерді жекеменшіктен қайтарып алу мәселесін көтерсе, Мойынқұм ауданынан келген Жамбыл Ағыбаев Талас газының Мойынқұм мен Талас аудандарының орталығынан шығып жатқанын, алайда әлі күнге дейін Мойынқұм ауданында көгілдір отын жоқ екенін жеткізді. Ал, Байзақ ауданының тұрғыны Саха Манатов Байзақ, Меркі, Шу аудандарынан 102 шаруаның қант қызылшасының мәселесімен қалаға келгенін айтып, қант қызылшасын егушілерге қолдау болса деген  ниетін жеткізді. Сонымен қатар, Тараз қаласының тұрғыны Досжан Нарбеков «Көктем» тұрғын алқабында осыдан 5 жыл бұрын өз ақшамызбен жарық тарттық. Енді олардың бағаналары құлап жатыр. Алқапта су да жоқ», деп Бердібек Сапарбаевтан осы мәселелерге назар аударуын сұрады.

Тұрғындарды тыңдаған Бердібек Сапарбаев көпшіліктің көтерген мәселесіне зерделеу жұмыстары жүргізілетінін, ешқандай мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, Жамбыл өңірінде алдағы уақыттарда да жүйелі жұмыстардың жүргізілетінін жеткізді. Ал, көпшіліктің «Көпбалалы аналарға баспана салып беру мәселесі жалғасын табады ма?» деген сауалына әкім «Көпбалалы аналарды қолдау үшін бұл жұмыстарды жалғастырамыз», деп жауап берді.

 

Жамбыл облысы