«Мәдениет» телеарнасының мәніне ой жүгіртсек...
Халқымыздың рухани құндылықтарын төрткүл дүниеге танытқан «Мәдениет» телеарнасы ашылғалы екі жылға жуық уақыт өтті. Осы қысқа уақыт ішіндегі телеарна жетістіктері жайлы ой-пікірімізді, әуелі отандық телевидение дамуының түп қазығы – «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан бастап әңгімелеуді жөн көрдік.
«Мәдениет» телеарнасының мәніне ой жүгіртсек...
Халқымыздың рухани құндылықтарын төрткүл дүниеге танытқан «Мәдениет» телеарнасы ашылғалы екі жылға жуық уақыт өтті. Осы қысқа уақыт ішіндегі телеарна жетістіктері жайлы ой-пікірімізді, әуелі отандық телевидение дамуының түп қазығы – «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан бастап әңгімелеуді жөн көрдік. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» дегендей, бүгіндері Қазақстанда елуден астам телеарна бар болса, сол телеарналардың түп атасы – сөз жоқ, Қазақ теледидары – «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы болып саналады. 1958 жылдың 8 наурызы күнінен бастап алғаш хабар таратқан Қазақ теледидары тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек тәрізді. Кезінде халқымыздың әншілік дәстүрі жайлы хабарлар жүргізген әйгілі Ақселеу Сейдімбек пен жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменовтің өшпес, өлмес рухани әңгімелері әлі күнге жұртшылықтың есінде. Әйтсе де жылдар жылжымай, уақыт өтпей қоймайды. Қазақ теледидарының сол бір сағындырған алтын заманы артта қалды. Қоғам өзгерді. Тәуелсіздік таңы теледидар дамуына жаңаша бағыт, жаңаша серпін әкелді.
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы жүз пайыз таза қазақ тілінде хабарлар тарата бастады. «Балапан», «Білім» және «Мәдениет» телеарналары халқымызға жол тартты. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап «KAZsport» спорттық телеарнасы да іске қосылды. Міне, осылардың бәрі де өткен ғасырдағы Қазақ теледидарының шаңырақ көтеруінен басталған, заман талабынан туындаған ірі жетістіктеріміз.
Десек те, елімізде өз ана тілімізде көрсетілетін хабарлар көлемі өте төмен. Қазақ өзі еуропашыл халық. Еуропаның ана елінде керемет екен, мына елінде керемет екен деп таңданудан жалыққан емеспіз. Ал мына отырған көрші Өзбекстан мен Түркіменстан, Әзербайжан мен Моңғолия тәрізді елдердің 100 пайыз өз тілдерінде хабарлар таратып отырғанын, солардан үлгі алу керектігін әсте қажетсінбейміз. Оның үстіне ұлттық мүддемізді жолға қоюдың орнына теледидардағы шығармашылық топ (авторы, режиссері, редакторы) Ресей телеарналарындағы ескірген жобалардың көшірмесін қазақ тіліне айналдырып беріп отырған хабарлар аяқ алып жүргісіз. Шетелдік түрік, корей, үнді, орыс сериалдары қазақ елі кеңістігі эфирінің ең жақсы деген кешкі уақытын алып отыр. Дәл осы уақытқа қазақ ауылының тұрмыс жайын суреттейтін, Тәуелсіздікке қосқан үлесін айқындайтын хабарларды көрермендерге неге ұсынбасқа. Өз еліміздің емес, шет жұрттың дүниелерін тоқтаусыз күндіз-түні насихаттап жатқан қазақ телеэфирінің қайран уақыты-ай, дегің келеді осындайда.
Бүгінгі таңдағы қазақ теледидары қалалық телеарнаға, қалалық көрермендерге ғана жұмыс жасайтындай әсер береді. Бостандық алғаннан бергі жиырма жыл ішінде телеарналардың тақырып ауқымы ауылдық тұрмысқа, ауылдық әлеуметке бет бұратын кез жетті емес пе. Неге десеңіздер, бүгінде халықтың 50 пайызы ауылдық жерде, оның 80 пайызы өзіміздің қазақтар екенін ескерсек, телеарналар насихаты да сол бағытқа бұрылуы қажет. Қазақстандық телеарналар ауыл мәдениетіне көңіл бөлсе екен деген тілек бар. Көңіл бөлгенде, «Аймақтар аламаны» хабарында көрсетіліп жүргендей, өңірдің ең таңдаулы өнерпаздарын таңдап, жиып алып бір ортада шоу программа жасау емес, керісінше теледидардың шығармашылық тобы аймақтарға, ел ішіне сапар шегіп ондағы күн көріс қамында жүрген адамдардың әл-ауқатын, тіршілігін, тәуелсіздіктегі үлесін жеткізетін хабарлар ұйымдастыру қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы кабельдік АЛМА ТВ телеэкранынан көрсетілген, көршіміз Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында қазақ тілінде берілетін «Жолаушы» деген хабарды үлгі етуге болады. Ондағылар ТЖК деп аталатын журналистік камерамен-ақ сол елдегі қазақ ауылдарын аралай жүріп, қазақтың әншілері мен күйшілерін, ақы ндары мен жыршыларын, жалпылай айтқанда, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін айтарлықтай жақсы насихаттап жүр.
