Осылайша, жолдағы жағдайдың көрінбеуінен қозғалысқа шектеу 572 рет енгізілсе, көктайғақ кесірінен көлік басқарушылар сапарға 112 рет шыға алмады. 15 жағдайда жолдардағы қозғалыс ауа температурасының төмендігіне, 6 жағдайда жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне және қар көшкінінің қауіп төдіруіне, 114 жағдайда көрші өңірлердегі автомобиль жолдарының жабылуына байланысты шектелді.
Осы қысқы кезеңде жолдар көбіне Шығыс Қазақстан облысында жабылды. Қозғалысқа шектеулер 186 рет енгізілген. Екінші орында Ақмола облысы. Мұнда жолдар 156 рет жабылды. Ал Ақтөбе облысында жолдардағы қозғалысқа 108 рет шектеу енгізіліпті.
Айта кету керек, елімізде сары, қызғылт сары және қызыл сияқты автомобиль жолдарындағы қозғалыс қауіптілігінің 3 деңгейі бар. Сары деңгей кезінде автомобиль жолдарының қауіпті учаскелерінде тіркемелері бар жүк көліктерінің ғана қозғалысына, қауіптіліктің қызғылт сары деңгейінде дизельді және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылады. Қызыл деңгей кезінде адам шығынының жоғары ықтималдығына байланысты қозғалыс көліктердің барлық түрлері үшін жабық болады.
Осылайша, қабығы жұқа шыны тәрізді көктайғақ, көріну 50 метрге дейін төмендеген жағдайдағы тұмандар, орташа жылдамдығы секундына 20 метр және секундына 25 метр жететін дауылды жел кезінде жолдар жабылады. Сондай-ақ, жылдамдығы секундына кем дегенде 15 метрге жететін желі бар боран жолдардағы қозғалысты жабудың негізгі себептеріне жатады. Басқаша айтқанда, қазақстандық ландшафт жағдайында жел екпіні көп көлемдегі қарды жолдардың қозғалыс бөлігіне көшіре алады. Ол осылайша жолдағы жағдайдың көрінуін төмендетіп, көліктердің қозғалуына кедергі келтіреді. Бұдан бөлек, жолдардың жабылуына қалың қардың жаууы, қар көшкінінің жүруі, су тасқыны, ауа температурасының күрт төмендеуі себеп болады. Осылайша, жазатайым оқиғалар мен төтенше жағдайларды болдырмау үшін автокөліктің жабық жолға шығуына қатаң тыйым салынады. Өкінішке орай, көптеген жүргізушілер өз өмірін қауіпке тігіп, қауіпсіздік қызметтерінің ескертуін елемейді.
Сондай-ақ, елді мекендердегі ауа райы жағдайы автомобиль жолдарындағы жағдаймен бірдей бола бермейтіндігін атап өту қажет. Көбіне қала ішіндегі шамалы жел тасжолдарда жол қызметтерінің жұмысын қиындататын екпінді боранға ауысады. Стандарттарға сәйкес ауа райы тұрақтанғаннан кейін жолшылар көлік қозғалысын бірінші санаттағы жолдарда 2 сағаттан кейін, екінші санаттағы жолдарда 4 сағаттан кейін, 3 санаттағы жолдарда 5-6 сағат ішінде қамтамасыз етуі тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, жалпылай алғанда, елімізде 24,9 мың шақырым автожол қысқы күтіп ұстаумен қамтылған. Оның 20,4 мың шақырымы – «Қазақавтожол» ЖШС теңгерімінде. 3,8 мың шақырымға қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатқан ауыспалы нысандарда мердігерлік ұйымдар, ал 682 шақырымға «ҚазАвтоЖол» ҰК "АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» жауапты.
Жалпы республикалық маңызы бар автожолдар учаскелерін тазалау жұмыстарына күн сайын 700-ге жуық жол-пайдалану техникасы жұмылдырылады.