Елдің күнгейінен пойызбен Астанаға немесе Көкше өңіріне жол шеккен жолаушының Шудан өткеннен кейінгі көзі тоқталар алғашқы көрініс – оң қапталдан алыс тұрса да андағайлайтын Хантауы. Әрине, Алатаудай асқар емес. Қаракөк жартасты, сонау-сонау жылдары төскейдегі көктеуін көктем сайын Жазекең жарықтық, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев төлге толтырып отыратын Сұңқар шыңынан өзге жаратылысы жатағандау болғанымен, қалың қатпарлы. Сол қатпар бірте-бірте алыс замандарда осында аял қылыпты делінетін Шыңғысханның қаһарлы қабағы әлденеден жадырай жазылғанындай Далақайнар атты кең жазыққа айналып кетеді. Көктемде көк жайқын дариядай, күзде алтынмен апталғандай реңденетін осы даланы көрген сайын әрдайым ойға шомып, аталас бабаларым бастан өткерген бір қасіретті хал еске түсіп елегізимін, жарық дүниеге келуінің өзі сол оқиғамен сабақтасып жататын күллі қазақтың бір ұлы перзентінің бейнесін елестетем...

Елдің күнгейінен пойызбен Астанаға немесе Көкше өңіріне жол шеккен жолаушының Шудан өткеннен кейінгі көзі тоқталар алғашқы көрініс – оң қапталдан алыс тұрса да андағайлайтын Хантауы. Әрине, Алатаудай асқар емес. Қаракөк жартасты, сонау-сонау жылдары төскейдегі көктеуін көктем сайын Жазекең жарықтық, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев төлге толтырып отыратын Сұңқар шыңынан өзге жаратылысы жатағандау болғанымен, қалың қатпарлы. Сол қатпар бірте-бірте алыс замандарда осында аял қылыпты делінетін Шыңғысханның қаһарлы қабағы әлденеден жадырай жазылғанындай Далақайнар атты кең жазыққа айналып кетеді. Көктемде көк жайқын дариядай, күзде алтынмен апталғандай реңденетін осы даланы көрген сайын әрдайым ойға шомып, аталас бабаларым бастан өткерген бір қасіретті хал еске түсіп елегізимін, жарық дүниеге келуінің өзі сол оқиғамен сабақтасып жататын күллі қазақтың бір ұлы перзентінің бейнесін елестетем...

...1835 жылғы көктемнің жайма-шуақ бір күнінде үйсін дулаттың шымыр руынан тарайтын Сәмбет аталығының Далақайнардағы жиырмашақты үйлі шағын ғана бір ауылы мамыра-жай күйден бір сәтте айырылып, жау тигендей болады. Ол жау – ғасырдан аса жоңғармен жағаласып азаттығын сақтаса да әбден әлсіреген, Қазақ елінің бүкіл оңтүстігін он сегізінші ғасырдың аяғында басып алған қанішер қоқандықтар еді. Ал Далақайнарға бұл жолы келген, әрине, олардың зорлық-қорлықшы билеушілері емес-ті. Алым-салық жинаушы бес лашкері ғана. Аларын асығымен алып есірген олар ақыр аяғында қыз-келіншектерді қорламақшы болады. Ал бұған ауылдағы әйгілі Аңырақай шайқасында мың қолды басқарған, ұлы Төле бидің өзі бір жолы тұтқыннан босатып алған інісі, албан Райымбектің атасы Хангелдімен, қанжығалы Бөгенбаймен сыйлас болған Қосы батырдың намысшыл ұрпақтары көнсін бе?! Бесеуінің де басын кесіп, өліктерін Шудың суына ағызып жібереді. Осымен іс бітті деп отыра беру, анау Ұзынағаштағы, мына Тоқпақ пен Меркідегі қоқандық бекіністерден жазалаушы жасақ шығып, қынадай қырмайды деп ойлау тым қатерлі екенін, не де болса Қоқанның қолы жетпейтін, Ресейге бағынышты боп қалған теріскейдегі ағайынға қарай шұғыл түрде үдере көшу керектігін түсінген ауыл аз уақытта буынып-түйініп, Тулақ батырдың бастауымен Хантауынан Көкшетауға дейін созылар ауыр да алыс сапарға шығады. Сол шағын көште ұлы Жарықшақты ертіп, кішкентай ғана немересі Баймырзасын алдына алған Қазанғап ақсақал да бар еді.
Әлденеше айлық жол азапты болғанымен Көкше өңіріндегі ел-жұрттың жүрегі жылы, бейілі кең екен, «Аға баласы келіпті», деп ақсары керей мен арғынның атығай, қарауылының ақсақалдары ақылдаса келе Қайрақты бойынан мол қоныс береді. Көп ұзамай «Үйсін ауылы» дейтін ұядай ғана мекен пайда болып, өсіп-өне бастайды. Осында ержеткен Баймырза қарауыл Қанай батырдың тікелей ұрпағы – Қалампыр атты аруға үйленеді. Сөйтіп, 1864 жылдың жазында жас отауда шекесі торсықтай, тостағандай көздері от шаша жалтылдаған, балпанақтай ұл келеді дүниеге. Қазақ маңдайына орнар жұлдыздай боп келген бұл ұл кейініректе өзі: «Нұрмағамбет Баймырзаұлы – менің атым, Алашқа мағлұм болған асыл затым», – дейтін атақты Балуан Шолақ еді! Бойына Алланың өзі алапат күш-қайрат бітірген, сол күшімен өмір бойы ел намысын ту етіп, жат пиғылдыларды жасқаумен өткен ер балуан, Арқаның сонау Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері секілді жұлдыздары шоғырына жарқырай қосылған, Алатау атырабындағы қазақтың соңғы сал-серісі Кененге ұстаздық шарапаты тиген ғажайып ақын, сазгер, әнші, қазақтың цирк өнерін қалыптастырушы, құралайды көзге атқан мерген, саятшы... сияқты толып жатқан асыл қасиеттер иесі, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы ұлы тұлға сонау 1919 жылдың 18 қаңтарында оқыс келген тосын сырқаттан көз жұмғалы 95 жылдай уақыт өтсе де, құдайға шүкір, туған халқының көңілінен көшкен емес. Асыл мұра-әндері қайда да шырқалып, жас ұрпақ балуан ата рухына бағышталған жарыстарда сайысып жатады. Ол сайыстардың бір парасы Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы зәулім спорт сарайында өтеді. Астанада, Таразда, басқа да кенттерде көшелер, Хантауының етегіндегі ата-бабалары мекен еткен ауыл да, Ақмоланың Бұланды ауданындағы бір мектеп те Сарыарқа саңлағының атымен аталады.
