Руханият • 28 Ақпан, 2020

Зәки Уәлиди Тоған. «Естеліктер»

691 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

(Соңы. Басы 40-нөмірде

 Лениннің ахлақ (мораль) туралы түсінігі

Башқұртстан мәселесін қа­ра­ған комис­сияның жұмысына кеңесу үшін мені де шақырып тұ­ра­тын. Мамыр айында комиссия бес баптан тұратын қарар алды. Бұл да Ленин мен Калининнің қол­дары қойылғаннан кейін Кеңес өкіметінің ресми қаулысы ре­тін­де күшіне енді. Қаулыда өлке­міз заң, халық ағарту ісі, ауыл шаруашылығы сияқты мәсе­ле­лерде тәуелсіз, алайда сырт­қы саясат, экономика, қаржы, байла­ныс торабы және жол істері бо­йынша РСФР-ге тәуелді болып, автономиялық мәртебе алды.

Зәки Уәлиди Тоған. «Естеліктер»

Әске­рі­мізді басқару мәселесінде оны «Түркістан әскери округіне» емес, «Волга әскери окру­гіне» қарасты бөлімше ретін­де шешім шықты. Комиссия мү­ше­­лерінен Каменев маған ав­то­номияны осыншалықты шек­­теуді қаламағандығын, өлке­ге Уфа қаласымен бірге бір­не­­­ше орыс қаласын да қосып бе­ру­ді ойлағанын, дегенмен ол пікірді әзірге жүзеге асырудың қиын екенін жеткізді. Қаулы шық­қан­нан кейін Ленинге бардым. Оған: «1919 жылы наурыз айын­да келісілген уағдаластық бар еді. Оған бәріміз де қол қой­ға­нбыз. Ол жерде шығыстың езіл­ген бір ұлтының құқықтары толық болмаса да танылған еді. Арада 14 ай өтті, олар да әуеге ұшып кетті», дедім. Ленин: «Сіз неге мұндай моральдық мәселелерді айтып тұрсыз? Қан­дай төңкерісшісіз? Мұндай бос уәделерге неге сенесіз? Сіз­бен біздің арамызда қол қойыл­ған уағ­даластық ешкімді ешнәрсеге тәуелді етпейтін жай ғана қағаз қиындысы болатын», деп қарсы сұрақпен жауап берді. Мен де: «Біз адами қатынастардың осындай қағаздарға құрмет көрсетуден басталатынына сеніп жүрген едік», дедім. Ленин былай деді: «Онда жаңылып жүр екенсіз. Сіз біздің арамызда әлі көп нәрсе үйренесіз. Мен шын жүректен сіздің бізбен бірге бүкіл Ресей мен жер жүзінде үлкен шаруалар атқаратыныңызға сенгім келеді. Бір кездері қажеттілікке орай қол қойылған бір жапырақ қағаз үшін салғыласып, тәжікелесіп тұру сізге жараспайды. Әлі көресіз, алдымызда бұдан да маңызды істер күтіп тұр». Оның бұл сөздерінен мені өзімен бірге жұмыс істейтін жол­дасы ретінде көргісі ке­ле­ті­ніне және тұтас Ресей аймағы бойынша жұмыстар жүк­те­гісі кел­ген ойының шынайы болуы мүмкін екеніне сендім. Қош­та­сып тұрып ол маған бірнеше қағаз берді. «Бұларды оқып шығыңыз. Осындағы жайттар тура­лы әңгімелесеміз. Алайда ойла­рыңызды жазбаша түрде бері­ңіз», деді нығыздап.

«Метрополь» қонақүйінде Кеңес өкіметінің тұтқасын ұстап жүр­ген көптеген белгілі саясат­кер­­лермен әңгімелесетін едік. Ол кезде партия мүшелері мен жеке тұлғаларды аңду ісі әлі басталмаған болатын. Көптеген жайтты ашық айтып, еркін сөйлесе беретінбіз. Бір күні Ке­ңес­тік Украина өкіметінің бас­шы­­сы Петровскийге ұлттық рес­­публикалардың ата заңдары және Ленинмен арамызда болған әң­гіме туралы айтып отырып, әзіл-шыны аралас: «Ленин түпкі мақ­сатқа жету үшін барлық жол­­дарды қолдануға болады деп есептейді екен, онда «егер бүгін түнде анаңмен некелесер бол­саң, ертең бүкіл әлемде пролетар билігі орнайды екен» десең, бұған да барар ма еді?» деп сұрадым. Петровский ойланбастан: «Әлбетте, дәл солай жа­сайтын еді. Ленин мұндай мәсе­лел­ерге тек тактикалық тұрғыдан ғана қарайды. Айталық, ол мұн­дай жағдайда «халық арасында сөз шығып кетіп, бізден бұры­лып кетпес пе екен?» деп қана ойлайды. Әйтпесе оның бұл сияқ­ты мәселелерге көзқарасы дінмен ғана емес, ахлақ және дәс­түр бойынша да шектелмеген. Оның ахлақ туралы түсінігі проле­тар­ияның тап күресіндегі қажеттіліктерімен өлшенеді. Біз­дің көптеген одақтасымыз уақы­тша ғана. Бұлардың кейбі­реу­лері Лениннің жалған құжат­тар­ға қол қойғанын көріп, айнып кетті. Уағдаластық пен келі­сім­дер­дің тек қажеттілік жағ­дай­ында ғана үкімі бар. Десе де мен бұл мәсе­леде Ленин сияқты шек­тен шығып кете алмаймын», деді. Менің: «Ленин интернационализм туралы пікірінде шынайы ма? Немесе оның көкейінде де великорустық пиғыл жатыр ма?» деген сұрағыма Петровский: «Коммунизм идеясының бүкіл жер жүзіне үстемдік орнатуы жолында Ленин расында да ұлт­тан тысқары тұрады. Алайда та­рихи, жағрафиялық және эко­но­ми­калық тұрғыдан ұлы Ресейді мекендейтін халықтарға келгенде оның интернационализм ту­ралы айтқандары алдамшы сөз­дер ғана. Ол бұл мәселеде ве­­ли­корустың дәл өзі. Ол ком­­му­низмді ұсақ ұлттармен емес, орыс, ағылшын, қытай сияқ­ты ұлы халықтар арқылы және олар­дың империалистік дәс­тү­рі­не сай жүзеге асырғанды жөн көреді. Мұны анағұрлым қысқа жол деп біледі», деп жауап берді.

Бір күні, екеумізден басқа ешкім жоқ кезде Петровскиймен әңгімелесіп отырып, одан былай деп сұрадым: «Григорий Андреевич, сіз 25 жылдан бері пар­тияға мүшесіз. Ленинмен жол­дас болдыңыз. Лениннің ве­ликорустық шовинизмі бар ма? Әйтпесе оның шығыс ел­де­­­­рін­­дегі кейбір шовинист орыс­­­­тарды қолдап отыруының себе­бін қалай түсінуге болады? Ол неге аймақтардағы ұлттық ком­мунистерді ұсақ буржуазия өкілдері деп атайды?». Менің сұрағыма Петровский былай деп жауап берді: «Ленин вели­ко­рустық мәселеде Бірінші Петр­д­ен де асып кетеді, әйтсе де ол великорус ұлтын капитализмнен азат ету шартымен үлкен социалистік шеңберде және бас­қа ұлттарға үлгі етіп көрсету үшін ұлықтайды. Сондықтан оның мүддесін өзге ұсақ ұлт­тар­дың мүддесінен жоғары қояды. Де­мек ол великорустық пиғыл болмаса да, великорустық сая­сат жасап отыр. Сол сияқты біз де Украина мәселесінде Украи­на ұлтшылдарынан өзге­ше ұс­танымымыз болғанына қа­ра­мастан, Ленинмен үнемі ке­ліс­пей қаламыз. Ленин орыс­тың қол­астына қараған ұсақ ұлт­тар туралы басқаша ойлай ал­май­ды. Бұл жайттың кең етек жай­ға­ны соншалық, біз кейде мұны оның өзіне айтуға бата алмаймыз. Ленин «Ағысқа қарсы» деп аталатын еңбегінде ұсақ ұлт­­­тар­дың қорғаушысы сияқты бо­лып көрінген еді. Десе де тео­рия­ның дәуірі әлдеқашан өтіп кетті. Қазір ол да көптеген вели­корус достары сияқты ұсақ ұлт­тар­дың сіз секілді төңкерісшіл өкілдері мен партия мүшелеріне «ұсақ буржуазия» деп қарайды. Великорустық идеяны басы бүтін толық қабылдағанға дейін олар­ға дұрыс яки бұрыс болсын, алайда «ұсақ буржуазия өкілі» деген таңба тағыла береді. Біздің ортақ дұшпанымыз капитализм мен капиталистік империализм болған жағдайда, великорустық большевиктер мен ұсақ ұлттардан шыққан партия мүшелерінің арасында бірін-бірі алдау осылайша жалғаса береді. Мұны осылай деп түсінген жөн және осылай деп қабылдау қажет».

Лениннің ең жақын әрі ең жанашыр достарының бірі болған Петровскийдің өз аузынан есті­ген бұл сөздерді түркістандық достарымның біріне айтқан едім. Қателеспесем, бұл досым – Тұрар Рысқұлов болатын. Ол да мұны Бөкей Ордасындағы коммунист достарының біріне хат арқылы жазып жіберіпті. Петровский ма­ған бұл сөздерді Ленинмен арасында бір түсініспеушілік бол­ғандықтан айтқан шығар деп топшыладым. Сол кездері Түр­киядан доктор Фуат Сабит деген бір кісі келген еді. Бұл кісі бұрын түрікшілердің са­пын­­да болғанымен, соңғы кез­­дері коммунизм идеясына бүй­ре­гі бұрып жүр екен. Тіпті, оның қызығушылығы шынайы се­німнен туғандай еді. Түр­кия­да оқыған татар зиялысы астра­хан­дық Нежіп Асри мырза да оны көріп, мен жазды екен деп ойлаған хатты қазақшадан түрікшеге аударып, доктор Фуатқа беріп жі­бе­ріпті. Ол да Анкараға орал­ғаннан кейін бұл хатты Мұс­та­фа Кемал пашаға беріпті. Ол кездері Ресей түріктері мен Түр­кия арасындағы байланыстар өте тығыз болатын. Кейін Мәс­кеудің «Метрополь» қонақүйін­де­гі әңгімелерге қатысты дос­та­рыма айтқан жайттардың қағаз бетіне түсіп Түркияға дейін кел­ге­нін және пайдалы бол­ға­нын естіп таңғалдым. Маған Ленин­­нің ахлақ туралы түсінігі мен ұс­танымдарын және орыс ұлт­шыл­дығына қатысты ойларын түсіндіріп берген осы Григорий Петровский еді. Әрине ол өзі сияқты менің де туған халқым великорустардан қандай қорлық көрсе де, бәрібір Ленинге адал болып қалатыныма сенгендіктен осындай ашылып әңгіме айтқан еді. Десе де, Мәскеуден кетіп, Кеңес өкіметіне қарсы әрекетке көшкенімнен кейін де оның мен туралы жақсы пікірде қалғанын сол кісі сияқты жолдасым бол­ған Рудзутак, досым Тұрар Рыс­құ­ловқа айтқан екен.

Лениннің ахлақ туралы түсі­нігі мен келісімшарт­тар­ға қан­дай көзқараспен қарай­ты­ны туралы 1924 жылы Бер­лин­де жиналған «Солшыл социа­лис­тердің құрылтайында» (бұл мәжі­ліске қазіргі Италия солшыл социалистерінің көсемі Ненни де қатысқан еді) жасаған баян­дамамда айтқан едім. Ол неміс және орыс солшыл социа­лис­терінің басылымдарында («Klassenkampf», 14.01.1925; Знамия борьбы», №9-10. 1925) жарық көрді. Осы құрылтайда және жарияланған мақаламда мен: «Біз, азиялықтар Ленин құнсыз деп қарайтын осындай қағаздарға сеніп үйренгенбіз. Біз бұрын Ленинді Ташкенттегі Колесовтан, Орынбордағы Звил­линг­тен, орталықтағы Артемнен мүлдем басқа тұлға ретінде елесте­тетін едік. Енді қазір Ле­нин­­нің бұлардан ешқандай айыр­масы жоқ екеніне толық көзі­міз жетті» деп айттым. Баш­құрт­стан коммунистік партия­сы­на мүше­лік­ке жазылған кей­бір зиялылар жоғарыдағы 19 мамыр оқиғасын естіп, партия мүшелігінен бас тартыпты. Самойлов олардан бұл әрекеттің себебін сұрағанда: «Келісімшарт пен уағдаластықты танымай, 19 мамыр қаулысын қабылдаған партияға мүше болмаймыз» деген жауап естіген екен. Самойлов бұл оқиғаны өзінің еңбегінде жазды да.

Жасырын ұйым мәселесі

Сонау 1919 жылдың наурызында Мәскеуде ІІІ Ин­тер­национал (Коминтерн) құ­рыл­ған уақытта Башқұрстан үкі­ме­тінің астанасы Тиместе осы Ин­тернационалға жеке мүше болып кіру үшін «Шығыс социа­лист партиясын» құру жолында істер атқарған едік. Сол кез­дері қазақ зиялылары арасын­да да, Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүріп жатты. Осы жылдың наурыз айын­да коммунистік партияның «Баш­құрс­тан өлкелік комитетін» құру кезеңінде Түркістанда социализм қозғалысын Ресей ком­му­нистік партиясына бағы­ныш­тылықтан құтқарып, «шығыс социализмі» ретінде тікелей ІІІ Интерна­ционалдың құрамына кіргізу үшін қайта әрекет жасалды. Тіпті, Башқұртстанда тұ­ра­тын татар зиялыларының бірі Ілияс Алкин мен жолдастары 12 баптан тұратын бағдарлама да да­йындап үлгерді. Алайда Орталық комитет бұл әрекеттерді ысырып тастады. Осы кезде Мәскеуде өзбек, қазақ ұлттарының көрнекті өкілдері Низамхожаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов және басқалары бар еді. Орта­лық комитеттің «мұсылман ұлт­тардың коммунистік орта­лы­ғы» жантәсілімнің алдында ғана болатын. Орталық «Шы­ғыс социалистік партиясын» құруға ресми түрде рұқсат бер­ме­гендіктен, осы ұйымды жасырын түрде жалғастыруды және сол арқылы Түркістан, Қазақ­стан және Башқұртстанда Бұ­хара мен Хиуаның өлкелік ком­му­нистік партияларын қолға алуды ұйғардық. Оның үстіне біз Башқұртстанда Башқұрт ұлт­тық ұйымынан 14 кісінің Түр­кістанға барып жұмыс істе­уі­не шешім қабылдағанбыз. Мәскеуде осы ойдың төңірегінде сөз болып, жоспарлар жасалды. Кеңестермен жұмыс жасайтын бір топтың Түркістандағы жә­дитшілермен байланысы бол­ған­дықтан және социализм идея­сы­на оң қарамайтындықтан, сон­дай-ақ екінші бір топтың шы­найы түрде социализм идеясын қабылдағанын ескере отырып, осы екі топтың жеке-жеке екі партия құруын әрі екі түрлі бағдарлама төңірегінде жұ­мыс жасайтындықтарына қара­мастан, ортақ мәселеде ұйым­дасып әрекет етуін мақұл деп таптық. Сол жерде екі түрлі бағ­дарламаның және екі топтың ара­сындағы ортақ үндестіктің кілті де табылды. Ташкент пен Қазақстаннан кейбір достарды ша­қырдық. Кеңес өкіметі Баш­құрт­стан өкілдігі үшін қаланың ортасынан бұрынғы байлардан қалған бір үйді берген еді, барлық мәжілістеріміз бен әңгімелеріміз сол үйде өрбіді.

Бұхарада құрылған ұйым

Негізгі жұмысымыз Әмірге қарсы күресу мақсатымен, соны сыл­тауратып Бұхара ұлттық армиясын жасақтау және Хиуа, Тү­рікменстан мен Қазақстаннан өкіл­дер жинап, «Түркістан ұлт­тық бірлігі» ұйымын құру болатын. Бұл іске дайындық ре­тінде маусым айында Баш­құрт­станнан Қазақстанның барлық аймағына, сол жерден Құлжадағы жапондарға және Ферғанадағы басмашылардың қорбашыларына жіберілген кісі мен қазақ зиялылары жиналды. Қазақстаннан келген башқұрт зиялылары арасында Сейіткерей Мағазов болды. Бұлар бүкіл орта­лық Қазақстанды аралап, дос­тарымызбен байланыс орнатқан еді. Сондай-ақ Фер­ғанадағы басмашылардан Шир Мехмет бектің жанында жүрген Илдерхан Мутин мен Харис Игіліков, Рахманқұл қор­башының жанындағы Мұс­та­фа Шахқұлов келді. Бұл Мұс­тафа ұлттық орталықтың Ташкент бөлімшесінің жетекшісі Садреддин ханмен бірге біраз уақыт Рахманқұлдың жанында болғаннан кейін астыртын Ташкентке оралып, татар зия­лысы Ариф Керимиді қосып алып, Құлжадағы жапон өкіл­ді­гімен келіссөз жүргізу үшін жолға шыққанда Әулиеатада орыс­тардың қолына түсіп, тұт­қын­далған еді. Өзбек, қазақ ұлт­шылдары араласып жүріп, әй­теуір оларды тұтқыннан босат­тыр­ған. Мұстафа Шахқұлов пен Ариф Керими Бұхараға келді. Бұлар Ресейдің жоғары оқу орындарын бітірген кісілер еді. Бұрындары Башқұртстанда мем­лекеттік орындарда қызмет атқар­ған.

Қазақтардан «Алаш-Орда» мүше­лері мен түрікмен зиялыларын да Бұхараға шақырдық. Олардың келуін күтіп жүргенде біз Бұхараның солтүстігіне, қала­ның сыртына орналасқан Харгош деген ауылда, Әмірдің жақ­тас­тарынан бір байдың үйінде тұрдық. Бұл үйді үкімет тартып алған екен. Біздің Башқұртстан әскери жасағынан Еухади Иш­мурзин, менің көмекшім Иб­ра­хим Исхаков және бірнеше офи­це­ріміз полковник Хейбетуллах Сүйіндіковтің басшылығымен ұйымдасып, Бұхара армиясында жауапты қызметтер алды. Қарши, Шехрисебз, Нур, Гузар, Кермине әскери жасақтары осылардың қолында болатын. Бұлардың бәрін Ариф тағайындайтын еді. Біздің мақсатымыз – орыстар ұлттық армияның құрылуына қарсы шыққан немесе құрыла бастаған армияны таратқан жағдайда басмашылармен бірігіп, шабуылға шығу болатын. Дегенмен, бұл үшін басмашылардың арасында ұлттық мүддені түсіндіру мақсатында кең көлемде үгіт-насихат жұмысын жүргізу шарт болатын. Ташкенттік және фер­ға­налық достарымыз бұл істі жақсы жолға қойған еді.

