Аймақтар • 19 Ақпан, 2020

Қарағанды облысында жол құрылысы ерекше назарда

450 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы жол жұмыстарының жоспары туралы халық алдында есеп беру кездесуінде Жеңіс Қасымбек айтып берді. Биыл өңірдегі «Қарағанды-Балқаш» күре жолында төрт  жолақ бойынша қозғалысты іске қосу жоспарда бар. Сондай-ақ «Балқаш-Бурылбайтал» төрт жолақты жолын қайта жаңарту жалғастырылады.

Қарағанды облысында жол құрылысы ерекше назарда

Облыс әкімі биыл 1500 шақырым автожол жөнделетінін атап өтті. Өткен жылы «Теміртау-Қарағанды», «Қарағанды қаласының Солтүстік және Шығыс айналма жолдары» автобандары бойынша жол толығымен пайдалануға берілді.

– Біз үшін ұзындығы 720 шақырым «Жезқазған-Қызылорда» автожолының құрылысы маңызды болып саналады. Мамыр айында ЖСҚ аяқталады. «Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа бесжылдығы аясында биыл жол құрылысына кірісу жоспарланып отыр. Ол 2025 жылы аяқталуы тиіс, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Бұдан басқа, биыл «Қарағанды-Жезқазған» жолын жобалау басталады. Сондай-ақ «Қарағанды-Павлодар» және «Қарағанды-Қарқаралы» республикалық жолдарын қайта жаңарту жоспарда бар.

Облыс басшысы жол инфрақұрылымын жақсартудан бөлек, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудың халықты жұмыспен қамтуға септігін тигізетінін және бұл жобаларға жергілікті тұрғындардың үш мыңнан астамы тартылатынын атап өтті.

 

Қарағанды облысы