Санкт-Петербург кезеңі
Орман шаруашылығы институтының түлегі Әлихан Бөкейхан туралы құжаттардың барлығы Санкт-Петербург қаласындағы Ресей ұлттық мұрағатында сақталып қалыпты (387-қор. 24 б. 1307-іс). Аталмыш құнды құжаттармен бұрын-соңды танысқан қазақ оқырмандары туралы мәлімет жоқ екен.
1895 жылғы 15 маусымда басталған Орман департаменті 1-бөлімінің №100 ісі «Дело ученого лесовода Букейханова» деген папкада сақталған.
1-бетте Ресей Жер қатынастары және мемлекеттік мүлік министрлігіне қарасты Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының мемлекеттік мүлік басқармасының (Омбы қаласы) 5 маусымда жазылған №2018 қатынас қағазы тігілген. Онда былай деп жазылған:
«Орман департаментіне
Ғалым ормантанушы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың Омбы Мемлекеттік Мүлік Басқармасына төменгі орман мектебіне оқытушы лауазымына тағайындау, қызметке алу туралы сұранысы. Ақмола облысының әскери губернаторына Бөкейхановты сұранып отырған қызметке бекіту туралы мәлімдеме Департаментке телеграф арқылы жіберіледі».
2-бетте Әлекеңнің өз қолымен толтырылған сұранысы бар:
«Орман департаментіне Ғалым ормантанушы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтан өтініш
Санкт-Петербург Орман шаруашылығы институтын 1894 жылы бітіріп, сол саладағы ведомствоға қызметке тұру ниетімен, Орман департаментінен мені Орманшылар корпусына тіркеп, Омбы Мемлекеттік Мүліктер Басқармасы жанынан қайтадан ашылып жатқан орман мектебіне, оқытушы лауазымына тағайындауды сұраймын.
Менің құжаттарым Мемлекеттік Жер Мүліктері Департаментінде жатыр, оны осы жылдың 28 ақпанында жоғарыда аталған партиялардың біріне қызметке алу туралы сұраныс жасай отырып жолдаған болатынмын».
Омбы 2 мамыр 1895 ж.
3-бетте Санкт-Петербург Орман институтының аттестаты тігілген.
Онда: «Аттестат Санкт-Петербург Орман институты Кеңесінен, сұлтан Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановқа берілген, діні – мұсылман, 1870 жылы туған, Омбы Техникалық училищесінде тәрбиеленген, 1890 жылы Институттың тыңдаушысы ретінде қабылданып, ғылымның толық курсынан өтіп, институттың барлық пәндері бойынша сынаққа шыдап, төмендегідей үлгерім көрсетті:
Ботаника – 5 (өте жақсы),
Дендрология – 4 (жақсы),
Зоология – 5 (өте жақсы),
Минерология және Геогнозия – 5 (өте жақсы),
Химия – 5 (өте жақсы),
Почвоведение (Топырақтану) – 5 (өте жақсы),
Физика – 5 (өте жақсы),
Метеорология – 4 (жақсы),
Математика – 5 (өте жақсы),
Геодезия – 4 (жақсы),
Саяси экономия – 5 (өте жақсы),
Статистика – 3 (қанағаттанарлық),
Жалпы заңтану – 5 (өте жақсы),
Полиция құқығы – 5 (өте жақсы),
Орман және жерді межелеу заңдары – 4 (жақсы),
Ормантану – 3 (қанағаттанарлық),
Орман таксациясы және орманды бағалау –
3 (қанағаттанарлық),
Орманды орналастыру – 5 (өте жақсы),
Орман Инженерлік өнері – 5 (өте жақсы),
Орман технологиясы – 3 (қанағаттанарлық),
Неміс тілі – 3 (қанағаттанарлық).
1880 жылы 15 сәуірде бекітілген Санкт-Петербург Орман институты туралы Ереженің негізінде, 1894 жылы 12 қыркүйекте өткен Институт Кеңесінің отырысында Әлихан Бөкейхановқа, Ресей университеттері студенттеріне қатысты құқықтар мен артықшылықтардан бөлек, екінші дәрежелі ғалым орманшы атағы берілді» деп жазылған.
Аттестатқа Институт директоры, оның көмекшісі, хатшысы қол қойып, мөрі басылған.
4-бетте «Құпиялық» белгісімен Жер қатынастары және Мемлекеттік мүлік министрлігіне қарасты Орман департаментінің Ә.Бөкейхановты қызметке орналастыру туралы Полиция департаментіне жолдаған қатынас қағазы тіркелген.
5-бетте сол хатқа Полиция департаментінің берген жауабы келтірілген. Онда аталмыш департамент тарапынан Әлихан Бөкейхановтың орман ведомоствосы бойынша мемлекеттік қызметке орналасуына кедергі болмайтындығы, қарсылық жоғы жөнінде мәлім етілген.
