Футбол • 02 Наурыз, 2020

«Астана» – Суперкубок иегері

147 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен сенбі күні Қазақстанның ке­зекті футбол маусымы басталды. Жыл­­дың алғашқы ресми матчында был­тырғы ел чемпионы «Астана» мен Қазақстан кубогы иегері «Қайсар» Қостанайдағы «Тобыл Арена» стадионында Қазақстан суперкубогын сарапқа салды.

«Астана» – Суперкубок иегері

Биылғы маусымды жаңа бас бапкермен бастаған «Астана» клубы әдетінен жаңылмай, жылды жеңіспен бастады. Олай деуге негізгі себеп, елорда командасы осымен үшінші жыл қатарынан Суперкубок бәсекесінде ешкімге дес бермей келеді. Қостанайда өткен матч­та ұлттық құрама мен «Астана» тізгінін қолына алған чех Михал Билектің шәкірттері «Қайсар» командасын 1:0 есебімен жеңіп кетті. Ойындағы жалғыз голды матчтың 40-минутында «Астана» командасына мау­сым аралық үзілісте қосылған кипрлік Пиерос Сотириу соқты. «Қайсар» футболшылары екінші таймда есепті теңестіруге қанша ұмтылғанымен, бұл ойында оларға гол соғу бақыты бұйырмаған екен.

Осылайша, елорда командасы Қазақстан тарихында ел Суперкубогын қатарынан үшінші, жалпы бесінші рет иеленген жалғыз команда атанды. «Астана» бұған дейін 2011, 2015, 2018 және 2019 жылдары топ жарған болатын. Өткен маусымда «Астана» ел чемпионы атанса, «Қайсар» Қазақстан кубогын иеленген-ді.