Қазақстан • 20 Ақпан, 2020

Мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыру және цифрландыру жүргізіледі

358 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2020 жылдан бастап орталықтандырылған мемлекеттік сатып алулар жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. 1 қаңтардан бастап 4 орталық мемлекеттік органда (Қаржы министрлігі, Әділет министрлігі, ИИДМ, АШМ) және 5 жергілікті атқарушы органда (Нұр-Сұлтан қаласы, Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай және Қызылорда облыстарының әкімдіктері) мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру бойынша пилоттық жоба қолға алынды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады. 

Мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыру және цифрландыру жүргізіледі

Пилот шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы органдар әдіснамалық және техникалық қолдаумен қамтамасыз етілді. 

Мемлекеттік сатып алуды орталықтандырудың тиімділіктері мынадай:

- бір лотқа ірілендіру есебінен бюджет қаражатын үнемдеу;

 

- мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуге жұмсалатын әкімшілік шығыстарды қысқарту;

 

- бюджеттік ұйымдарды өзіне қатыссыз функциялардан босату;

 

- кәсібилендіру және соның нәтижесінде сатып алу сапасының артуы;

 

- сатып алу қызметін үздік басқару, өйткені сатып алушылар функцияларының әкімшілік қайталануы қысқартылады;

 

- сатып алушылардың қызметін бақылау мен қадағалауды оңтайландыру есебінен сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайту.

 

Мемлекеттік сатып алуларды цифрландыру

Мемлекеттік сатып алулардағы өзекті мәселелердің бірі – оның ашықтығын арттыру. 

2009 жылға дейін Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар қағаз түрінде жүргізілді: хабарландырулар газеттерде жарияланды, өтінімдер ашық хаттарға салынып берілді, тапсырыс берушілер өтінімдерді өз бетінше қарап, қорытынды шығарды. Мұндай жағдайларда мемлекеттік сатып алулардағы бәсекелестік те төмен болды. Мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың орташа саны небәрі 1-2 компанияны құрады. Көп жағдайларда берілген өтінімдер санының 2-ден аз болуына байланысты сатып алу өткізілді деп саналмады. 

Сатып алудың мұндай форматында әрбір тапсырыс берушінің өзімен жұмыс істейтін жеткізушілер пулының құрылуына әкелді. Осыған байланысты, сол кездегі тапсырыс берушілерде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты ешқандай мәселе туындаған жоқ. 

2019 жылдың 27 желтоқсанында мемлекеттік сатып алулардың толық ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік сатып алулар жоспарлаудан бастап, төлеммен аяқталатын рәсімдеріне дейін 100% электрондық форматқа ауыстырылды.

Мемлекеттік сатып алудың барлық құжаттары тек электрондық форматта рәсімделеді. Олар — электрондық шарттар, электрондық банк кепілдігі, қазынашылық органдарында шарттарды электрондық тіркеу, тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсетудің электрондық актілері, электрондық шот-фактуралар, электрондық төлем шоттары, өтінімді қамтамасыз етуді электрондық енгізу (электрондық әмиян), жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың электрондық базасы (электрондық депозитарий).

Мемлекеттік сатып алулар туралы барлық мәліметтер мен олардың құжаттамасы, оның ішінде техникалық ерекшеліктері туралы деректер ашық әрі қолжетімді. Мұндай мәліметтерді веб-порталға тіркелмей-ақ кез келген адам көре алады.

Мемлекеттік сатып алулар веб-порталының мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен жан-жақты кіріктірілуі бизнес үдерістерін толығымен автоматтандыруға мүмкіндік берді. 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектор нысандарын сатып алу мәселелері жөнінде өзгерістер енгізу туралы» заңнамаға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық мемлекеттік сатып алулар осы веб-портал ақылы түрде жүзеге асырылады. Бұл ретте веб-порталды бір жыл бойы пайдалану тарифі сатып алудың шекті сомасының көлеміне қарай енгізілді. Мәселен, жұмыстар мен қызметтер бойынша бір көзден сатып алудың шекті сомасы 1 млн теңгеге дейін болса, АЕК-ке шаққандағы веб-порталды пайдалану тарифі бір жыл мерзімге 1 АЕК-ті (2 651 теңге) құрайтын болады. Сол сияқты (2020 жылға тарифтер):

10 млн теңгеге дейін болса, жылына – 10 АЕК (26 510 теңге); 

 

100 млн теңгеге дейін болса, жылына – 20 АЕК (53 020 теңге);

 

1 млрд теңгеге дейін болса, жылына – 60 АЕК (159 060 теңге);

 

шектеусіз болса, жылына – 122 АЕК (323 422 теңге).

Мемлекеттік сатып алулар веб-порталын әлеуетті жеткізушілер үшін ақылы ету портал жұмысын қамтамасыз етуге бағытталатын бюджет шығындарын алып тастауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ веб-порталды пайдаланушылар үшін жоғары технологиялар енгізіліп, қосымша сервистер құрылады (sms-хабарламалар жіберу, сall-орталықтың тәулік бойы жұмыс істеуі және т. б.). Яғни, бұған дейін веб-порталдың қаржылық мүмкіндіктерінің шектеулі болуы жоғары технологияларды енгізуге және оны пайдаланушыларға қосымша қызметтерді көрсетуге мүмкіндік бермеді. 

Ең маңызды артықшылығы, веб-порталдың ақылы болуы жосықсыз шағымдануды, солайша, мемлекеттік сатып алу рәсімін бұзудан заңсыз пайда табуды көздейтін, сатып алуға ниетсіз қатысушылардан «сүзгі» ретінде қызмет ететін болады. 

Мемлекеттік сатып алулар веб-порталы әлеуетті жеткізушілер үшін тиісті келісімшарт жасасқаннан кейін және көрсетілетін қызметке ақы төлеген соң қолжетімді болады. 

Бүгінде мемлекеттік сатып алулардың айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз ету міндеті толық көлемде орындалды. Мемлекеттік сатып алуды жоспарлаудан бастап төлем жасауға дейінгі барлық рәсімдер электрондық форматқа ауыстырылды. Бұл бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік берді, сатып алулар ашық және барлығы үшін қолжетімді болды. Қазір үйде компьютер алдында отырған кез келген адам, мекен-жайына қарамастан, мемлекеттік сатып алуға қатыса алады. Бұл үшін электрондық цифрлық қолтаңбасының болуы жеткілікті.