15 Тамыз, 2013

Маңғыстау ақын-жазушыларының

3604 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

50 томдығы жарық көрді Маңғыстауда ұлт руханияты үшін игілікті іс жүзеге асырылды. Қайыртпай кеткен Қашаған ақынның, «сөз дегенің де бұйым ба, сөйлеу деген де қиын ба?!» деп асқақ сөйлеген Ақтанның, Ұлы Отан соғысының боларын түс көріп біліп, сол үшін түрмеге түскен Түменнің, «қазақтың Гомері» атанған Мұрын жыраудың, заңғар жазушы Әбіштің, арқалы ақындар Сабыр мен Светқалидың елінде байырғы және бүгінгі сөз сапырып, жыр ағытқан шайырлардың мұраларын топтастырып, өз алдына көлемді еңбек етіп құрастыру көпке арман күйінде қалып келе жатқан болатын.

 

50 томдығы жарық көрді Маңғыстауда ұлт руханияты үшін игілікті іс жүзеге асырылды. Қайыртпай кеткен Қашаған ақынның, «сөз дегенің де бұйым ба, сөйлеу деген де қиын ба?!» деп асқақ сөйлеген Ақтанның, Ұлы Отан соғысының боларын түс көріп біліп, сол үшін түрмеге түскен Түменнің, «қазақтың Гомері» атанған Мұрын жыраудың, заңғар жазушы Әбіштің, арқалы ақындар Сабыр мен Светқалидың елінде байырғы және бүгінгі сөз сапырып, жыр ағытқан шайырлардың мұраларын топтастырып, өз алдына көлемді еңбек етіп құрастыру көпке арман күйінде қалып келе жатқан болатын.

Жуырда Маңғыстау облысында «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен 50 томдық жарық көрді.

Жинаққа ақын-жырау Абыл Тілеуұлынан бастап, маңғыстаулық 93 қаламгердің шығармалары енген. Кітапқа әр кезеңдердегі автор­лардың ежелгі тарихи оқиғалар мен аңыздарды, салт-дәстүрді, діни наным-танымды тереңнен толғайтын туындылары, ел қорғау жолындағы ерлік істерді насихаттайтын дастандары, тәуелсіздікті қастерлеп, оны қадірлей білуге шақыратын бүгінгі заман биігінен жазылған өлеңдері мен жырлары, толғаулары енген.

– Бұл жинақтарды құрастыруға себеп – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемле­кет­тің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды... Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді осы әралуандығымен және ұлылы­ғымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деген сөзі болатын. Біз өткенімізді келешекке жалғастыру үшін қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, оны қастерлеуге әдебиетімізді де, мәдениетімізді де пайдалануымыз қажет, оның асылдарын жинап, халықтың өз игілігіне ұсынуымыз керек. Жұрт жақсы қабылдап жатыр. Осындай маңызды істі жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыс әкімі Алик Серікұлына, жоба жүзеге асқанша жарғақ құлағы жастыққа тимей жанашырлық танытып, Астанадан Ақтауға бірнеше рет келіп кеткен облыс әкімінің бұрынғы кеңесшісі, белгілі азамат, білікті заңгер Бекет Тұрғараұлына, сондай-ақ «Қазақпарат» корпорациясы баспасының президенті Қонысбек Ботбайға алғыс білдіреміз, дейді көптомдықтың құрастырушысы, шығарушы-редактор, ақын А.Өте­генов.

Маңғыстау облысының 40, ал Ақтау қаласының 50 жылдық мерейтойына арнап шығарылған көптомдыққа бұрынғы ақын-жырау­лардың шы­ғар­малары бұдан бұрын жарық көрген жыр жинақтарынан, жеке мұрағаттардан алынған. Есімі елге белгілі тұлғалармен бірге әр­түрлі жағдайлар иінінде танылып үлгермей қалған, бірақ әдеби дүниесі көркемдік шеберлік, тарихи танымдық, жастарды адалдыққа баулу тұрғысында айтуға тұрарлық қаламгерлердің де еңбектері елеусіз қалған жоқ.

Маңғыстауда қазір Жазушылар одағына мүше 15 қаламгер бар. Бірақ, бұл жергілікті қаламұстарлардың саны мен сапасы осымен шектеулі деген сөз емес, шырайлы шығар­машылығы бар аға буын өкілдері де, олардың орта жастағы ізбасарлары да бар. Жастар да жетіліп келеді. Тек, әдеби ортадан шалғайда жат­қан өңірдің ақын-жазушылары белді ортадан көріне бермей облыс деңгейінде қалып қояды. Ал, орталықтағы ақын-жазушылардан іздеп келіп, жастармен жүздесіп, ақыл-кеңес беретіндер тағы жоқ. Осы жағдайда көптомдықтың жарық көруі – құптарлық шаруа.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар