Біздің газетіміздің алғашқы саны 1920 жылдың 22 ақпанында «Кедей сөзі» деген атпен Омбы қаласында жарық көрді. Ол кезде Омбы губерниясының ғана емес, исі қазақтың игі жақсылары тоғысқан, әдебиет пен ғылымның да орталығы болатын. Қазақтың оқығандары сол кезде ең алдымен елдің сауатын ашуға ұмтылды. Оның бір тиімді жолы үнжариялар шығару еді. Осындай Ұлы Далада «Айқап», «Тіршілік», «Жас азамат», «Қазақ» сияқты газеттер бүршік жарып, оқырманға жол тартқанын тарихтан білеміз. Қазақ баспасөзінің қарлығаштары ғасырлар бойы тусыраған дала тәніне толқын салды, ел-жұрттың көкірегіне сәуле шашты.
Балауса басылым – «Кедей сөзі» нақ осы кезде ақпарат кеңістігіне қанат қағып, қазақ елінің көгіне күн болып шығуды, қараңғы халықтың сауатын ашуды алдына мақсат етіп қойды. Әрине оған сол кездегі жағдай да оң ықпал еткені сөзсіз. 1919 жылдың 27 тамызында Сібір төңкеріс комитеті құрылып, Қазақстанның Ақмола және Семей облыстары Сібір ревкомына қарайтын болды. Кешікпей оның органы ретінде «Кедей сөзі» газетін шығару туралы шешім қабылданды.
Ғасырлар тоғысында елінің болашағына, ұлтының тағдырына алаңдаған Алаш арыстары: «Көтер басты! Аш көзді! Таста керенау жалқаулықты! Қайраттан, сілкін! Жармасыңдар бос шашылып жатқан ғылым-білім жемістеріне! Хат білмегенің білуге, тануға қам қылып, түпке жеткен надандықтан құтылуға кірісіңдер!» – деп ұран тастады, жұртшылықты оятар рухани қазына жолына «Сал малды, сал жанды. Аянба!» деп үгіттеді. Мұндай саңқылдаған үн, лапылдаған леп, түнекте тұншыққан қазақ кедейлерін елең еткізгені анық.
Өтел Сарин деген автор газеттің алғашқы санында жарияланған «Оян, бейнетқорлар!» деген мақаласында: «Қас кім? Дос кім? Айыра алмай дал болып жүрмеңдер, бұл дәурен екі айналып келе бермес!.. Біз де, міне, «Кедей сөзі» деген, атында да, затында да басқалық жоқ, сендердің мұң-мұқтажыңды қарастыратын газет шығарып, алдарыңа ұсынып отырмыз... қолға алып қарап, телміріп оқыңдар! Айнадан жүз көргендей: қандай жайда, қандай күйде жүргендеріңді көресіңдер...Теңдік жуан қамшы мен жуан білекте емес, жуан білімде. Оны жақсы ұғыну керек», деп оқырманға жаңа басылымның өмірге келгені туралы сүйінші хабарды жеткізе отырып, газет қызметкерлерінің алдында тұрған міндеттерге де жан-жақты тоқталады.
Газетте «Кедей сөзінің» редакциялық алқасының мүшесі болған «Қазақ жастары ой-санасының әміршісі» атанған (С.Сәдуақасов) Мағжан Жұмабаевтың түрлі тақырыпқа жазған мақалалары жиі жарияланып тұрды. Ол өз материалдарына «Жәжеке» деп қол қойды. Мағжан Жұмабаев «Автономия кімдікі?» («Кедей сөзі»,12.01.1921ж.) деген тақырыппен жариялаған еңбегінде: «Бостандық елдікі! Автономия елдікі!... Айлы, күнді, қанды, отты тарихы бар кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар, басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі» деп қараңғы қазақ елінің аспанын торлаған қою бұлтты сейілтуге, күмәнмен, күрсінумен күні өткен кедей-кепшіктің көңіліне сенім отын ұялатуға ұмтылады.
