Парламент • 02 Наурыз, 2020

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі саласы

1048 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның қатысуымен «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері» тақырыбында Парламенттік тыңдау өтті.

Ауыл шаруашылығы  – ел экономикасының  негізгі саласы

 

Іс-шара аясында ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндіру­шілердің көрмесі ұйымдастырылды. Сенат басшысы Дариға Назарбаева ауыл шаруашылығындағы түрлі сала өнімдері мен аграрлық ғылым­ның және «ҚазАгро» ұлттық бас­қару­шы холдингі даму институт­тары­ның жетістіктерімен танысты. Көр­меде Сенат депутаттарына бір­ыңғай біріктіруші орталықтың қызметі таныстырылды.

Аграрлық мәселелер, табиғат­ты пайдалану және ауылдық аумақ­тарды дамыту комитетінің төр­ағасы Әли Бектаев отырысты аша келіп, Парламенттік тың­дау­дың тақырыбы ел экономи­касын­дағы проблемасы аса көп, халық­тың тарапынан жиі сын­ға ұшы­рап жүрген, бірақ өте ма­ңыз­ды, мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар сала – аграрлық секторға арналып отырғанын айтты.

Сенат Төрағасы жалпы елдегі табыстың өсуіне қарамастан, ауыл тұрғындарының жағдайы жақ­сы емес екенін сөз етті. Соны­мен бірге мемлекеттің ауыл шаруа­шылығы өнеркәсіп ретінде осы­ған байланысты тоқтап тұруы мүм­­кін деген болжам айтты.

«Ауыл шаруашылығы – Қазақ­стан экономикасының негізгі саласы. Еліміз астық өндірумен таны­мал. Ал халқымыздың өмір салты­ның ажырамас бөлігі – мал шаруа­шылығы, ежелден әр қазақ­қа интуитивті тұрғыда жақын, генетикалық деңгейде түсінікті. Олай болса табиғи және тарихи негіздер бола тұра отандық азық-түлік өнімдерінің 80 пайызы неге қол жетімсіз? Халқымыз туған жерге ерекше құрметпен қарап келсе де, неліктен ауыл шаруашылығы көп жылдар бойы экономиканың проблемалы саласының бірі болып келеді?» деген сауал тастады.

Сонымен қатар Дариға Назар­баева: «Сенат – жергілікті мәсли­хаттар сайлаған сенаторлар арқылы өңірлерді институционалды түрде көрсететін жалғыз ұлттық орган. Ауылдық жерлерді дамытуға бай­­ланысты аймақтық дамудың әлеу­меттік проблемалары көп жағ­дайда біздің де жауапкершілік екеніне сенімдімін», деді.

«Парламенттік тыңдаулардың қар­саңында Сенат депутаттары көп­­­теген маңызды жұмыс ат­қар­ды. Тиісті департаменттердің, мем­­­­лекеттік корпорациялардың, фер­­мер­лердің кәсіби бірлестік­тері­нің өкілдерімен, өңірлерде ауыл ша­руа­шылығында жұмыс істей­­тін адам­дармен ондаған кез­де­су­лер өт­ті. Саланың пробле­ма­лары ту­ра­­лы бірегей және қарама-қай­шы­­лықт­арға толы материалдар жинал­ды.

Атап айтар болсақ, цифрлы және пайыздық көрсеткіштердің өсіп жатқанына қарамастан, біз соңғы 10 жыл аралығында сала­ның тоқырағанын көріп отырмыз. Ауыл шаруашылығының ІЖӨ үлесі 10 жыл ішінде 5 пайыздан асқан жоқ, ал соңғы жылдары тұрақты түрде төмендеп келеді (2019 жылы 4,4%).

Көбіне кестелер мен сандар­дың артында адамдардың нақты проб­лемалары тұрғанын көре бер­мейміз. Саланың әлеуметтік өлшеміне назар аударуымыз керек. Ауылдың тұрмыс салты мен өмір философиясы қала­дағы өмірден мүлдем өзге­ше. Статис­тика комитетінің мәлімет­тері бо­йынша, осы жылдың 1 қаңта­рын­да экономика саласындағы ең төменгі жалақы ауыл шаруа­шы­лығында болған.

