Аймақтар • 24 Ақпан, 2020

Шаһар шырайын шағын бизнес ашады

450 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Республикалық қала мәртебесін алғаннан бері Шымқаланың дамуына сын көзбен қарап, «шаһар дотациядан қашан құтылады?» деген пікірлер жиі айтыла бастады.

Дегенмен де Елбасының бұл шешімі Шымкенттің шырайын арттырып, дамудың даңғыл жолына түсіре бастады. Бас-аяғы екі жылдың ішінде шетелдік инвесторлардың назары ауған аймаққа айналып шыға келді. 

 

Шаһар шырайын шағын бизнес ашады

Инвестиция тартуға қабілетті қала

Ел ішінде шымкенттіктерге түрлі мінездеме беріліп жатады. Соның бірі – іскер, ең­бек­қор деген ұғымдар қала тұрғын­дарымен біте қайнасып кеткендей.

Қаланың іскерлік белсенділігі халықтың санымен ғана емес, экономикалық қуатымен де қар­қынды дамып келеді. Шымкент экономикасының орнықты дамуында өнеркәсіп саласының маңызы зор. Бұл салада биыл 26 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асыры­лып, 389 жаңа жұмыс орны ашыл­ды. Кәсіпкерлік санмен ғана емес, жаңа технологиямен жабдық­талған сапалы өніммен де толығуда. «Рахат Шымкент» ЖШС оңтүстіккореялық компа­ния­ның қаржысы есебінен құны 1,8 млрд теңгеге мармелад өндіру желісін іске қосты.

Қала аумағында 2 индустрия­лық аймақ және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында шет­елдік инвесторлардың қаржы­сымен көптеген ірі өндіріс орны ашылды.

Тарқатып айтар болсақ, 2019 жылдың қорытындысымен қалаға 194,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Соның ішінде мемлекеттік бюджет есебінен 45,9 млрд теңге, ал меншікті қаражат есебінен кірген қаржы 113 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде қалада польшалық «Polpharmagroup», оңтүстіккореялық «LОТТЕ», гер­ма­ниялық «Heidelberg Cement Group» компаниясы, қытайлық «Sin­YuanSteel», түркиялық «Кар­тал Хали» және басқа да ірі шетел­дік компаниялар белсенді жұмыс істей бастады.

Қала аумағында шетелдік инвес­торлардың қатысуымен 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 ин­вестициялық жоба жүзеге асы­рылуда.

Елдегі тұрақтылық пен Шым­кент­тегі өндіріске қолайлы мамыражай климат бұл көрсеткіштерді әлі де еселей түсетіні анық.

Бүгінде қалада жұмыс істейтін 2 индустриялық аймақтың жері толық игерілген. Яғни аталған аймақ­тарда бүгінде құны 42 млрд теңгеге 67 жоба іске қосы­лып, 4 мыңға жуық адам тұрақ­ты жұмыспен қамтылып, ел бюд­же­тіне 16 млрд теңге көлемінде салық түскен. Сонымен қатар қала бо­йынша шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2,5 млрд долларды құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Қала әкімдігі инвестиция тарту мақсатында Сингапур, Түркия, Қытай, БАӘ, Ресей, Корея және Өзбекстанның әлеуетті инвестор­ларымен іскерлік кездесулер өткі­зіп келеді. Соның бір мысалы, өзбек инвесторларының қатысуымен өткен жылдың 5 жел­тоқсанында қалада бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған «Альянс» ЖШС (бұрынғы «Ютекс» АҚ) жіп иіру фабрикасы іске қосылды.

2019 жылдың соңына дейін 60 тонна, биыл 6 мың тонна мақ­та­ талшығы өнімдерін шы­ға­руға мүмкіндік туындап отыр. Екінші кезеңде бұрынғы «Ме­ланж» АҚ іске қосылады. Осылайша, жоғары сапалы тоқыма өнімдері Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Ресей елдеріне экспортқа шығарылады. Бұл өз кезегінде елімізде өңделетін мақта көлемін 2 есеге арттыруда.

Міне, Шымкентке берілген до­­та­­­циялық көмек осылай бірте-бір­те өз-өзін ақтап алуда. Осы қар­­қын жалғаса берсе, алдағы 4-5 жылда үшінші мегаполис ел қа­­зы­­на­сының тамырына кіріс ала келетін ірі донорға айналары сөзсіз.

 Сапалы автожол – экономиканың кепілі

Шығыс даналығында «Бай боламын десең, жылдам жол сал» деген қағида бар. Экономиканың күретамыры даңғырап жатқан іркіліссіз автожол екенін ескерсек, бұл заңдылықпен келіспеуге қақымыз жоқ. Ендеше, ірі қалалар үшін жол сапасы бірінші кезекте шешілетін мәселе болмақ.

Қазіргі таңда Шымкент қа­ласында автомобиль жол­да­рының жалпы ұзындығы 2 977 шақырымды құрайды.

