Аймақтар • 20 Ақпан, 2020

Жамбыл облысы: 34 тәртіп бұзушылық анықталған

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жылы Жамбыл облысында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі «Ұланбел» мекемесі құрылған болатын.

Жамбыл облысы: 34 тәртіп бұзушылық анықталған

Сонымен қатар еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген өсімдіктер мен жануарларды және биоресурстарды қорғау үшін құрылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың 10 учаскесі бар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жалпы ауданы 4,0 миллион гектардан асады.

Жалпы, өңірдің ерекше қорғалатын табиғи аумағында құлан, арқар, дуадақ, қоңыр аю, сілеусін, қар барысы және тағы да басқа 17 түрлі аңдар мен құстар мекен етеді. Сондай-ақ, бұл аумақтарда берқара терек, қызғалдақ, сиверс алмасы және басқа да өсімдік түрлері өседі. «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен өсімдіктер мемлекеттің қорғауында. 

Алайда Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Тоғызбаевтың айтуынша, өткен жылы «Қызыл кітапқа» енгізілген өсімдіктер мен жануарларға байланысты заңсыздыққа жол берілмегенмен, аң аулау, балық аулау сияқты 34 тәртіп бұзушылық анықталған. «Тәртіп бұзушыларға 1247,1 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Аталған инспекция табиғат қорғау заңнамасының сақталуына 69 тексеру жүргізіп, тексеру нәтижелері бойынша мекеме басшыларына анықталған кемшіліктерді жою үшін 15 міндетті нұсқама берілді. Тексеру мекемелерінің басшыларына орман заңнамасын бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы 9 ұсыныс енгізілді», дейді ол.

Сонымен қатар тәртіптік жауапкершілікке 21 лауазымды тұлға тартылған. Оның ішінде 5 орман шаруашылығы мекемелерінің басшылары мен 2 орынбасар лауазымындағы тұлғалар бар.

 

Жамбыл облысы