Экономика • 24 Ақпан, 2020

10 жыл субсидияланған саланың жыры

442 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мал шаруашылығындағы тауарлы-спецификалық субсидияларды қысқарту мемлекеттік бағдарламасының аясында биылдан бастап тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидия­лау тоқтатылады деп жоспарланған. Осы шешімге орай соңғы уақытта құс фабрикалары басшыларының, сондай-ақ Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының тарапынан түрлі пікір айтыла бастаған-ды. Әлеуметтік желіде де әлеуметтік маңызы бар тамақ қымбаттап кететін болды деп ерте бастан дабыл қаққандар бой көтергені рас. Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялаудың неліктен тоқтатылатыны туралы жан-жақты түсіндіріп, салада қалыптасқан ахуал туралы жан-жақты мағлұмат берді.

10 жыл субсидияланған саланың жыры

Жалпы, жұмыртқа өндірісі елімізде соңғы он жылда екі еседен астам өсіп, импорт көлемі де айтарлықтай ұлғайғанын айта кету керек. Жұмыртқа өндіре­тін ең ірі 35 фабриканың басым көпшілігі Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Алматы облыстарында шоғырланған. Саланы субсидиялау жаңадан басталған 2010 жылы отандық кәсіпорындар 3,3 млрд дана жұмыртқа өндіріп, ішкі нарықтың қажеттілігін тек 70 пайызға қамтамасыз етіп, мем­лекет жылына 150 млн жұ­мыртқаны шетелден алатын. Отан­дық жұмыртқаның 64 па­йызын агроқұрылымдар, қалғанын жеке шаруалар өндіретін. Арада 3 жылға жетпейтін уақыт ішінде импорт көлемі жылына 21 млн-ға төмендеп, есесіне экспорт 58 млн-ға жеткен. Жұмыртқа өндіру­шілер қауымдастығының бұр­нағы жылдардағы дерегі­не көз жүгіртсек, 2018 жылы Қазақ­стандағы құс фабрикалары­­ның түгелге жуығы ішкі нарықты бы­­­лай қойып, өнімдерінің 10-40 па­­йы­зын экспорттауға көшіпті. Әри­не бұл жетістіккке 2010 жылдан бастап үздіксіз жүргізіліп келген мемлекеттік субсидиялаудың оң ықпалы тигені түсінікті.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің баспасөз қызметі субсидия бөлу жұмыстары туралы «Бұл ретте жұмыртқа ба­ғы­­тын­дағы құс фабрикалары «ин­­вес­­тициялық субсидия» (са­лын­­ған инвестицияның 25%-ы), «несиенің және лизингтің па­йыз­дық мөлшерлемесін суб­сидия­лау», «соңғы нысандағы жұмырт­қа бағытындағы асыл тұ­қымды тәуліктік төлді сатып алу» және «тағамдық жұ­мырт­қа өндірісінің құнын арзандату» сияқты мемлекеттік қолдау түрлерімен қамтылды. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияның көмегімен 10 жыл ішінде құс фабрикаларының өндірісі 83%-ға артып, жылына 4,3 млрд жұмыртқаға жетті. Үкімет жұмыртқа өндірушілерді қолдау мақсатында 2010 жылдан бастап 2019 жылға дейін «құс өсірушілерге» субсидия түрінде 75 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді», деп хабарлады.

Мемлекеттік қолдаудың нә­ти­жесінде осы 10 жылда құс шаруашылығы саласы жаңғырды. Фабиркалардың техникалары қайта жарақтандырылды. Оның көпшілігі мемлекет тарапынан берілген жеңілдетілген несие және инвестициялық салым­дарды субсидиялау арқылы жа­ңартылған. Яғни Үкімет тарапынан бөлінетін субсидия арқылы саланың жағдайы тұрақтанды деу­ге негіз бар. Бүгінде Қазақстанда құс шаруашылығы өнімдерінің жыл сайынғы өсімі осыны айқын көрсетіп отыр.