6-7-беттерде ақырында Әлекеңнің жоғарыда аталған қызметке тағайындалғаны жөніндегі бұйрық берілген. Бұйрық 1895 жылдың 17 шілдесінде шыққан:
ІІ дәрежелі Ғалым ормантанушы Бөкейхановты орманшы көмекшісі және төменгі орта мектебінің оқытушысы етіп тағайындау туралы
Санкт-Петербург Орман шаруашылығы институтының курсын аяқтаған ІІ дәрежелі Ғалым орманшы Әлихан Бөкейханов, діні – мұсылман, жасы 25-те, өзіне Ақмола облысының Омбы орманшылығының орманшы көмекшісі және ағымдағы жылдың қыркүйегінен осы орманшылықта ашылатын төменгі орман мектебінің оқытушысы қызметін беру туралы сұраныс білдіреді.
Қорытынды. Аталған сұранысты қанағаттандыруға қарсылық, кедергі жоқтығын ескере келіп, Орман департаменті мынадай тұжырым жасады:
а) бекітілген тәртіппен, Бөкейхановты орманшының көмекшісі қызметіне, сонымен қатар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен төменгі орман мектебінің оқытушысы қызметіне тағайындау туралы ұсыныспен шығу;
б) жоғарыдағы бұйрықты орындау мақсатында Бөкейханов мырза Омбы Мемлекеттік мүлікті басқару басқармасына жіберілсін.
Осы ұсынысты іске асыру үшін Орман департаменті Жоғары мәртебелі Сізден рұқсат сұрайды.
Одан кейінгі беттерде Орманшылар корпусы бойынша бұйрықтар, Ә.Бөкейханов еңбек еткен жылдарғы аттестациялардың қорытындылары берілген. Сол аттестация қорытындылары бойынша Ә.Бөкейхановтың қызмет дәрежесі де өсіріліп отырған. Мәселен, 1-дәрежелі аксессор, т.с.с.
Тағы бір құнды құжат Мемлекеттік жер мүліктері департаментінің 1897 жылғы 7 мамырда жазылған мәлімдемесі.
Орман департаментіне
Дала облыстарын зерттеу жөніндегі экспедицияның меңгерушісі Ф.А.Щербина Мемлекеттік жер мүліктері департаментіне Омбы орманшылығы орманшысының көмекшісі және Омбы орман мектебінің оқытушысы Бөкейхановтың өзінің атқарып отырған лауазымынан қол үзіп кетуіне байланысты өзін Орман корпусы бойынша қалдыра отырып немесе аталған департаментке тіркей отырып, аталған экспедиция құрамына қосуды сұраған өтінішін жолдаған екен.
Осыған байланысты Мемлекеттік жер мүліктері департаменті Орман департаментінен аталмыш өтінішке қарсылық білдірмеуді, Бөкейханов мырзаның аталған сұранысын қанағаттандыруға қатысты департамент тарапынан қандай да бір кедергі кездеспегендіктен, оны Орман корпусында мүмкіндігінше белгілі бір мерзімге қалдыруды өтініп сұрайды.
Құжатқа бөлімше бастығы Заркевич қол қойған.
Ең соңғы бетте ғалым орманшы Әлихан Бөкейхановтың тағы бір сұранысы келтірілген. 1915 жылдың 4 қаңтарында жолданған қатынас қағазда былай деп жазылған:
«Орман департаментінен мені Дон жер банкіне жеке орман қызметіне жіберуді сұраймын. Қазіргі кезде осында қызмет етемін, банкке Самара, Сибирск, Қазан, Уфа және Орынбор губерниялары бойынша кепілге қойылған орманды жерлерді бағалаумен айналысамын. Менің қызметіме қатысты шығарылған шешім жөнінде хабардар етуді өтінемін, тұрғылықты жерім: Самара қаласы, Қазан көшесі, №30-үй».
Бір айта кетерлігі, мұрағат материалдары арасында Әлекеңнің фотосуреттері жоқ. Есесіне дипломының түпнұсқасы сақталған.
Самара кезеңі
Әлекең үшін үлкен өмірлік мектеп болған өңір – Самара жері. Ол Дон жер банкінде қызмет жасап, 1917 жылғы Октябрь көтерілісіне дейін осы жерде еңбек еткен. Әлихан Бөкейханның шығармашылық тұрғыда өсуі, саяси қайраткер ретінде қалыптасу кезеңі осы жерде өтті. Самара топырағында шыңдалып, күллі қазақтың Алаш ордасын басқарып, ұлт-азаттық жолындағы көрнекті қайраткерге айналды. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл өңір Әлекең үшін космодром болды.
