Қазақстан • 20 Ақпан, 2020

Үнемдеу рекордтық 361 млрд теңгені құрады

173 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында: «Елбасы «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің отырысында мемлекеттік сатып алулар үдерісін ретке келтіру мәселесіне ерекше мән берді. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуды оңтайландырумен айналысып жатыр, бірақ заңнамалық сипаттағы шаралар қажет» деген болатын. Сонымен қатар Президент мемлекеттік сатып алулардан түсетін қаржы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалу керектігін айтқан еді. Мемлекеттік сатып алуларды оңтайландыру процесі қалай жүргізіліп жатыр? Оларды жетілдіру шаралары қалай іске асырылуда? Мемлекеттік сатып алулар жүйесінің ашықтығы мен бәсекелестігін арттыру және басқа да жаңашылдықтар туралы айтылды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады. 

Үнемдеу рекордтық 361 млрд теңгені құрады

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектор нысандарын сатып алу мәселелері жөнінде өзгерістер енгізу туралы» Заң күшіне енді. Енгізілген түзетулердің негізгі бөлігі мемлекеттік сатып алу саласындағы келесі үш мәселені шешуге шоғырландырылды:

шектен тыс реттелетін сатып алу рәсімдерін оңтайландыруға; 

сатып алуға қатысушылардың біліктілігін арттыруға; 

бір көзден сатып алу үлесінің көптігін шешуге бағытталған түзетулер.

Айта кетейік, мемлекеттік сатып алулар бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу көзделген жағдайда, олардың жобасы көпшіліктің талқылауына ұсынылады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің мүдделерін ескеру мақсатында жоба Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қоғамдық және сарапшылық кеңесіне бағытталады. Осылайша, мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға енгізілетін барлық түзетулер мен өзгерістер «Атамекен» ҰКП-мен келісіледі. 

Заң аясында жұмыстар мен қызметтер бойынша бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейін (265 100 теңгеден 1 325 500 теңгеге дейін) көтеріледі. Бұл жұмыстар мен қызметтер бойынша сатып алуларды едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді. Негізінен бұл норма бюджеті шағын тапсырыс берушілерге (балабақша, мектеп, емхана, аурухана, мәдениет үйі, интернат, қарттар үйі) қатысты. Ал ауыл әкімдіктері үшін мұндай шекті сома 3 мың АЕК-ке дейін (7 953 000 теңгеге дейін) арттырылды, бұл бюджеттің төртінші деңгейін енгізу шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Бұл ретте Заңға сәйкес, аталған норма 2021 жылға дейін ауыл әкімдіктері қызметкерлерінің мемлекеттік сатып алуды өткізу бойынша дағдыларын қалыптастыру кезеңінде қолданылатын болады.

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, баға ұсыныстарының сұранысы тәсілімен сатып алуларда (1 000 АЕК немесе 2 651 000 теңгеге дейінгі сатып алуларда) тапсырыс берушілерге құжаттамада тауарлардың фирмалық атауларын көрсету құқығы берілді. Бұл сатып алу кезінде сапалы тауарларды алуға мүмкіндік тудырады. 

Сонымен қатар бұған дейін мемлекеттік сатып алу жоспарына тек бір рет өзгерістер енгізуге болатын болса, Заңның қабылдануымен оған екі рет түзету енгізу мүмкіндігі ұсынылып отыр. 

Бюджет қаражатының оңтайлы әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында Заңда біртекті емес тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді бір лотқа біріктіру мүмкіндігі көзделеді. 

Нақты айтқанда, мемлекеттік сатып алулардың жылдық жоспарын құрағанда (мемлекеттік сатып алулардың алдын-ала жылдық жоспары) тапсырыс беруші тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрі және жеткізілетін орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті. Тек, Заңның 5-бабында бұдан тысқары 2 жағдай қарастырылады:

өзара байланысты жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кешенін көздейтін жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

Тауарларды жеткізудің, қызметтер көрсетудің кемінде бес орны болған жағдайда лотта тауарларды жеткізудің, қызметтерді көрсетудің бірнеше орнын көрсетуге жол беріледі. 

Сонымен қоса, Заңның лицензияны талап ететін мемлекеттік сатып алулар кезінде баға ұсынысына тыйым салуды алып тастауды қарастырған 37-бабының 4-тармағы алынып тасталды. 

Оңтайландыру шеңберінде Заңның 51-бабына Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінен сатып алу бөлігінде өзгерістер енгізілді. Енді Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері арасында сатып алу өтпеді деп танылған жағдайда, тапсырыс берушілер сатып алуды жалпы негізде жүзеге асыруға құқылы. 

Жыл сайын мемлекеттік сатып алуларға бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Мәселен, 2017 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 3,4 трлн теңгені құраса, 2018 жылы 3,6 трлн теңгені, ал өткен жылы 4,4 трлн теңгені құраған.