Өткен жылы шаһарда 223,7 шақырым жол жөнделіп, оның 125 шақырымы пайдалануға берілді. Нәтижесінде, жыл қо­ры­тындысында сапалы жол құры­лысының үлес салмағы 56,5 пайызға жетті. Де­ген­мен, жол­дардың сапасын жақсар­тудан бөлек көлік кептелегін реттеу де өзекті мәселеге айналып отыр. Қалалық урбанизация процесімен Шымкенттің іргесіндегі аудан-қала тұрғындары қала­ға ағылуда. Осы ретте қаланың кіреберіс қақпаларының көлік ағынын өткізу мүмкіндігі өте төмен. Сал­дарынан қала ішіндегі ірі жол бөліктерінде таңғы, кешкі уақыт­тағы кептелекте кіжінген жүр­гізуші, кісінеген «темір тұлпар­лардың» дауысы қатты естіліп жатады.

Әсіресе шаһардағы Алматы – Ташкент пен Темірлан тасжол­дары­ның қиылысындағы жолай­рық құрылысы, Қонаев даңғы­лы­ның жалғасы мен айналма жо­лының қайта құру жұмыстары аяқталса, көлік ағынының тынысы ашыла түсер еді.

Жуырда қала әкімінің есептік кездесуінде шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қаланың магистралды жолдарының 75 шақырымында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

«Ірі жобалар қаладан шығатын барлық бағыттарды қамтып отыр. Соның ішінде Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісі құрылыс жұмыстарымен қамтылып, заманауи талаптарға сәйкес көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары автомобиль жолдары 2023 жылға дейін пайдалануға тапсырылады», деп еді әкім өз есебінде.

Тарқатып айтар болсақ, Алматы – Ташкент пен Темірлан тасжолдарының қиылысындағы жолайрық құрылысы екі кезеңге жос­парланған. Алғашқысы, орта­лық мешіт – Ақмешіт пен «Бекжан» базарының тұсы 2018 жылы пай­далануға берілді. Ал екінші кезеңнің құрылыс жұмыс­тарына 800 млн теңге қарасты­рылып, былтыр 400 млн теңгесі иге­рілді. Келесі кезекте «Алаш» ба­зары мен «Бипек авто» сауда үйі­нің маңындағы оң жақ өткел құры­лысын 22 наурызға дейін аяқтау жоспарда тұр.

«Жол өткелдерінің рес­ми ашылуы қыркүйек айына көз­деліп отыр. Дегенмен, Алматы – Ташкент, Қызылорда – Шым­кент бағытындағы автомагис­тралды түйістірген жолайрық құры­лысының екінші кезеңінде жерді босатуға байланысты біршама қиындық туындаған. Алайда тұрғындармен келіссөздердің нәтижесінде мәселе оң шешімін тауып, бүгінде жұмыс 90 пайызға бітті», дейді әкімдік өкілдері.

Жуырда шаһарда құры­лы­сы жүріп жатқан жолдар мен көпірдің жағдайымен таныс­қан қала басшысы Мұрат Дүй­сен­бекұлы алдағы уақытта Шым­кент қаласына келіп-кететін қонақ­тардың көптігінен көлік кептелісі туындамас үшін осындай ірі жолай­рықтардың маңызы зор екеніне тоқталған еді.

Бизнеске қолайлы мекен

Ірі мегаполистерде шағын шаруашылықтарды дамытуға баса мән берілген.

«Шымкент үшін ірі, алпа­уыт кәсіпорындардың қажеті ша­малы», дейді сала білгірлері. Ай­ту­ларынша, отбасылық шағын кәсіп­орындар тұрғындардың әл-ауқа­тын көтеруде жетекші рөл атқармақ.

Қалалық агломерацияның әсерінен соңғы уақытта Шым­кент­те жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 69,4 мыңға жетті. Жұмыспен қамтылған азаматтар өткен жылы 147,8 мың адамды құрады. Қазіргі таңда Түркістан облысының аудандарынан келіп шаһарда нәпақасын тауып жүргендер жетерлік.

Енді осы көтерме және бөл­шек саудамен айналысатын тұрғын­дарды бір орталыққа жинау кезек күттірмейтін жұмыс болып тұр. Рұқсат берілмеген орындарда сауда-саттықпен айналысу салдарынан шаһар ішінде ретсіздік орын алуда. Бұл мақсатта түрлі рейдтік шаралар жүргізілсе де оң нәтиже бере қоймады. Осыны ескерген қала әкімдігі шаһар аумағында базарларды белгіленген нормаларға сәйкестендіру бойынша жүйелі жұмыстарды қолға алды.

Қазіргі таңда қалада 37 сауда базары бар, соның 24-і әмбебап, 13-і мамандандырылған. Базар қожайындарымен келіссөздердің нәтижесінде «Бекжан», «Шымкент Тұлпар», «Акбар», «Исатай» және «Күлтай ана» сауда базарларында қайта құрылымдау жұмыстары толығымен аяқталды.

Мақсат – шаһар ішіндегі көлік ағынына тосқауыл болатын, сәулеттік келбетіне нұқсан кел­тіретін базарларды бір орталыққа шоғырландыру.