Республикамыздың кабельдік жүйесінде орналасқан «Мәдениет» арнасы несімен тартымды дегенге келсек, мұнда күнделікті саясат хабарлары, әлемдегі болып жатқан күнделікті толассыз жаңалық дүниелер, жазатайым өлімді сипаттау, апатты суреттейтін хабарлар, Қазақстанға таратылатын түрік, корей, ресей, үнді елдерінің ұзағынан созылатын сериалдары жоқ болып шықты. Нақтылай айтқанда, дөңгеленген дүниедегі шырғалаң көріністерден, зорлық-зомбылықтан, тіпті, көріп отырғаныңды тоқтатып қойып әттеген-ай дегізетін жарнама да жоқ. «Мәдениет» телеарнасы көрермендерге жан тыныштығын сыйлайды. Олай дейтініміз, бағдарламалар көрермендерді терең ойға жетелейді. Қарап отырсаңыздар, Мәдениет телеарнасынан өтіп жатқан хабарлардың дені адамды жақсылық ойдың көкжиегінде өргізеді. Адамның жан тазалығы арқылы адамгершілікке баулиды, өмірге деген ұмтылысқа себепкер етіп, ой түбіндегі көкірек көзін оятады. Қай хабарды алсаңыз да адам жанына жылылық сыйлайды. «Кітапхана» хабарында адамды кітапқа құмар ету ғана емес, әрбір кітаптың арқалаған мазмұнына сай өмірге көзқарастарды автордың ойы арқылы әрбір адамның көкейіне жеткізу мақсаты көзделген. Хабардың авторы әрі жүргізуші белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін нақтылы түйінмен тұжырымдап отырады. «Мәдениет» арнасында «Жүздесу» деген хабар бар. Жүздесу болғанда жай жүздесіп қана аман саулықты білдіретін хабар емес. Бұл хабар адам өмірінің шежіресі деуге келеді. Адам өмірі арқылы қоғам көріністерін, өмір құндылықтарын суреттейді. Бұрынырақта үлкен кісілер: «Қарағым, ақ патша заманын да көрдік, Ленин, Сталин заманын да бастан кешірдік» деп, толғанып отырушы еді. Сол айтқандай, «Жүздесу» хабарында өткен ғасырдағы социалистік кезең қызықтарын көрген, бүгінгі нарық заманының да қызығын көре бастаған танымал адамдардың өткен өмірлері арқылы бүгінгі ұрпаққа аса қажетті үлгі-өнегелік мәні жеткізіледі.
Белгілі журналист Нұртөре Жүсіп жүргізетін «Өркениет» хабары аты айтып тұрғандай, дала мәдениетінің жаһандану заманында әлемдік алапат дауылына тартылып, жұтылып, жоғалып кетпеу қажеттіліктерін ескертеді және қазақ халқының өркениеттегі даму жолын айшықтайды. Міне, «Мәдениет» телеарнасында осы сияқты халық сүйіспеншілігіне бөленген жақсы деген жобалар жеткілікті. Мәселен, «Ақсарай», «Сол жылдар», «Қылқалам», «Ғасырлар пернесі», «Алтын көмбе», «Әлі есімде», «Шаңырақ», «Құмсағат», «Сурет-ғұмыр» тәрізді және де басқа да бағдарламалар телекөрермендердің асыға күтетін хабарларына айналды. Хабардың өтімділік қасиеті жүргізушілерге де байланысты ғой. Біздің ойымызша, «Мәдениет» телеарнасының басшылары эфирден өтетін хабар жүргізушілерін лайықты таңдай білген. Бұл тұрғыдан алғанда, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Айгүл Иманбаева, Гүлмира Жандыбаева, сондай-ақ, орыс тіліндегі «Неслучайные встречи» хабарының жүргізушісі Карина Абдуллина («Раскрытая партитура»), Юрий Аравин, Флюра Мусина «Легенды и мифы оперного театра» тәрізді жүргізушілерді ерекше атауға болады.
Міне, осылай «Мәдениет» телеарнасы Отанымыздың ақпарат кеңістігінде еркін қанат қағу үстінде келеді.
Жарқын ШӘКЕРІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының ардагері.
Алматы.