Ариф Бұхарада тұрып жатқан Түркиялық тұтқын офи­цер­лерге әскери мектеп ашу үшін тапсырма берді. Олар­дың арасында Әли Рыза бек­тің басшылығымен жандарм жү­йесін құруға да талпыныс болды. Алайда олардың тұрып жатқан жерлері мәлім әрі Ресей­дің тыңшылары тарапынан барлық іс-әрекеттері бақылауда болғандықтан, біз олармен тек белгілі кісілер арқылы ғана байланыса алатын едік. Ақпан айында түрікмендерден адвокат Қақажан Бердыев, Қазақстаннан Алаш-Орданың өкілдері Хайретдин Болғанбаев, Мұхтар Әуезов пен Дінше (Әділов) және әлі көзі тірі екі кісі келді. Бұхаралықтармен және өзбектермен жұмыс істеу оңайға түспейтін. Өйткені бұха­ра­лықтар мен ташкенттіктер арасында өзара келіспеушілік болғаны сияқты, өзбектер арасында орыс мектептерінде білім алған зиялыларға, әсіресе қа­зақ­тарға жаппай «миссионер» деп қарайтын ықпалды топ бар болатын. Біз бұхаралық, өзбек, түрікмен және қазақ зиялыларымен бірге Харгоштағы штабымызда және Әмірдің «Ситаре-и мах-и Хасса» деп аталатын сарайының бір бұрышында жиналып, құрылып жатқан Ұлттық орталықтың бағдарламасы төңі­­­регінде сөйлестік. Хиуада орыс­тар тарапынан күштеп тара­тылған ұлттық үкіметтің кей­бір мүшелері жасырын жолмен Бұхараға келді. Олармен де әңгімелестік. Алайда бұл әңгі­мелердің ұзап кетуінен және жас бұхаралықтардың тар­тын­шақ­тауынан қазақтар жалы­ға бастаған еді. Келіссөздер нә­ти­­жесінде Өзбекстанда социа­­­лист емес, діни бағыттағы «Жә­дитшілдер» партиясы мен социа­листік «Ерік» партиясы құры­лып, бұл екеуі қазақтардың «Алаш-Орда» партиясымен бірігіп, біз­дің тарапымыздан ұсы­нылған тө­мендегі жеті баптан тұра­тын «ортақ платформаны» қабыл­да­ды:

  1. Толық тәуелсіздік алу
  2. Демократиялық республика жариялау
  3. Ұлттық армия құру
  4. Экономикалық жүйе, темір жолдар мен каналдардың құ­рылысы Түркістанның тәуел­сіз­ді­гіне қызмет етуі тиіс
  5. Халық ағарту ісін дәуірге сай жаңарту және батыс мә­дение­тімен танысу үшін орыстар арқылы баратын жолдан басқа мүмк­іншіліктер қарастыру
  6. Ұлт мәселесі. Мектептерді және мемлекеттің табиғи бай­лы­ғынан елде өмір сүріп жатқан ұлттардың үлес салмағына қарап пайдалану
  7. Дінге толық еркіндік беру. Дін істерін дүние істеріне аралас­тырмау.

Қазақтар Діншені өкіл ре­тін­де тастап, елдеріне қайтып кет­кеннен кейін жәдит және Ерік партияларының жеке-жеке бағдарламалары айқындалды. Осы үш әрекет біздің Бұхарада жиналуымыздың үлкен нәтижесі болатын. Жалпы алғанда, мем­лекет­ті бірі либерал, екіншісі социалист бағытындағы екі партия­лық жүйемен және осы екі пар­тия­ның ортақ бағдарламасы арқылы басқару туралы ше­шім қабылданды. Бұған бәрі де қуанып, келісім берді. Сейіт­ке­рей Мағазов жеті баптан тұ­ра­тын ортақ бағдарламаны өлең­ге қосып, жырлады. Бұл клас­си­ка­лық туынды болатын.

 

Аударған

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