Аграрлық секторды тұрақты түрде жүйесіз реформалау ауыл шаруа­шылығын дағдарысқа, өнді­ріс­тің күрт құлдырауына, өндіру­ші­лердің табыстарының төмен­деуі­не, ауылшаруашылық өнім­дері­нің, шикізат пен азық-түлік баға­ларының көтерілуіне және басқа да келеңсіз жағдай­ларға алып келді», деп ескертті Сенат Төрағасы.

Аталған тақырыпта баяндама жасаған Аграрлық мәселелері, таби­ғатты пайдалану және ауыл­дық аумақтарды дамыту коми­тетінің мүшесі Дүйсенғазы Мусин осы саладағы бірнеше өзекті проб­лемаға тоқталып өтті. Тар­қата айтар болсақ, ауыл шаруа­шы­­лы­ғының алға жылжымауын заң­мен бай­ланыстырды.  «Бүгін­гі күнгі қол­даныстағы заңна­ма­лық база­ның олқылығы – тұрақ­сызды­ғында деп білеміз. Мысалы, Жер ко­дексіне 99 заңнамалық өзгеріс­тер енгізіліп, 260-тан аса заң түрлі толықтыруға ұшыраған. Талдау көрс­еткендей, әлі де өзек­тілігі тұр­ғысынан ескірген нормалар да бар­шылық. Бұл инвести­ция­­лық ахуалға теріс ықпалын ти­гізу­де. Аталған мәселеде Ұлт­тық эко­но­мика және Әділет ми­нистр­­ліктері тарапынан нақты бақы­­лау мен үйлестіруді күшейту қажет деп санаймыз», деді Сенат депутаты.

Өңірлердегі жағдайды баян­дау­ға шақырылған әкімдер қата­рында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин да болды. Облыс әкімі Ақтөбе өңірі ауыл шаруашылығының қай саласына да ыңғайлы екенін еске салып өтті. «Бұл саланы өңірдің табысты дамуының басты ресурстарының бірі ретінде қараймыз. Өсімдік, мал шаруашылығын дамытуға мем­­лекет тарапынан жасалып жат­­қан қолдау жоғары. Өткен жы­лы мемлекеттік қолдау көлемі 7,2 млрд теңгеге артты. Субсидия кө­ле­мі 15,7 млрд теңгені құрады. Бұл өн­ді­ріл­ген өнім мен еңбек өнім­ді­лігін арттыруға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруа­шылығын әртараптандыру бағ­дар­ламасы аясында астық да­қыл­ды егістік алқаптары қыс­қа­рып, майлы, мал азығы да­қыл­­дары, көкөніс алқабы артып келеді. Жүйелі жүргізген жұ­мыстар нәтижесінде егіс алқа­бы­­ның үлесі 39,8%-ға дейін төмен­деді. Тиісінше, мал азығы да­қыл­­дарының үлесі 35,8%-ға дейін ұл­ғайды», деді өңір басшысы.

Дариға Назарбаева Парламент­тік тыңдауды қорытындылай келіп, сенаторлардың ұсынымдарын 9 бөлімге жинақтады және оған жан-жақты тоқталды. Сенат Төр­ағасы талқыланған тақы­рып­­тың маңызды екенін атап өтіп, осы сала еліміздің әрбір аза­ма­­тын толғандыратынын жет­кізді. «Қазіргідей келте ойлауды қысқарту керек. Бізде барлық салада да стратегия болуы тиіс. Қателіктер мен оң тәжірибелеріміз бізді соған бастап келеді», деді ол.

Сенат басшысы агроөнеркәсіп кешені саласының дамуындағы теже­гіш­терді егжей-тегжейлі анық­тау мақсатында алдағы уа­қыт­­та ауқымды жұмыстар күтіп тұр­ғанын және Үкіметке жіберілетін ұсынымдарды тиянақты түрде пысықтау керектігін айтты.