Ұлтымыздың асыл перзенттері Смағұл Сәдуақасов пен Қошке Кемеңгеров те жас газеттің жұмысына белсене араласты. Смағұл Сәдуақасов «Кедей сөзінің» 1920 жылғы 1 сәуірдегі санында жарияланған «Біздің жол» деп атаған мақаласында: «Осы күнгі болып жатқан үлкен ауыр іс, төңкерістен кейін қазақ халқы, оның еңбекшіл табы тұрмыс жүзінде қандай орын алмақ?» деген сауал төңірегінде ой қозғап, «Соны шешу – біздің бірінші мәселеміз. Ол алатын орынға қандай іс істеуіміз керек? Бұны шешу – екінші мәселеміз. Ол істейтін істеріміз жемісті болып шығу үшін нендей әдіс тұтамыз? Бұл – үшінші мәселеміз. Һәм жоғарғы айтылған үш мәселені шешу үшін бізге жалпы бір иман есім керек. Бұл иманымыздың түрін белгілеу – төртінші мәселеміз» деп жастарды, өз құрбыларын «қазақтың пайдасын іздеуге, сөзін сөйлеуге» шақырады.
Губерниялық қазақ газетінің қалыптасып кетуі оңай болған жоқ. Мысалы, «Кедей сөзінің» бірінші саны 1920 жылдың ақпан айында шықса, екінші саны оқырман қолына желтоқсанда ғана тиді. Газет шығару халық ауызекі тілден гөрі сауатты, тасқа басылған, әріптермен әдіптелген кітап сөзіне зәру екенін ерте түсінген, қараңғылықтың шеменіне шегенделген ұлттың рухани бостандығын, сана сілкінісін баспасөз ғана оятатынына сенген Алаш арыстарының арманы еді. Сондықтан олар ештеңеден аянған жоқ.
Міне, содан бері бір ғасыр артта қалды. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың өзі сияқты газетіміз де талай қиындықтарды бастан кешті. Ол Сталиннің қуғын-сүргінін де, Хрущевтің «жылымығын» да, Брежневтің «тоқырауын» да бастан өткерді. Заман талабына сай атауы да «Бостандық туы», «Кеңес ауылы», «Ленин туы», «Солтүстік Қазақстан» болып бірнеше рет өзгерді.
Қазақ автономиясы құрылуына байланысты Омбы губерниясының әкімшілік аумағында езгерістер болғаны белгілі. Қазақ автономиясы құрамында Ақмола губерниясы ұйымдастырылып, оның орталығы Петропавл қаласы болып бекітілді. Соның өзінде 1921 жылдың бесінші наурызында «Бостандық туы» деген атау алған газеттің тұңғыш саны төрт мың данамен Омбыдағы қазақ өкілдігінің баспаханасында басылып шықты. Өйткені газетті Петропавлға көшіру, қағаз тапшылығын жою және басқа да аса күрделі, күрмеуі көп мәселелерді шешу керек болды. Осындай қиын-қыстау кезеңде араға ай салмай Жанұзақ Жәнібеков, одан соң Сабыр Айтқожин сияқты азаматтардың газетті басқарғаны «Бостандық туы» тап болған қиыншылықтарды көзге елестетеді. Жалпы, жеті жыл жарық көрген «Бостандық туына» жауапты редакторлар ретінде Ж.Сұлтанбеков, Ш.Ералиев, Ж.Жәнібеков, С.Сапарбеков, Ж. Тілепбергенов, Ж.Тәттібаев, М. Қайыпназаров қол қойған.
1932 жылдың қыркүйек айындағы деректерге қарағанда, «Бостандық туы» айына 6-8 мәрте екі мың данамен ғана шығып тұрған. Ал губернияның аумағына бүгінгі Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары түгелімен және Қарағанды облысының біраз жері кіргенін ескерсек, газеттің таралымы теңіздің тамшысындай ғана екені аңғарылады.
Дегенмен, газет қолға қалам ұстап, сөзді қару етіп есею күресіне шыққан қазақ жазушыларының қатарын қалыптастыруға зор ықпал етті. Зиялы деген ұлттың ұлы тұлғалары мақалаларын, әңгіме-жырларын осы газетте жариялады. Солардың ішінен сайдың тасындай суырылып шыққандары ақиық ақын Мағжан Жұмабаев пен қаламы әсте мұқалып көрмеген Сәбит Мұқанов болды. Сәбең «Есею жылдары» романында өзі «Бостандық туында» қызмет еткен осы жылдар жайына тоқталады да «Қызылжар» романын жазған Мәжит Дәулетбаев пен ақын Жақан Сыздықов жөнінде сүйсінерлік әңгіме шертеді. «Бостандық туының» көрігінде шыңдалғандардың қатарында Сейітжан Омаров, Жиенғали Тілепбергенов, Жұмағали Саин, Асқар Тоқмағамбетов, Шахмет Құсайынов, Ғалым Малдыбаев та бар. Олар да осында қалам тербеп, әдебиет асуларына өрледі.
1928 жылдың күзінен 1932 жылдың көктеміне дейін Петропавл округтік партия және атқару комитеттерінің үні болған «Кеңес ауылы» газетін басқару, уақытында шығарып тұру жеңіл болған жоқ. Бұл Сталиннің партиядағы, ал сонымен бірге бүкіл елдегі билікті бір өзінің қолына алып, тізгінді сыңар езулете тартқан қанкешті тұсы еді. Оның үстіне Голощекиннің «Кіші Қазан төңкерісі» қазақ даласын індеттеп, қоғадай қиған кезде қазақ қауымында әшкерелеу, жар астынан жау, бөрік астынан бөрі іздеу кеселге айналды. Байларды, жауларды әшкерелеу газеттің негізгі айдары болды. Тегершіктің тегеуріні зор еді. Ол қаншама тағдырларды ұлтарақтай таптап, ұнтақтай уатып кетті. Өзгерістер өктемдікпен орнықтырылды. Бұл газетке де зор кесел әкелді. Басылым үшін, әсіресе 1932-1937 жылдардың қайғы-қасіреті көп болды. Нақ осы жылдары «Ленин туының» алғашқы редакторлары Есіркеп Қалымбетов, Елжас Бекенов, Әбдірахман Айсарин, Зәйтүн Сыздықов атылып кетті.
Тың және тыңайған жерлерді игерудің аяғы келімсектердің қаптауына әкеліп соқты. Сөйтіп қазақ өз отанында азшылықта қалды, ордасының діңгегі шайқалды. Шаруашылықты ұйымдастырудың шоғырландыру әдісі белең алғандықтан әкімшілік аумақтар шекаралары бөлекше құрылымға көшті. Соның кесірінен қазақ басылымдары зардап шекті. Облыстар қысқартылып, өлкелер ұйымдастырылды, газеттер жабылып қалды. Ақыры «Ленин туы» да жабылып, өлкелік партия комитетінің үні ретінде «Тың өлкесі» газеті ұйымдастырылды. Ұлт басылымының ең бір өгейлік көрген кезі осы тұс еді.
Мұның бәрі қандай өкінішті болса да, өңірлік газет осы жылдары жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Сол жылдары «Ленин туында» өмірдің өзекті тақырыптарын арқау еткен очерктер, суреттемелер, сыни мақалалар, фельетондар, шалқымалар үздіксіз жарияланып жатты. Осы арада кезек-кезегімен газет тізгінін алған Өміржан Оспанов, Ғалым Мұхамеджанов, Балтабек Асанов, Құрмантай Меңдіқожин, Уәп Рақымжанов сынды қаламгерлердің газетті іскерлікпен басқарғанын, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдардың ауыр жүгін абыроймен арқалағанын айту парыз.
Бір ғасырдың ішінде шаңырақтың әрбір кірпішін өз қолымен қалағандардың қатарының қалыңдығы сондай оларды санамалап шығу мүмкін емес. Десек те қазақтың көрнекті жазушылары Әбдірахман Айсариннің, Әлжаппар Әбішевтің, Әбділдә Тәжібаевтың, Дихан Әбіловтің, Сафуан Шаймерденовтың әр кезеңде «Ленин туы» газетінің редакциясында қызмет істеп, қаламдарын ұштағанын мақтан етпеу мүмкін емес, әрине. Бұл есімдер қазақ әдебиетінің ажарына айналғанын сөз құдіретін түсінетін оқырмандар жақсы біледі. Осының өзінен-ақ газеттің берісі облыста, әрісі республика көлемінде журналистиканың ғана емес, сонымен бірге әдебиеттің де бір мектебі болғаны анық аңғарылып тұр.
Қазақ баспасөзінің бастауында тұрған, халық «қарашаңырақ» деп қастерлейтін, Есіл өңірінің болмысындай өріліп, өмір құбылыстарын боямасыз өрнектеп келе жатқан, ғұмыры ғасырмен өлшенетін басылым – «Солтүстік Қазақстан» газетінің жүріп өткен жолы осындай.
Қаламгерлердің бүгінгі буыны да Алаш ардақтыларының аманатына адалдығын сақтап, халықтың сөзін сөйлеуден, мұңын мұңдап, жоғын жоқтаудан жаңылмай келеді. Ұжымымыз тәуелсіз еліміздің өміріндегі оң өзгерістерді халыққа жедел әрі шынайы түрде жеткізіп, мемлекетімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың түпкі мақсатын, жалпы халықтық мүдделерді, басты құндылықтарды негізгі тақырыбына айналдырып отыр. Біз еліміздегі, өңіріміздегі тыныштық, халықтар арасындағы ынтымақ-бірліктің сақталуы үшін де жауапты екенімізді жақсы түсінеміз, шама-шарқымызша оған өз үлесімізді қосып келеміз.
Қауырт еңбекке, тынымсыз ізденіске толы – 100 жыл! Бұл – газет ұжымы, қалың оқырмандар үшін ғана емес, бүкіл солтүстікқазақстандықтар үшін мерейлі белес! Бүгінгі қым-қуыт тіршілікті желеу етіп, оны елеусіз қалдырсақ, ұлыларымыздың ұрпаққа ұлағатына, елге аманатына қиянат жасаған болып шығар едік. Осыны ескеріп, біз мерейтойға әзірлікті ерте қолға алдық. Бірден басын ашып айтуымыз керек, мерейтой дегенде біз аста-төк дастарқан жайсақ деген ойдан аулақпыз. Оны біз халық алдында есеп беретін, газеттің мазмұнын одан әрі байытуға, тартымдылығын барынша арттыруға ықпал ететін белсенді іс-қимыл кезеңі деп түсіндік. Міне, сондықтан да қыстың көзі қырауда ақ қар, көк мұзға қарамай аудан, ауылдарға шығып, оқырмандарымызбен кездестік. Кездесулердің барысында басылымның бүгінгі беталысы, ұстанымы, жүріп өткен жолдары, қол жеткізген шығармашылық жетістіктері әңгіме өзегіне айналды, алда тұрған міндеттер сараланды. Оқырмандармен кездесу барысында газетіміздің арғы-бергі тарихы туралы әңгіме қозғай отырып, ғасыр биігіне көтерілген абыз басылымның басындағы қиындықтарды да орап өте алмадық, соңғы жылдары газет таралымының күрт төмендеп кеткеніне назар аудардық.
Жасыратыны жоқ, арамызда «не қажеттің бәрін ғаламтордан да табамыз ғой» дегендей сыңаржақ пікірлердің жетегінде жүргендер де аз емес екен. Ұлы Абай «Қорқамын кейінгі жас балалардан» дегенде, күндердің күнінде осындай сорақылықтың алдан шығатынын сезген сияқты. Неткен көрегендік десеңізші! Біздің уәжіміз: дәуір алмасып, ұрпақ жаңарғанмен газет өзінің өзектілігін жойған жоқ, жоймақ та емес. Біздің басылым да ұлттың рухын көтеріп, халқымыздың намысын қайрап, өңір өмірін қара сөзбен кескіндеп, өлеңмен өрнектей береді. Бұл өмірлік қажеттілік!
