Қоғам • 20 Ақпан, 2020

«Супермен» Тікенектіде тұрады

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Волонтер дегенде көз алдымызға бірден кілең жастардың келе қалатыны бар. Бұл түсінікті де: бойында күш-қуаты бар жастың кәрі-құртаңға, бала-шағаға кө­мек қолын созуын міндетті шаруа санаймыз, заңды деп те қабыл­даймыз. Әйтсе де, волонтерлік дегеніңіз жас тал­ғамайды екен. Кеудеде ізгілік пен мейірімге толы үлкен жүрек соғып тұрса, ол өз дегенін істемей қой­майтын көрінеді. Бұған мысалды алыс­тан іздеп керегі жоқ.

«Супермен» Тікенектіде тұрады

Қарағанды облысындағы Нұра ауданының Сарыөзен ауылдық округінде тұратын Минниагзам Авлияровты еліміздегі еріктілердің атасы деп сенімді түрде атауға болады. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария шынжыр табанды «ДТ-75» тракторымен, міне, бірталай жыл болған, ауылдастарының мұқтажын өтеп жүр: қыстыгүні көшелерді қардан аршыса, көктем шыға көмір суағарларын тазартады. Мұнымен де тынбай, жазда әлеуметтік тұрғыда әлжуаз саналатын отбасылар мен жоқ-жітік жандардың шөбін шауып, түсіріп беретін көрінеді. Осының бәрін ол жүрек қалауымен ерікті түрде және су тегін істейді. Жұрт «Ең құрығанда жағармайын құйып берейік» десе, ақсақал ренжитін көрінеді. Жақсының ісіне әбден тәнті болған жерлестері бұл кісіні «Сарыөзендік супермен» деп әспеттеп, құрмет тұтады екен.

Минниагзам Авлияров башқұрт ұлтының өкілі. Қазақстанға тың игеремін деп келген оның пешенесіне Сарыөзен ауылдық округіне қарасты Тікенектіні мекен етіп қалу жазылыпты. Осы жерде зейнет жасына жеткенге дейін механизатор болып тер төккен. Адал еңбегімен айналасына сыйлы болғаны ғой, ардагердің кеудесінде «Құрмет белгісі» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі жарқырайды. Ал өткен жылы Минниагзам Авлияров «Шапағат» медалімен марапатталған.

«Сарыөзендік суперменнің» бауырынан бес бала өрбіген. Өзі де, балалары да қазақшаға судай. Ұлтымыздың салт-дәстүріне құрметпен қарап, қазақтың ішіне тастай батып, судай сіңіп кеткен. Оны айтасыз, бұл кісінің келіндері мен күйеу балалары түгелдей қазақтан екен.

Өзі үшінші топтағы мүгедек болса да, өзгелерге, оның ішінде он екі мүшесі түгел сау жастарға өнеге тұтар істің үлгісін көрсетіп жүрген қарияның ғұмыр жасы ұзақ болса екен деп тілейсің!

 

Қарағанды облысы