Футбол • 24 Ақпан, 2020

«Фенербахчені сырт алаңда жеңу үшін бір чемпиондығымды пида етер едім»

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дерби – белгілі бір өңірдің немесе бір қаланың екі командасы кездесетін ойынға қатысты айталады. Дерби матчтың ерекшелігі – оны ойыншылар да, жанкүйерлер де асыға күтеді және алаңда болатын ойын мен алаң сыртындағы оқиғалар деп бөлінеді. Әрбір дербидің өз аты, өз тарихы және дәстүрі бар, олар сонысымен қызық. 

«Фенербахчені сырт алаңда жеңу үшін бір чемпиондығымды пида етер едім»

Әлемде түрлі дерби бар: Халықтың командасы Спартак пен әскердің командасы ЦСКА;  Мәзхаб дербиі – Глазго қаласынан католик Селтик пен протестан Рейнджерс; Кедей мен байлар дербиі – Милан мен Интер; Эль-Класико – Реал Мадрид пен Барселона т.с.с дербилер бар.

Бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған сондай бір дербидің бірі – құрлықтық дерби аталып кеткен Фенербахче мен Галатасарай арасындағы текетірес туралы болмақ. Стамбулдың Азия мен Еуропа бөліктерінде орналасқан бұл қос команда Түркияның ең көп чемпион болған қос командасы. Жексенбі күні қос команда Түркия супер лигасының 23-аптасында кездесті. Бұл матчтың тартымды тұстарының ең бастысы – Фенербахче жеңілсе, чемпиондық жарыстан үміті үзіле бастайтын еді, Галатарасай жеңсе, чемпиондық жарысын жалғастырумен қатар Фенербахчені сырт алаңда 20 жыл бойы жеңе алмай келе жатқан сериясын тәмамдау еді.

Матчтың төрешісі – Халил Умут Мэлер еді, бірақ ол төрешіні тағайындамай тұрып, әлеуметтік желілерде Халилдың сол дербиге төреші болатыны болжанып жатқан еді, өйткені Халилдің өзі де, әкесі де Галатасарай жанкүйері еді. Өз алаңында ойнап жатқан командаларға бүйрегін бұрып тұратынын, тіпті қаласа пенальти қойып беретіні туралы да айтылып жатты. Тура солай болды да: 2 пенальти қойылған, 4 гол соғылған, 3 қызыл қағаз, 11 сары қағаз көрсетілген матчта алғаш болып Галатасарайдың қақпасына пенальти қойылды. Фенербахче бұл мүмкіндікті жібермей, матчтың 21-минутында Макс Крузенің пенальтиден соққан голымен алға шықты. Галатасарай бірінші таймда есепті теңестірмекші болып, көбірек шабуылдап, 40-минутта Донктың соққан голымен үзіліске 1-1 есебімен кетеді.

Галатасарай бапкері Фатих Терим Фенербахче стадионына шабуылдаушы командамен келді. Екі команда да жеңгісі келді, бірақ Галатасарайдың «тәбеті» мықтырақ еді. Бапкерлер футболшыларына үздіксіз нұсқаулар беруде. Сондай сәттердің бірінде Фенербахче бапкері Ерсун Янал алаңға кіріп кетеді. Бұны байқаған төреші оны қызыл қағазбен алаңнан қуады және Фенербахче бапкерсіз қалады. Екінші таймда үздіксіз шабуылдардың нәтижесінде төреші Фенербахче қақпасына пенальти қойып берді. Оны қатты соққы арқылы гол соғып, есепті 2-1-ге жеткізген – Галатасарайға үлкен үміттермен трансфер етілген, бірақ нәтиже көрсете алмай жүрген Радамель Фалкао еді. Ойынның 86-минутында Фенербахчеден Дениз Түрүч пен Галатасарайдан Юнес Белханда алаңнан қызыл қағазбен қуылып, командалар он адаммен ойнауға мәжбүр болды.

Фенербахче ойынды теңестіреміз деп жүргенде, Галатасарай қарсы шабуылмен 97-минутта Онюкуру есепті 3-1-ге жеткізеді. Осылайша, Фенербахче жеңіліп, бүгінге дейін жинаған 38 ұпайымен 6-орынға түсіп, чемпиондықтан алыстай бастаса, Галатасарай 45-ұпаймен бірінші орынды бөлісіп тұр. Осылайша, Галатасарай сырт алаңда 1999 жылғы 22-желтоқсанда соңғы мәрте жеңген қарсыласын араға 20 жыл салып барып қайтадан жеңіп, тарихи жеңіске жетті. Содан бері Шүкрү Сарачоглу стадионында ойналған 23 ойынның 15-інде жеңіліп, 8 ойын тең біткен еді.  

Галатасарайдың 7368 күннен кейін келген бұл тарихи жеңісі туралы материалды Галатасарайдың аңыз қақпашысы Фарид Мондрагонның сөзімен аяқтайын:

Галатасарайда 2001-2007 жылдар арасында 6 жыл қақпашы болдым. 2 мәрте чемпион болдым, бір мәрте кубок жеңіп алдық, бірақ Фенербахчемен Шүкрү Сарачоглу стадионында ойнаған ойындарда жеңіс көрмедім. Тек жеңіліс көрдім. Біреу маған келіп, «Фенербахчені сырт алаңда жеңу үшін бір чемпиондығыңды пида ет» десе, мен қуана-қуана келісер едім.

 

Асхат Шотаев