17 Тамыз, 2013

Елорда жаңа оқу жылы қарсаңында

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Міне, білім теңізінде еліміздің мыңдаған жас жеткіншектері ақ желкендерін желбірететін жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Биыл 1 қыркүйек – халықаралық білім мерекесі жексенбі күніне тұспа-тұс келіп тұр. Соған қарамастан еліміздің барлық білім ошақтары бұл күні шадыман шаттық құшағында болады.

 

Міне, білім теңізінде еліміздің мыңдаған жас жеткіншектері ақ желкендерін желбірететін жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Биыл 1 қыркүйек – халықаралық білім мерекесі жексенбі күніне тұспа-тұс келіп тұр. Соған қарамастан еліміздің барлық білім ошақтары бұл күні шадыман шаттық құшағында болады.

Жыл сайынғы дәстүрге сәйкес елордамыздың барлық мектептерінде оқушылардың, мұғалімдердің және ата-аналардың қатысуымен салтанатты жиындар, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Барлық мектептерде бұл күні «Патриотизм сабақтары» өтеді. Жаңа оқу жылында Астана қаласының 12 мыңға жуық бүлдіршіні мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық білім басқармасы хабарлады.

Биылғы оқу жылында еліміздің бас қаласында 82 мектеп оқушыларға есігін айқара ашады. Қаламыздағы 70 мемлекеттік және 12 жеке меншік мектептерде 86 663 оқушы білім нәрінен сусындайтын болады. Елордадағы барлық мектептер жаңа оқу жылы қарсаңында жан-жақты жарақталып, күрделі жөндеулерден өткізілді. Жаңғыру мен жаңару иісі аңқыған білім ұялары өз шәкірттерін күтуде.

24 және 30 тамызда Астана қаласы­ның орталық алаңында «Мектепке жол» атты дәстүрлі республикалық акция аясындағы мектеп жәрмеңкесі өтеді. Биыл жәрмеңкеге Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларынан 28 кәсіпкер қатысады. Акция барысында мектеп формасы, оқулықтар, балаларға арналған ой-сананы дамытатын кітаптар, сөмкелер, портфельдер, рюкзактар, кеңсе заттары, мектепке арналған аяқ киім мен күртешелер және басқа да мектепке қажетті өнімдер сатылады. Бұл дәстүрлі жәрмеңкелерде мектеп формасын 50 пайызға, мектепке арналған сызу-жазу құралдарын 30 пайызға төмендетілген бағамен сатып алуға болады. Сонымен қатар, қалалық әкімдік жанындағы орталық алаңда жәрмеңкеге орайластырылған Оқушылар сарайы, музыка және өнер мектептері оқушыларының қатысуымен концерт көрсетіледі.

Нияз ЖЫЛҚЫБАЕВ.