Мемлекеттің көмегімен жұ­мырт­қа өндірісіне бөлінетін суб­си­дия­ның нәтижесінде ішкі нарық­тың қажеттілігі 120%-ға қамта­масыз етілді. Яғни осы атал­ған фактілерді назарға ала отырып, қазіргі уақытта жұмыртқа өндіруге бағытталған құс шаруашылығы саласы елдің азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп тұр деуге болады. Министрліктің ұстанымы бойынша, енді саланы әрі қарай дамытуды мемлекеттің иығына артып қоюды шектеп, нарықтық жағдайға көшіретін, табиғи жолмен жүргізетін уақыт келгендей.

2018 жылы 670 млн дана жұмыртқа экспортталса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 1,5 млрд дананы құраған. Яғни құс фабрикалары өнімділігі жыл сайын артып келеді. Мемлекеттің қолдауын ұзақ жылдар бойы көрген сала ая­ғынан нық тұрғанын осы көр­­сеткіштердің өзі-ақ айқын аңғарт­са керек.

«Үкіметтің 2018 жылғы 24 шілдедегі №18975//423 қаулысы­мен бекітілген АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­лама­сында аграр­шыларды қаржы­ландыру­дың қолжетімділігін арттыру үшін «өнім бірлігіне арналған субсидиялар» деп аталатын «тауарлы-ерекше субсидияларды» кезең-кезеңімен қысқарту көзделген. Мал шаруашылығындағы тауар­лы-спецификалық субсидияларды қысқарту мемлекеттік бағдарламада 2020 жылдан бас­тап жоспарланған», делінген ми­нистрліктің түсініктемесінде.

Бұл орайда айта кетерлік мәселе, субсидия беруді тоқта­ту, «жұмыртқа шаруашылығы­на» мемлекет тарапынан енді мүлде көңіл бөлінбейді дегенді білдірмейді. Құс фабрикаларына сыйақы мөлшері жеңілдетілген несие беру, сондай-ақ өндіріс қуатын көбейту үшін тартылған инвестициялық шығындарды субсидиялау шаралары жалғаса береді. Яғни саланың ішкі нарық­ты қамтып, экспорттық әлеуе­тін арттыруына мүдделі екенін ми­нистрлік айқын байқатып отыр. Соған қарамастан, жұмыртқа өндірушілер «нарықты көрші елдердің өнімі жаулап алады» деп алдын ала дабылдатуда.

Жалпы, тағамдық жұмыртқа өнді­рісін субсидиялауға қатыс­ты өзгерістер болатыны былтыр желтоқсан айында белгілі бол­ға­нын айта кетейік. Ел Үкі­меті жыл соңында азық-түлік тауар­ларының импортын алмас­тырудың тиімділігіне жүргізілген талдауды ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің аграршыларға арналған субсидияларды қайта қарау жоспарын мақұлдаған-ды. Қабылданған шешімге сәйкес минстрлік өзін-өзі қамтамасыз ететін бірқатар сала бойынша субсидиялар­ды алып тастауды жоспарлап отыр. Аталған саланың қатарын­да жұмыртқа шаруашылығы да бар. Ендігі уақытта саланы одан әрі дамыту өткізу нары­ғын кеңейтуге және терең өңдеу­ге көшу арқылы өндірісті әртарап­тан­дыруға бағытталуы тиіс. Айта­лық, жұмыртқаны қайта өңдеуді дамыту жұмыртқа ұнтағы, меланж, ақуыз және құрғақ фер­мент­телген сарыуыз, құрғақ ж­ұ­м­ырт­қа қоспалары және тағы бас­­қаларын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл отандық кондитерлік және тамақ өнеркәсібін сапалы және арзан өніммен қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Бас­па­сөз қызметі хабарлағандай, ми­нистр­лік осы бағытта отандық жұ­мырт­қа өндірушілерді қолдауға дайын.