Аймақтар • 26 Ақпан, 2020

Корпоротивтік еріктілік: Қарияларға медициналық және құқықтық тұрғыдан көмек көрсетілді

119 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі күнге дейін еліміздің әр түпкірінде орналасқан әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық жасау шаралары біржақты сипат алып келгені жасырын емес. Оларға мүдделі ұйымдар мен жанашыр азаматтар тарапынан негізінен азық-түлік пен киім-кешек тауарлары жолданып келгені белгілі. Қайырымдылық бағытындағы істерді тек мұнымен шектей салудың аздық ететіндігін әлеуметтік өмірдің өзі айқындап беріп отыр.

Корпоротивтік еріктілік: Қарияларға медициналық және құқықтық тұрғыдан көмек көрсетілді

Осы орайда, мемлекеттік қызмет істері Ақтөбе облыстық департаменті ұжымы айрықша бір іс-шараға бастамашы бола білді. Яғни, аталған департамент қызметкерлері Ақтөбедегі әлеуметтік қызмет көрсету орталығында орналасқан қариялармен және мүгедектермен кездесу кезінде корпоротивтік еріктілікті дамыту қағидаттарына сәйкес оларға медициналық және құқықтық тұрғыдан көмек көрсетуге басымдық берді.

Бұл жөнінде басқосуға арнайы шақырылған мемлекеттік мекеме мамандары мұндағы жандарды толғандырып жүрген мәселеге қатысты мәнді де мағыналы әңгімелер қозғады. Әркім өзінің құқын жақсы білсе, кез келген көк аттыға жем болмайды. Өмірдің қарапайым заңдылықтары баршаға, көпке ортақ. Оның аяқасты болмауы, бұзылмауы шарт. Бұл бағытта айтылған ой пікірлер мен тұжырымдар құқықтық көмекке мұқтаж жандардың жүректеріне жеткендей әсер қалды көкейде.

Айталық, қазіргі кезде екінің бірі мұрагерлік пен жылжымайтын мүлікті тіркеу және өмірдің өзі қажет еткен өзге де рәсімдердің қалай жүргізілетінін біле беремеуі мүмкін. Бұл жөнінен де заңгерлер орталық тұрғындарына қарапайым түрде түсінікті жауаптар қайтарды.

Шынтуайтына келгенде орталықтағылар осындай өзекті сауалдардың қыр-сырына қанығуы үшін тиісті мекемелерге арнайы барып жүруіне мүмкіндіктері бола бермейтіні белгілі.

Бұл ретте әділет органдары мен Денсаулық сақтау басқармасы, Мемлекеттік корпорация өкілдері және Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облыстық филиалы қызметкерлерінің мемлекеттік қызмет істері департаментінің өтінішіне сәйкес орталыққа арнайы келуі көп мәселенің түйінін тарқатып берді деуге толық негіз бар.

 

АҚТӨБЕ