Үкімет • 26 Ақпан, 2020

Тасқынға – тосқын

220 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алу мен оны жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Ішкі істер министрі Ержан Тұрғымбаев, өзен бассейндеріндегі гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі туралы тиісті министрліктердің басшылары мен облыс және қала әкімдері баяндады.

Тасқынға – тосқын

609 елді мекенді су басу қаупі бар

Е.Тұрғымбаев атап өткендей, минис­тр­лік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп көктемгі төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде. «Қазгидромет» РМК-ның алдын ала болжам деректері бойынша елдегі қар мен өзендер бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі нормадан айтарлықтай жоғары. Қар басу процесі жалғасуда. Нұр-Сұлтан қаласында, Шығыс Қазақстан және Сол­түс­тік Қазақстан облыстарында жағдай қиындауы мүмкін. «Қазір елімізде 609 елді мекенді және 675 автомобиль жолын,  259 теміржолды су басу қаупі бар», деді министр.

Су басуды болдырмау үшін жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 8,8 млн текше метрден аса қар шығарды. 13,5 мың тонна жанар-жағармай, 152,6 мың тонна инертті материал, 840 мың құм салынған қап пен 47 тонна жарылғыш қоры жасалды. Төтенше резервтерде 34 млрд теңге қарастырылған.

Су басқан жағдайда эвакуацияланатын халықты қабылдайтын 1700 бекет әзірленді, маршруттар жаңартылды, қа­жет­ті көлік бөлінді. Тіршілікті қамта­масыз ету үшін әкімдіктер қажетті құ­ралдарды (палаткалар, төсектер), азық-түлік пен ауыз су қорын дайындады. Ішкі істер органдарынан жалпы саны 9 мың адам және 1730 бірлік техникадан арнайы күштер мен құралдар топтамалары құрылды.

Биылғы 25-26 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының басқару штабы «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізе бастады, шара барысында жұмылдырылған күштердің әзірлігі тексеріледі. Су тасқыны қатер­ле­рінің алдын алу және оны жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылуда. Бұл 3 жыл ішінде 437 елді мекенді су басу қаупін болдырмауға жә­не 287 елді мекенді су басу қауіп-қа­терін барынша азайтуға мүмкіндік берді.

Материалдық-техникалық жарақтау бойынша Жол картасы шеңберінде 900 бірлік техника, оның ішінде мотопомпалар, жүзу құралдары, жол талғамайтын құралдар сатып алынды. «Жалпы, биыл су тасқынына толық әзірлік туралы айтуға әлі ерте. Су қорғау аймақтары шегінде орналасқан үйлердің тұрғындарын қауіпсіз учаскелерге көшіру бойынша жоспарланған іс-шаралар орындалмай жатыр. Бұл өте шығынды іс-шара екені сөзсіз, алайда жұмыс істемесе, салдары бұдан да ауқымды болуы мүмкін» деді Е.Тұрғымбаев.

2019 жылы жоспарланған 91 іс-шараның 36-сы іске асырылмай қалды. 2020 жылы 132 іс-шараның іске асы­рыл­мау қаупі бар, соның 53 іс-шара­сы бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыру көзделген.

Осыған байланысты Ішкі істер ми­нис­трлігі мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жос­пар­ланған іс-шараларды жүзеге асыру үшін қаражат қарастыруды, 2020 жылы Жол картасының барлық іс-шараларын аяқтау жөнінде қажетті шаралар қабылдауды және аумақтарды дамыту жоспарлары шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға су тасқыны қауіп-қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі жұмысты жалғастыруды ұсынды.

Сондай-ақ еріген қар суларының басуын болдырмау үшін елді мекендерді қардан тазарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігі айтылды. Е.Тұрғымбаев иесіз су қоймалары мен бөгет­терді мемлекеттік меншікке ауыс­тыру мәселелеріне назар аударды. «Су тасқы­ны кезеңінде бізде су қоймаларында бос орын болуы тиіс. Онсыз өзендердің қауіпсіз деңгейін реттеу мүмкін емес» деп атап өтті министр.