1908 жылы Самара қаласындағы Дон жер банкінде қызмет жасап жүргенде Әлекеңнің өмірінде аса маңызды оқиғалар болды. Саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген Әлихан аз уақыттың ішінде күрескер ретінде танылып, аймақтағы беделді тұлғаға айналды. 1908 жылы «Сибирьские вопросы», «Речь», «Слово» басылымдарымен байланыс орнатқан. Сол жылдарда Әлиханның Ресей империясының жер саясатын сынап жазған материалдары баспасөз бетінде жарық көрді.
1912 жылдың 24 қарашасында Самараның барлық революциялық күштері тоғысқан жиналысқа қатысты. Бұл жиында октябристерден бастап солшылдарға дейінгі барлық саяси ұйымдар бас қосқан еді. Бұдан бөлек, 1908-1917 жылдарда Ф.А.Брокгауз, И.А.Ефронның «Жаңа энциклопедиялық сөздігінің» редакциялық алқасы құрамына еніп, VIII – XXII томдарын шығаруға атсалысты.
1914 жылы социал-революционерлердің съезіне қатысып, «Ресейдегі қазақтардың жағдайы» атты баяндама жасады. Сонымен қатар Самара губерниясының атынан Мемлекеттік думаға мүше болған «Эсер» партиясының жетекшісі А.Ф.Керенскиймен кездесті.
1915 жылы конституциялық-демократиялық партияның мүшелігіне қабылданып, қазан айында Самарада өткен партия мәжілісіне қатысты. Онда жеңіске жету үшін күш салу, меньшевиктермен одақтасу, кадеттердің IV Бүкілресейлік съезіне дайындық жұмыстарын жүргізу, т.б мәселелер қарастырылды. Әлихан Самара губерниясының көрнекті жетекшілерінің бірі ретінде кадеттердің орталық органы құрамына енді. Сонымен қатар Семей қазақтары атынан Петербургте өткен Ресей мұсылмандар съезіне (1914 ж. 15-25 маусым) делегат болды.
Әлекең туралы
Самарада жарық көрген энциклопедияда оның орыс қоғамындағы лақап атының Александр Николаевич Букейханов болғаны туралы айтылған. Сондай-ақ оның өміріндегі маңызды кезеңдер қамтылған. Энциклопедия жазбасында «Букейханов, Александр Николаевич (шын есімі – сұлтан Әлихан Нұр-Магомедович. 1870-1937ж.а өмір сүрген) Саяси қайраткер, 1905 жылдан бастап Кадеттер партиясының мүшесі, 1-ші Семей губерниясының атынан сайланған Мемлекеттік думаның депутаты, «Алаш» қырғыз ұлттық партиясын құрушы, агроном-ғалым, Шыңғысханның ұрпағы 1912 жылдан бастап 1917 жылы желтоқсан айында «Алаш-Орда» партиясының төрағалығына тағайындалғанға дейін Самара қаласында тұрды. Орыс халықтық денсаулық сақтау қауымдастығы Самара бөлімшесінің мүшесі, Самара кадет ұйымының көшбасшысы болды. Самара губерниясында Алаш көсемінің туысқандары тұрды. Олар – Самара мен Новоузенко уездерінің жер иеленушілері князь Измайл-бек Ахметұлы Шыңғыс Бөкейханов пен сұлтан Шалкерей Сейіт Гиреевич Бөкейханов еді. Тарихтан белгілі 1934-1936 жылдары болған жаппай репрессияға ілігіп, 1937 жылы Алматыда (ол кездерде Алма-ата) қарулы көтеріліс жасамақ болды деген кінә тағылып ату жазасына кесілді (Үкім орындалды)» деп анық жазылады.
Елшин және Бөкейхан
Әлихан Бөкейхан өміріндегі Самара кезеңі туралы айтқанда Александр Елшин есімін тасада қалдыруға болмайды. Екеуі саяси оқиғалар барысында табысып, кейбір мәселелерге қатысты ортақ көзқараста болған. Тіпті, Александр Елшиннің масондық ложаға қабылдануына Әлихан Бөкейханның ықпалы болған екен. Ол туралы тарқата жазамыз, әзірге Александр Елшин кім? Оның Әлекеңмен қандай байланысы бар? Осыған тоқталып өтсек.
Александр Елшин – Самара археология қоғамының төрағасы, өлкетанушы, Самарадағы кадеттер партиясының бөлімін ұйымдастырушылардың бірі әрі хатшысы, Санкт-Петербург университетінің түлегі. Самара округтік сотында адвокат ретінде қызмет атқарған. Ол большевиктердің қырып-жою арқылы әлемді өзгерту тәсіліне қарсы көзқараста болған. ХХ ғасырдың бас кезінде Самараның қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан тұлға. Мәселен, 1905 жылы қоғамдық-қауіпсіздік комитетін ұйымдастыруға атсалысты. Ал 1904-1906 жылдар аралығында «Самара атшабары» газетінің редакторы болды. Ақ патшаны тағынан тайдырған Ақпан революциясынан кейін Қазан төңкерісіне дейінгі аралықта халық билігі атқару комитетінің мүшесі болған.