Әйтсе де, өзі өмір кешкен өлкеде көмескі тарта бастаған Балуан атаның рухани бейнесін жаңғыртуда Бұланды ауданында 2004 жылдың жазында ол кісінің 140 жылдық мерейтойы өткізіліп, ас берілуінің игі әсері болды. Сол бір қуанышты күнде Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Бөрібай Жексембин ұлы тұлғаның үйінді топырақ күйінде елеусіз жатқан бейітінің басына жамбылдық жұртшылық күшімен еңселі ескерткіш тұрғызылатынын мәлімдеген-ді. Дүйім ел алдында берілген бұл уәденің орындалуы әкімнің өзінің және көрнекті мемлекет қайраткері Өмірбек Байгелдидің, тағы басқа азаматтардың ұйытқы болуымен жедел қолға алынып, жобаны жасау талантты сәулеткер Салауат Дембайға жүктелді. Соның нәтижесінде биіктігі 18 метрлік асқақ стелла, оны айнала Балуан Шолақтың сегіз қырын бейнелейтін сегіз гранит тас, орасан күш иесін бейнелейтін классикалық үлгідегі мүсін орнатылып, ескерткіш қана емес, бірегей сәулеткерлік өнер туындысы дүниеге келді. 2005 жылдың тамызында ескерткіштің ашылу салтанатына қалың ел, Балуан атамыздың келіні жаны жәннатта болғыр Ғазиза жеңгеміз, немере-шөберелері қатысты. Бұланды орманының жиегіне жамбылдықтар да әкеліп тіккен киіз үй қалашығы орнап, ел алдында Балуанның аталас туысы ретінде мен және ғұлама ғалым Ақселеу Сейдімбек екеуміз Нұрмағамбет Баймырзаұлының жарқын өмірі мен өшпес өнері, өнегесі жайлы баяндама жасадық. Көкше өңірінің көгін ұлттық рухымыздың аса қуатты үніне айналған Балуан Шолақ әндері ұлы атаның көзі тірісіндегідей көпке дейін кернеп тұрып алып еді-ау...
Осы салтанаттың жаңғырығындай, жалғасындай Жамбыл облысы, Шу ауданының орталығы Төле би кентінде аудан әкімі, қазірде Парламент Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиевтің бастауымен, облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың қолдауымен Балуанға арнап айта қаларлықтай көрнекті де әсерлі ескерткіш тұрғызылды.
Одан бері де бірталай уақыт өтті. Ойлап қарасақ, келесі жылы Балуан Шолақтың туғанына 150 жыл толады екен. Бір ғасырдан аса қазақтың айбыны, мақтанышы болып келе жатқан пір тұтар перзентінің атын ардақтау ғана емес, оның ұлтымызға қалдырған ұлағатын бүгінде ауадай қажет отаншылдық рухымызды күшейте түсу үшін де алдағы мерейтойын қандай шаралармен өткізген ләзім? Енді осы жөніндегі өз пікірімді білдірсем деймін.
2005 жылғы салтанатта Ақмола облысының сол кездегі әкімі Мәжит Есенбаев Балуан Шолақтың Хайролла бастаған ұрпақтары отырған Тастыөзек ауылы мен Балуан ата бейіті аралығындағы бес шақырымдық жолды асфальттауға уәде еткен еді. Арада өткен сегіз жылда сегіз метр жол салынған жоқ. Ұлы аруақты сыйлаушылар білуі үшін Астана-Қызылжар күрежолының Макинск қаласының тұсына көрсеткіш тақта да орнатылмады. Осылар жөнге келтірілсе.
Макинск дедік. Бұл – Бұланды ауданының орталығы. Одан он шақты шақырым жерде Макинка дейтін ауыл және бар. Арасы атшаптырымдай ғана бір қала мен бір ауылдың атауын иеленетіндей Макин деген кім? Сұрастырып білсек, патша заманында келімсектерге қазақ жерін өлшеп, бөлшектеп берген жай ғана землемер екен. Өз атын өзі қағаздатып бекітіп берсе керек. Сонымен, бұл атау отаршылдықтың куәсіне, ескерткішіне айналып алыпты.
Біздің ойымызша, мұндай сорақылықтан құтылудың мезгілі Тәуелсіздігіміздің алғашқы күні-ақ жеткен. Қазаққа Балуан Шолақтай сайыпқыранды сыйлаған Бұланды өңірінің орталығы сол атамыздың атымен аталуы құдайға да, адамға да жөн болмақ. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бір сөзінде: Ақмола... бұл Балуан Шолақ пен Қажымұқанның туып-өскен өлкесі», дегенін де ескеру қажет.
Естуімізше, Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайының алдына ескерткіш орнату мәселесі шешілгендей еді, бірақ әлі к