 Қауіптілік картасы жасалды

Өзен бассейндерінде қалыптасқан гидрометеорологиялық жағдайлар туралы баяндаған Экология, геология жә­не табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мыр­зағалиев қар тазалау наурыз айында да жалғасатынын атап өтті. Ол Қазақстанда төтенше жағдайдың туындау қаупі аса жоғары жерлер көрсетілген Қауіптілік картасы жасалғанын айтты.

«Қазгидромет» наурыз айынан бас­тап апта сайын гидрологиялық болжамдарды ұсынатын болады. Бұл болжам 3 күн са­йын жаңартылып отырады. Одан бөлек, су тасқыны қаупі төнген жағдайда 2-3 тәулік бұрын дабылды ескертулер беріледі. Негі­зі мұндай ескертулер норма бойынша 6 сағат бұрын берілуі тиіс.

Наурыз айындағы синоптиктік бол­жамға сәйкес ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым аумағында климаттық нормадан жоғары болады деп күтілуде.

Республикалық меншіктегі гидро­тех­никалық құрылыстарды тасқын суларды өткізуге дайындау мақсатында Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі қажетті шараларды қа­былдауда. Су тасқынына қарсы комиссия құрылды.

«Қар көп мөлшерде жауғанын ескере отырып, ауа температурасы күрт көте­ріл­ген жағдайда біз су қоймаларынан суды едәуір ағызуға мәжбүр боламыз. Осыған байланысты әкімдіктер төтенше жағдайға жол бермеу жөнінде тиісті шаралар қабылдауы қажет», деді М.Мырзағалиев.

Ол соңғы жылдары гидроме­тео­роло­гиялық қызметті жабдықтауға елеу­лі көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Бұл өз кезегінде Қазақстан аумағын гидро­метеорологиялық мониторингпен қам­туды арттыруға, синоптиктік және гидрологиялық болжамдардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жол инфрақұрылымының дайындығы туралы баяндаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев республикалық маңызы бар автожолдарды дайындау шеңберінде Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітіліп, орталық және өңірлік деңгейлерде жол қызметтерінің өкілдерінен тұратын комиссиялар құрылғанын атап өтті.

Бүгінде республикалық желінің ұзын­дығы – 24,9 мың шақырым, онда 1 277 көпір және 14 994 су өткізу құбыры бар. Оның ішінде 464 қауіпті учаске, 66 көпір және 852 су өткізу құбыры бақылауға алынды, оған 883 бірлік жол-пайдалану техникасы бекітілген. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, автожолдар мен жол құрылыстарына күн сайын патрульдеу жүргізіледі.

Пойыздардың үздіксіз және қауіп­сіз қозғалысын, жолдың, жасанды құ­ры­лыстардың уақтылы дайындалуын қамтамасыз ету мақсатында «ҚТЖ» ұлт­тық компаниясы бұйрығы бойынша тасқын кезеңінде жол мен жасанды құ­рылыстардың сақталуын және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастыру-техникалық іс-шаралары көзделген.

«Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайын­дық жұмыстары министрліктің ерекше бақылауында», деді Қ.Өскенбаев.

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр өз кезегінде су басу қаупі ерек­ше бақылауда екенін атап өтті. «Біз су тас­қыны жағдайын бақылауда ұстай­мыз. Апта сайын бұл мәселе селек­тор­лық ре­жімде қаралатын болады», деді Р.Ск­ляр.

Мәселені Премьер-Министр Асқар Мамин қорытындылады. «Болжам бо­йынша республиканың орталық, сол­түстік, шығыс бөлігінде қар көп мөл­шерде ериді деп күтілуде. Сондықтан бар­лық әкімдер жағдайды күнделікті бақы­лауға алуы тиіс. Қарды, әсіресе ауыл­дық елді мекендерден шығару үшін бар­лық қажетті құралдар мен техниканы жұ­мылдыру керек. Өзен арналарын, ағын­дарды, нөсер­лі кәріздерді тазартуды, уа­қытша топы­рақ үйінділері мен бөгеттер салуды қам­тамасыз ету қажет. Ішкі істер министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тиісті қызметтері нақты мониторинг пен бақылау жасауы керек» деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрлігіне республикалық маңызы бар автотрассалар мен теміржолдардағы су тасқынын болдырмау үшін тәулік бойы бақылау жасауды ұйымдастыруды, су өткізу құбырлары арқылы тасқын суды өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Экология министрлігі болжамды мәліметтерді ескере отырып, су қой­ма­ларын толтырудың қауіпсіз көлемін анық­тап, оның толтырылуына тұрақты бақы­лау жасауды қамтамасыз етсін. Қа­жет болған жағдайда су қоймаларын алдын ала босату шараларын қабылдау керек» деді А.Мамин.

Премьер-Министр Ішкі істер министр­лігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, тиісті штабтар құруды, күштер мен құ­рал­дардың, оның ішінде халықты хабардар ету жүйелерінің орын алуы мүмкін төтенше жағдайларға толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.

 Бизнес-ахуалды жақсарту

Сондай-ақ Үкімет отырысында бизнес ахуалды жақсарту шаралары қаралды. Аталған бағытта атқарылып жатқан жұ­мыстар туралы Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев және Премьер-Ми­нис­трдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндады.

Елімізде кәсіпкерлікті қолдау «Биз­нестің жол картасы», «Еңбек» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дарламалары аясында жүзеге асырылуда. 2019 жылы осы бағдарламалар аясында 5903 жобаға қаржылық қолдау көрсетілді, оның 3700-і жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға және 2200-і жаңа өндіріс орнын құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге бағытталды.

2019 жылы ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі 29,5%-ды құрады. Өткен бес жылда әкім­шілік кедергілерді және бизнестің түрлі операциялық шығындарын қысқартуға бағытталған заңнамалық бастамалардың 7 пакеті қабылданды.

Қабылданған реформалардың нәти­жесі – Қазақстанның бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісінде әлемнің 190 мемлекетінің арасында ТОП-25 үздік елдің қатарына кіруі болды.

Қазір бизнес ахуалды жақсарту мәсе­лелері бойынша заңнамалық шаралардың 8-ші пакеті әзірленіп, Парламенттің қарауына жіберілді. Құжат шарттарды тіркеу рәсімін оңайлатуды (мөртабан қоюды жою), қосылған құн салығын төлеушіні тіркеу тәртібін жеделдетуді (онлайн, 1 күн ішінде), 1 күн ішінде онлайн банктік шоттарды ашу мүмкіндігін, жекелеген рәсімдер бойынша хабарлау қажеттігін болдырмауды (МСҚБ, жол полициясы), ақпаратқа жария қол жеткізу арқылы мәмілелердің қауіпсіздігін арттыруды (тыйым салу, ауыртпалықтар, заңды тұлғалар үшін жылжымайтын мүлікке меншік құқығы туралы), бірқатар рұқсат беру құжаттарын бір пакетке біріктіруді және т.б. қарастырады.

Аталған мәселені Премьер-Министр Асқар Мамин қорытындылады. «Үкімет алдына ШОБ рөлін күшейту және оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай кемінде 35%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізу міндеті қойылды. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу және биз­несті дамытуға барынша қолайлы жағ­дай жасау үшін ауқымды әрі жоспарлы жұ­мыстар жүргізіліп жатыр» деді А.Ма­мин.

Премьер-Министр бизнесті дамытуға ықпал ететін және азаматтардың кәсіп­кер­лік белсенділігін күшейтетін шаралар мен бағдарламалардың тиімділігін атап өтті. «Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді сапалы әрі тиімді орындау үшін үйлесімді жұмысты қолға алу керек. Осыған байланысты бизнес ахуалды жақсарту бойынша 8-ші шаралар пакетін қабылдауды жеделдетіп, осы жылдың 1 маусымына дейін Парламентте тиісті жұмыстарды жүргізу қажет» деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне шілдеге дейін «Бір терезе» қағидаты негізінде кәсіпкерлерді мем­лекеттік қолдау шараларын алу рәсім­дерін жеңілдететін «Бизнеске арнал­ған Үкімет» жобасын іске асыру жұмыс­тарын аяқтауды тапсырды.