Александр Елшин өте үлкен кітап қорын жинақтаған. Бүгінде оның кітаптары Самара облыстық кітапханасындағы А.Елшиннің жеке қорында сақтаулы.
1918 жылы Самара өлкесінің тарихы жөніндегі хронологиялық анықтамалық – «Самара шежіресін» құрастырып, жарыққа шығарған. Оның жеке қорында кәсіби қызметі туралы құжаттар, Самара тарихы жөнінде жинақтаған материалдар, Самара кадеттер партиясының мүшесі ретіндегі саяси қызметін көрсететін құжаттар, сонымен қатар жазба күнделіктері мен естеліктері бар. «Самара в 1914-1915гг.» атты еңбегінде Әлихан Бөкейханмен кездесуі жайлы жазған. Сондай-ақ оның естеліктерінде Әлиханның Масондық ложаның мүшесі болғаны туралы да айтылады.
Масондық ложа
Өткен ғасырдың оқымыстыларының көбі өмірінің маңызды сәттерін күнделікке жазып отырған. Бұл әдет А.Елшинде де болды. Оның өз қолымен жазылған күнделіктері мен өлкетануға арналған құнды қолжазбалары Самара облыстық архивінде сақталған.
Ол өз естеліктерінің бірінде 1914 жылдың 12 маусымында Самараға А.Ф.Керенский мен Н.В.Некрасов келгенін жазады. Жай келмеген. Олар Александр Елшинді масондық ұйымға өтуге үгіттейді.
«Бұл мені ерекше таңқалдырды. Бұл ұйым мен оның рәсімдері ерте замандарда ұмыт қалған шығар деп ойлайтын едім. Әңгімеміздің соңында мен олардың ұсынысына келісім бердім. Ұйымға қабылдау Казанская көшесі №30 Субботина үйіндегі В.А.Кугушевтің пәтерінде өтетін болды. Әлихан Бөкейханның бұл бауырластыққа бұрыннан мүше болғанына және А.Керенский, Н.Некрасов және менің арамда дәнекер есебінде жүргеніне күдігім қалмады. Келесі күні мен В.Кугушевтің пәтеріне келдім. Әлихан мені төргі бөлмеге алып барып, «Устав ережесі» бойынша мен әзірге «бауырлардың» ешқайсысын көре алмайтынымды жеткізді. Артынша маған жеке басыма, отбасыма, қоғамға, мемлекетке және адамзатқа қатысты көзқарастарым туралы сұрақтар жазылған парақ ұсынып жазбаша жауап беруімді өтінді. Өзі шығып кетті.
Біраз уақыттан соң ол қайтып келген кезде мен жауап жазылған парақты қайтарып бердім. Ол «бауырлар» менің көзқарастарымды қарастырып, соған сай шешім шығаратынын айтты.
Біршама уақыттан соң ол қайтып келіп, менің көзімді байлады және шешпеуімді сұрады. Шамалыдан соң Керенский менің бауырластықтың жоғарғы кеңесі алдында тұрғанымды жеткізді. Бірқатар сұрақтар қойылды. Осыдан соң мен бауырластықтың антын қабылдап, құрамына қабылдандым», – делінген Александр Елшин естелігінде.
Түрлі деректер бойынша, Ресейде масондық ложалар 1730 жылдан бастап құрылған. Оның құрамына түрлі көзқарастағы және қоғамдық топтардағы тұлғалар енді. Бұл бауырластықтар XVIII – XIX ғасырлардағы қоғамдық қозғалыстарда маңызды рөл атқарды. Кейін ХХ ғасырда масондық ложаларды қайта жаңғырту әрекеттері тіркелді. Олардың құрамына саяси партиялардың мүшелері, мемлекеттік дума өкілдері кірген. А.Елшин естеліктерінде 1914 жылы аталмыш ұйымға Самара қаласынан 5 адамның қабылданғаны айтылады.
Осы орайда, бір ескере кететін жайт, бүгінде жұрттың көбі масон сөзінен үркіп, аталмыш ұйымды құбыжыққа теліп жүр. Әйтсе де, Әлихан Бөкейхан ұлт мүддесі жолында кіммен болса да дос болып, одақтас болуға дайын болған. Бұл оның қайраткерлік қырының бір көрінісі емес пе?!
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі
(Жалғасы бар)