Аймақтар • 19 Ақпан, 2020

Әулиеаталықтар көтерген әлеуметтік мәселелер

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Әкім әулиеаталықтардың әлеуметтік мәселелеріне баса назар аударып, көтерілген мәселелер тиісті заңдарға сәйкес реттелетінін айтты.

Әулиеаталықтар көтерген әлеуметтік мәселелер

Қабылдауға 65 азамат келген. Олардың көтерген мәселелері негізінен тұрғын үй, жер телімдерін беру, шаруашылық дауларды шешу және басқа да аспектілерге қатысты болды. Бердібек Сапарбаев тұрғын үй мәселесі тиісті заңдармен реттелетінін айтып, пәтер бөлу кезегін жылжыту да белгіленген тәртіп пен ережелерге сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылатынын жеткізді.

Меркі ауданы, Сұрат ауылының тұрғындары жергілікті шаруа қожалық басшыларының бірінің шектен асқан іс-әрекетін әкімге жеткізбек болып, шағым айта келген екен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, шаруашылықтың басшысы жер иелеріне ескертпей, оларға тиесілі жер телімдерін өз атына заңдастырып алған. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев егер заң бұзушылық анықталса, бұл мәселемен облыстық прокуратура айналысатынын атап өтті.

Сонымен қатар әкім Меркі ауданына барған іссапары кезінде тұрғындардың осы шағымына егжей-тегжейлі талдау жасайтынын жеткізді. Ал, Берік Уәлиханов әкімнен Меркі ауданында орналасқан Кенесары хан ескерткішіне  байланысты туындаған түйткілді мәселені шешіп беруді сұрады. Сонымен қатар, ол Тараз қаласындағы мектептердің біріне Кенесары ханның есімін беру туралы ұсынысын айтты. Әкіммен кездесуде білім саласының ардагері Камиля Қожықова саланы дамыту үшін бөлінетін қазына қаржысы тиімді жұмсалуы керек екенін айтып, ол мұндай жағдай Талас аудандық білім бөлімінде көрініс тауып отырғанын, қаражатты мақсатсыз жұмсау әрекеттері орын алып отырғанын жеткізді. Өз кезегінде Тараз қаласы, «Мыңбұлақ» шағынауданы тұрғындарының тілек-өтінішін жеткізе келген Рахатгүл Итқұлова көпқабатты үйлердің арасына шағын бизнестің заңсыз нысаны салынып жатқан  фактісі орын алғанын айтты. Сонымен қатар, Ольга Пименова Тараз қаласында балаларға арналған арнайы демалыс орындары ашылса деген тілегін жеткізсе, Мұсатилла Тоханов әкімнен мейіз бен өрік өнімдерін дайындау бойынша жобаны жүзеге асыруға көмек көрсетуін сұрады.

Кездесуде көпшілік көтерген мәселелер бойынша тиісті басшылар жауаптарын берді. Қабылдау барысында бірқатар мәселелер де шешімін тапты. Ал, Бердібек Сапарбаев көтерілген мәселелер оң шешімін табуы үшін жеке бақылауына алатынын жеткізді.

 

Жамбыл облысы