Халықта: «Оқымаған бір бала, оқыса екі бала» деген тәмсіл бар. Әттеген-ай, бүгінгі ұрпақ газет-журнал, кітап бетін ашудан қалып барады. Бәрінің жүрегін ғаламтор, әлеуметтік желі деген бәле жаулап алған. Оны шынайы ақпарат көзі деп қарауға әсте болмайтынын, талғап, таңдап пайдаланбаса, ұлт үшін қауіптілігін былайғы жұртты айтпағанда ұстаздардың, көзі ашық деген азаматтардың өздері де түсінбейтін сияқты. Неше түрлі өсек-аяң, жүректі жаралайтын жалған сөздер осы ғаламтор арқылы тарап, халықтың ой-санасын улап жатыр. Ашығын айттық. Ақиқатын өздері ажыратып алар.
Бұл мәселе Солтүстік Қазақстан университетімен бірлесіп өткізген ғылыми-тәжірибелік конференцияда да назардан тыс қалған жоқ. Конференцияға Нұр-Сұлтаннан, Шымкенттен, Омбыдан (Ресей), тағы басқа қалалардан келген белгілі ғалымдар жүз жылдық тарихы бар басылым жайлы өрелі ой өріп, қатысушыларға тың деректер ұсынды. Сөйтіп газетіміздің тарихын бұрынғыдан да байыта түсті.
Тарих демекші, осыған дейін біз мерейтойлар кезінде газетіміз жайлы «Дәуір-дастан», «Қызылжар өңірінің шежіресі», «Қарашаңырақ» деп аталатын үш кітап шығарған едік. Газет тарихын зерттеу биыл да жалғасып, жаңа кітап баспаға тапсырылды. Осы кітаптардың барлығында әр кездері газетте қызмет істеген адамдардың тізімі берілген. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде биыл бұл тізім жаңа адамдармен толықты. Олардың қатарында қазақтың біртуар ұлы, атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасов та бар. Омбы мұрағаты материалдары негізінде дайындалған «Омбы – Ертіс өңірінің қазақтары» деп аталатын энциклопедияда атақты бабамыздың 1917-1920 жылдары жергілікті баспаханада жұмыс істегені, «Кедей сөзі» газетін шығаруға қатысқаны жазылған. Бұл да біз үшін зор мақтаныш!
Шежірелі басылым «Солтүстік Қазақстан» газеті өңіріміздің айнасы ғана емес, баға жетпес ұлттық құндылық болып табылады. Осыны жақсы түсінген жергілікті университеттің ғалымдары, облыстық архивтің қызметкерлері, журналистер басылым тарихына қатысты іздестіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруда.
Мерейтой бағдарламасы аясында Петропавлдағы Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің ұжымымен бірге ұйымдастырылған жас ақындар мүшәйрасы да газетіміздің беделін арттыруға ықпал ететін шара болды десек қателеспейміз. Айта кететін бір жайт мектеп оқушыларының «Солтүстік Қазақстанның» тарихына, бүгінгі тіршілік-тынысына қызығушылығы бәсеңсір емес. Олар алдын ала жасалған кестеге сәйкес апта сайын редакция табалдырығынан аттап, газет өмірімен танысуда.
Мереке қарсаңында өңір журналистері бильярдтан, шағын футболдан күш сынасып, облыстық газеттің жүлдесі үшін күресті. Бұл игі бастама алдағы уақытта жалғасын тауып, барлық аудандарда мектеп оқушылары арасында ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылмақ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «Солтүстік Қазақстан» газеті қазіргі заман талабына сай жаңғырып, ғасырлық мерекесін толайым табыстармен қарсы алып отыр.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры