Экономика • 28 Ақпан, 2020

Қаржылық технология – бай банктердің ғана қолы жететін құндылық

1091 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаппай цифрландыру бойынша мемлекеттік бағдарламалар пайда болғанға дейін цифрлы технологиялардың артықшылығын түсінген салалардың бірі қаржы саласы. Соның ішінде банк секторын сандық технологияға жетелеген фактор не? Бұл сұрақтың жауабы саланы цифрландыруда белгілі бір деңгейде жол картасы болмақ.

Қаржылық технология – бай банктердің ғана қолы жететін құндылық

«Банк секторы мен жалпы қаржы нарығындағы жаңа технологиялар жедел қаржы аудару мен онлайн төлемдермен шектелмейді. Қаржылық технология осы саладағы ұйымдардың ішкі менеджментінен бастап күрделі пайыздарды «тиімді» есептеу мен заңсыз алымдар мен комиссияларды жасырын есептеуде де прогрессив құрал. Дей тұрғанмен, әсіресе, екінші деңгейлі банктердің негізгі тұтынушылары жеке тұлғалар саналатын Қазақстанда банктердің қаржылық технологиялардағы инновациялылығы қарапайым азаматтар үшін ұсынылған озық тәсілдер арқылы бағаланады. Бұл дегеніңіз жоғарыда аталған жедел қаржы аудару мен онлайн саудаға барынша беймділігі.

Прогрессив банктердің тағдыры

Қазақстанда онлайн банкингті 2010 жылдардың басында алғаш болып енгізген ұйымдардың бірі Қазком банкі еді. Homebank қосымшасы арқылы ақшаны валюталық конвертация мен қызмет пен тауар ақысын онлайн аударуды да алғаш осы банк бастады. Алайда, бұл қызмет көпшілік арасында танымал бола қоймады. Оның өзіндік бірнеше себебі бар. Біріншіден, халықтың ол кездегі технологиялық сауаты қазіргіден төмен болған. Онлайн сауда түгілі жұрт дүкендегі терминалға банк картасымен төлем жасауға жүрексенді. Себебі кез келген нарықта алғаш келген қызметке қарсы пайда болатын сенімсіздік реакциясы еді. Әрине, Қазкомның бұл өнімінің игілігін көре алғандар да болды. Бірақ олар қалың бұқараға қарағанда көзі ашық азаматтар еді. Кез келген елде ондай прогрессив азаматтардың үлесі аз болатынын ескерсек, Homebank-тің көпшілікке тарамағаны заңды да. Әйтпесе сол Homebank-тің қызметі мен тиімділігі қазіргі Kaspi Gold-тан артық болмаса кем емес еді. Кейін Қазком банкін Халық банкі жұтып қойды да, Homebank та Халық банктің меншігіне айналып шыға келді. Ал бюджет пен мемлекеттік қызметкерлерді «мәжбүрлеп» ұстап отырған Халық банк елдегі ең консервативті қаржы ұйымдарының бірі екені белгілі.

Қаржылық технология жағынан халыққа ең тиімді өнім ұсынған банктердің тағы бірі Астана банкі еді. Өңірлерді былай қойғанда Алматы мен Нұр-Сұлтанда саусақпен санарлықтай ғана бөлімшелері бар бұл банктің онлайн қызметтері өзгелерден оқ бойы озық тұрды. Аз ғана уақыттың ішінде бірқатар квазимемлекеттік сектор нысандарының қызметкерлерін өзіне тарта алған жас банктің кейін қаржылық көрсеткіштерінен шикілік байқалып, биліктің ең жоғары мінберінен сын естіп, ақыры жабылып қалғаны есімізде. Қаржылық ахуалы шынымен де анау айтқандай жақсы болмағанымен, банктің өнімдері нарықтағы ең прогрессивті технологиялар еді.

Бұлардан кейін Ресейдің Сбербанкі, отандық Форте, Жусан, ЦентрКредит банктері оңтайлы қызметтер мен қосымшалар шығарды. Алайда олардың тұтынушылар базасы мен нарық аясы шектеулі болғандықтан, көпшілік олардың өнімдеріне бола өз банктерін тастап ауыса қоймайды.

Бай банктердің ғана қолы жететін артықшылық

Қазіргі кезде қаржылық технология жағынан ең танымал банк Kaspi банкі. Озық деу орынсыз болғандықтан, әдейі ең танымал деп отырмыз. Өйткені бұл банктің тұтынушылары негізінен төменгі орта тап пен орта тап екені анық. Ал қоғамда айлық табысы орташадан төмен азаматтар екені анық. Тиісінше бұлар аталған банктің тұтынушылары. Банктің өнімдерінің де танымал болатыны сондықтан. Дайын клиенттер базасына өз өнімін тықпалай қояды. Қосымшалары мен технологияларын жарнамалап сырттан тұтынушы тартуға мұқтаж емес. Өз кезегінде Kaspi Gold артықшылықтары халықа арасында ауыздан ауызға жарнамалана береді.

Республика бойынша 27 банк тіркелген болса, соның қарапайым халықпен тікелей жұмыс істейтінінің саны 10-ға жетпейді. Басым көпшілігі белгілі бір бизнестің немесе әлеуметтік топтың аясынан шықпайды. Нәтижесінде нарықта тікелей бәсекеге түсетін 7-8 банк өзара қаржылық технологияларымен емес, несие және депозит шарттары және пайыздарымен жарысады. Қаржылық технология нарығы екінші орынға ысырылып қалған. Сондықтан қазақстандық банк секторында қаржылық технология мен инновациялық өнімдер бай банктердің ғана қолы жететін артықшылық болып отыр.