Аймақтар • 26 Ақпан, 2020

Ұлттық валютамен ашылған жинақтау депозиттерінің үлесі өсті

209 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» (ҚДКБҚ) 2020 жылдың басында ұлттық валютамен ашылған жинақтау депозиттерінің үлесі 8,2%-ды, ал жедел салымдар 1,1% -ды құрағанын жариялады.

Ұлттық валютамен ашылған жинақтау депозиттерінің үлесі өсті

Қазір  екінші деңгейлі 16 банк салымшыларға жинақтау, 8 банк жедел салым депозитін ұсынып отыр. Шетел валютасымен ашылған жинақтау депозиттерінің үлесі валюталық депозит портфелінің 4%-на, жедел салымдар 5%-на пара-пар.  Салымшыларға екінші деңгейлі 13 банк – жинақтау, 12 банк – жедел салым депозитін ашу мүмкіндігін берген.

«Қаржы  ұйымдарындағы барлық жинақтау депозиттерін зерделеген кезде олардың 70%-дан астамы теңгемен сақталғаны анықталды. Ал жедел салымдардың құрылымында 77% -ы – шетел валютасына, 23%-ы – ұлттық валютаға тиесілі болды. Былтыр ұлттық валютамен ашылған жинақтау депозиттерінің саны 14 есе өсіп, 72 мың шот ашылды. Оның 82%-ы салым салып отыруды талап етпейтін, мерзімі бір немесе одан көп жылды қамтитын, пайыздық мөлшерлемесі жоғары жинақтаушы депозит болды», – деп хабарлады ҚДКБҚ.

Салымшыларды  жинақтаушы депозит қызықтыратыны бұрыннан белгілі болатын.  2019 жылдың қаңтарында 24 айға жылдық мөлшерлемесі 13,5%-бен ашылған жинақтаушы депозиттің табыстылығы инфляциялық түзетулерге қарамастан 8,1%-ды құраған.

 Екінші деңгейлі банк санының қысқаруы депозит нарығына кері әсерін тигізбеген.

Қазір сарапшылар арасында «Депозиттерде теңгемен сақталатын ұзақмерзімді салымдар теңге бағамымен тығыз байланыста болады»  деген пікірді көбірек айтып жүр.  Ұлттық валютаның бағамы өссе, банктерде теңгемен сақталатын салымдардың көлемі көбейеді. Себебі банктер клиенттердің ақшасын айналдырып, пайда тапқысы келеді.  Сол үшін ұзақмерзімді депозиттердің пайыздық мөлшерлемесін жоғары қылып қояды екен.  

Дегенмен тап қазір ел азаматтарының басым бөлігі депозитті ары кеткенде 1 жылға ашатыны белгілі. Себебі депозиттің дәл осы түрі бәріне ыңғайлы. Бірақ салымшылардың басым бөлігі теңге бағамының құбылмалығынан қорқады, салымдарын шетел валютасымен сақтайды. Қаржыгер Ілияс Исаев  салымшылардың  банктерге деген сенімі дағдарысқа қарамастан өскенін айтады. Төрт жыл бұрын банк міндеттемесіндегі салымдардың жалпы сомасы 58,1 пайыз болатын. Алайда банк депозиттеріне балама қаржы құралдары жоқтың қасы. «Қазақстанда қор нарығы жеткілікті дамымаған. Қазақстанда ақша сақтау - үлкен проблема, қаржы құралдары - тапшы. Бұл банк депозиттерінің өсуіне ықпал етіп отыр» дейді қаржыгер.

«Қазақстандық салымшылардың жартысы банктерде жатқан ақшасын алып қойса, елдің банк жүйесінің күйі қандай болмақ?» деген тақырып та Үкімет деңгейінде талқылар мәселелердің бірі. Бұл жағдайды ЕДБ-дің шетелден алатын несиелер ағыны кілт тоқтаған 2008 және 2009 жылдармен салыстыруға болады. Ал әзірше бағаның қымбаттауынан қорғануды ұйғарған қазақстандықтардың ақшасы инфляция салдарынан біртіндеп құнсызданып барады. 

«Қаржы саласын баяғыда реформалау керек еді.  Үкімет «Біздің қаржы секторымыз ілгері басып келеді, банктер тиімді жұмыс істеп жатыр» деп үнемі мақтанады. Алайда банктердің  дағдарыста банктер өз міндеттемелерін орындай алмады. Дәл қазір теңге депозитінің мөлшерін қазіргі деңгейден көтеруге мүмкіндік бар» дейді Ілияс Исаев.

«Банк жүйесін Парламент қатаң қадағалауы тиіс» деген пікірді көптен айтып жүр. Қазақстан нарықтық экономикаға көшкен кезде қаржы секторы дұрыс құрылмады.

«Банк қызметін негізгі реттеушінің заң шығарушы органға бағыныштылығы АҚШ, Германия, Швейцария, Голландия және басқа елдердің тәжірибесінде бар. Қазақстанда Ұлттық Банк ел Президентіне тікелей бағынады» дейді Ілияс Исаев.

 

АЛМАТЫ