Руханият • 28 Ақпан, 2020

Қарағандылық меценат мұқтаж жанға пәтер сыйлады

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында ұйымдастырылған «Қазақстан – достық пен бейбітшілік бесігі» атты іс-шара аясында қарағандылық меценаттар мұқтаж жандарға сый-сияпат жасады.

Қарағандылық меценат мұқтаж жанға пәтер сыйлады

Маңызды шараға арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жиылған қауымды мерекемен құттықтап, бұл күннің осыдан төрт жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын еске салды.

Белгілі меценат,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков жалғызбасты ана, І топтағы мүгедек Арайлым Алдамқұловаға екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

– Мен #жақсылықжасапжарысайық челендж эстафетасын Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлерінен қабылдап алдым. Бұл челлендж мұқтаж жандарға пәтер сыйлауды көздейді. Қазақстанда әрбір отбасының өз баспанасы болуы тиіс. Біз, меценаттар мен кәсіпкерлер бұған қол ұшын беруіміз керек. Бұл біздің қоғам алдындағы борышымыз, – деген кәсіпкер аталған челенджді Балқаш қаласының кәсіпкерлеріне жолдады.

Сонымен қатар, аталған мерекеде «ККК «Инжиниринг» ЖШС директоры Александр Кик белгілі боксшы, еңбек сіңірген спорт шебері Абылайхан Жүсіповке бір бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Шамиль Осин спортшыға тұрмыстық техника сатып алуға 700 мың теңгеге сертификатын табыс етті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан «Вайнах» облыстық чешен-ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Увайс Джанаев құттықтап, балалар үйінің тәрбиеленушісі Елизавета Седышеваға қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – қобызды сыйлады.

– ХХ ғасырдың орта тұсында ондаған ұлт пен ұлыстың баласы қазақ даласына күштеп жер аударылды. Осы қиын-қыстау заманды бастан өткергендер қазақ халқының гуманизмін, жанашырлығын ешқашан ұмытпайды, ол туралы үнемі айтып жүреді. Осы көмектің арқасында біздің ата-бабамыз аман қалды, бүгін күнде өсіп-өніп, жаңа ұрпақ тәрбиеленуде, – деген Увайс Джанаев қолын кеудесіне қойып, өзінің қазақ халқына деген алғыс сезімін жеткізді.

Іс-шараның соңына таман Сламбек Тауекелдің «Жерұйық» атты фильмі көрсетілді.

 

 

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше