17 Тамыз, 2013

Қарыз ба, пара ма?

241 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы мәселе төңірегінде тәртіптік кеңес мүшелері құпия қалтарысы көп шытырман оқиғаға кезіккендей болды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің жаңадан тағайындалған басшысы Мұрат Қадырбектің төрағалығымен өткен тәртіптік кеңестің кезекті отырысында алты мәселе қаралса, бесеуі мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істер болып шықты. Соған қарағанда, Ар-намыс кодексі талаптарын өрескел бұрмалайтын шенеуніктер қатары азаюдың орнына көбейіп бара ма деп ойлап қаласың.

 

Осы мәселе төңірегінде тәртіптік кеңес мүшелері құпия қалтарысы көп шытырман оқиғаға кезіккендей болды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің жаңадан тағайындалған басшысы Мұрат Қадырбектің төрағалығымен өткен тәртіптік кеңестің кезекті отырысында алты мәселе қаралса, бесеуі мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істер болып шықты. Соған қарағанда, Ар-намыс кодексі талаптарын өрескел бұрмалайтын шенеуніктер қатары азаюдың орнына көбейіп бара ма деп ойлап қаласың. Ғ.Мүсірепов аудандық соты құрылысы аяқталған тұрғын үйді пайдалануға қабылдау туралы жалған акт ресімдеп, тіркеуден өткізген құрылыс бөлімінің басшысы М.Шәмшетовтің әрекетін мүліктің заңды иесінің талабымен заңсыз деп тапқан. Ол осы қылығына орай лайықты жазасын алуы керек еді. Бірақ тәртіптік жаза қолдану мерзімінің өтіп кетуіне байланыс­ты талқылаумен шектеліп, жазадан аман қалды. Ал соттың жеке ұйғарымына жауапты уақытылы берудің орнына бақандай 6 айға дейін созбалақтап жүріп алғаны үшін аудан әкімінің кеңесшісі Әнуар Әлімғожинге ескерту жариялау ұсынылды. Аудан әкімінің орынбасары Николай Мацедонның тәртіптік ісі талқылаумен аяқталды.

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің ұсынымына сәйкес Петропавл қаласы бойынша салық басқармасының бас маманы Жандос Нұрғалиевқа қатысты мәселе қаралғанда талқылау қызып сала берді. Тиісті органның материалдары бойынша ол өз өкілеттігін асыра пайдалану арқылы материалдық жағдайын жақсартуды көздеген. Жеке кәсіпкер Поединокке жер салығына қосылған 170 мың теңге айыппұл төлеу көмегін ұсынып, жеке көлігінің жөндеу жұмыстарына 30 мың теңге талап еткен. Алайда, күдіктінің кінәсін дәлелдеу қиынға түскен тәрізді. Сол себепті қылмыстық істі қысқартуға тура келген. Ол да «кәсіпкердің айыппұлды өтеуге қаражаты жетпегендіктен, қарызбен қарайласып едім. Кейін алмаққа әрекеттендім. Тиісті орындарға арызданатынын білген жоқпын», деп қанша ақталуға тырысқанымен, ешкімді иландыра алмады. Танымайтын, білмейтін адамның қолына қомақты ақшаны ұстата салуы тәртіптік кеңес мүшелерін қатты таңдандырған секілді. 30 мың теңге қарыз ба, әлде пара ма деген сұрақ шешусіз қалды. Бас маманың бұл әрекеті сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудырушылық ретінде бағаланып, қызметтен шеттету туралы ұсыныс бірауыздан қабылданды.

Тәртіптік кеңес мүшелері Ақжар ауданына қарасты Талшық орта мектебінің директоры Самал Бекбаеваны қызметінен босату туралы ұйғарым жасады. Оның заң талаптарын өрескел бұза отырып, мәдениет үйінде әдістемеші қызметін атқаратын А. Ауғанбаева деген танысын орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімдігіне қабылдағаны, 89 сабақтың жартысына жуығын өткізбесе де, толық жалақы төленгені педагог деген қасиетті атқа жарасып тұрған жоқ.

Облыстық қаржылық бақылау инспекциясы М.Жұмабаев ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бір топ қызметкерінің мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын өрескел бұзып, беймәлім кәсіпкер автомобиль жолдарын күтіп ұстау жөніндегі конкурс жеңімпазы болып шыға келгенін әшкерелеген. Оның сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудыратын құқық бұзушылық белгі бар деген ұсынысы қолдау тауып, тиісті шара қолдану үшін істі прокуратураға жолдауға шешім алынды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.