Экономика • 03 Наурыз, 2020

Банк секторының жағдайы қалай?

409 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда тәуелсіз сарапшылардың елдегі банк секторының актив сапасын бағалау жұмыстары аяқталды. Нәтижесі мынадай: банк секторының таза пайдасы жыл санап өсіп келеді. Алайда AQR қорытындысы бойынша саланы сауықтару шаралары да қажет.

Банк секторының жағдайы қалай?

Қазақстанның банк сек­торының шынайы ахуалын тексеру үшін былтыр AQR жасалғаны белгілі. Сөйтіп елдегі 27 банктің ең ірі 14-іне тексеріс жасалды. Бұл 14 банкке елдегі банк секторы жалпы активінің 87 пайызы және несие портфелінің 90 пайызына тиесілі. Актив са­пасын бағалау нәтижесіне сүйен­сек, аталған 14 банктің төр­теуінде жағдай жақсы емес. Яғни 4 банктің меншікті капиталы жеткіліксіз. Алайда AQR қорытындысында салымшылар үшін ешқандай қауіп жоқ екені айтылған. Қо­ры­тындының егжей-тегжейі банктердің өздеріне ғана беріліп, онда ұсыныстар мен ескертулер де көрсетілмек.

AQR нәтижесін жорамалдап, әлдебір банктерге жала жабудан аулақпыз. Айтпағымыз, жекелеген банктердің ахуалы емес. Жалпы елдегі банк секторының жағдайы. Оның үстіне, Ұлттық банктің талабы бойынша, AQR нәтижесінен кейін ескерту алған банк акционерлері қаржы ұйымдарына қосымша ақша салып, нашар несиелерден арылуы шарт.

Банк секторы мемлекеттен трил­лиондап көмек алғаннан кейін сауықпақ түгілі, ендігі шетел нарығына шығып кететін уақыты болған. Алайда AQR нәти­жесіне сүйенсек, отандық қар­жы ұйымдары әлі де мемлекетке алақан жайып отырғанға ұқсай­ды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смо­ляковтың айтуынша, банк секторын тағы да тығырық­тан алып шығу үшін қосымша 450 млрд теңге қажет. Әрине бұл жолы қаражатты мемлекет берейін деп отырған жоқ.

Ал AQR жүргізуге қатысқан тә­уел­сіз сарапшылардың пікірінше, отан­­дық банк секторында Ұлттық банк айтқандай 450 млрд теңге емес, 680 млрд теңге тапшылық байқала­ды. Негізі мұндай тапшылықтың бо­латыны бұрын да белгілі болған. Акционерлер өз бизнестерінің кем­шіліктерін AQR-сіз де білуі тиіс. Алайда, қазір осы тапшылықтың ашық айтылуы мемлекеттен ақша сұрау үшін жасалып жатқан дайын­дық болуы да ғажап емес. Бұрын банктердің қожайындары Үкімет пен Ұлттық банктен көмек сұраған болса, осы жолғы сауықтыруға «банктер үшін емес, экономика мен қаржы на­ры­ғының тұрақтылығы үшін» деген желеу айтылуы ықтимал.

 Біз ойлағандай «кедей» емес

Ең қызығы, соңғы екі жылдағы банк нарығына көз жүгіртсек, қаржы ұйымдарының халі анау айт­қандай жаман емес екенін көреміз. Мәселен, соңғы екі жылда банк­тер­дің мен­шікті капиталы 3 трлн тең­­геден 3,6 трлн теңгеге өскені анық. Сонымен қатар 2018 жылы 28 банк­тің жыл қорытындысы бо­йын­­ша таза табысы 638,4 млрд теңге бол­ды. Ал былтыр тіпті 812 млрд тең­геге жетті. Сарап­шылар айт­қан­дай, банк секторында 680 млрд теңге тап­шы­лық бар дегеннің өзін­де, акционер­лер­дің былтырғы табысы­ның өзі осы дефи­цитті толтыруға жетпей ме?

Сонымен қатар банктердің соңғы екі жылдағы таза табысының пайыз­дық маржасы тиісінше 5,12 және 5,2 пайызды құрады. Бұл әлем бойынша өте жақсы көрсеткіш болғанымен, ішкі нарықтағы инфляцияны ескергенде «минуста» деп айтуға болады.

Банктердің соңғы бірнеше жылда табысы тұрақты өсіп жатқаны қарапайым халықтың арқасы екені қазір ешкімге жасырын емес. Мәсе­лен, олар берген несие 2018 жылғы 13 трлн теңгеден былтыр 13,8 трлн теңгеге өсті. Соның ішінде бизнесті қаржыландыру керісінше 500 млрд теңгеге азайды. Есесіне халықтың мой­нындағы қарыз 1,3 трлн теңгеге ұл­ғайып кетті. Депозит нарығында да жеке тұлғалар белсенді. Екінші дең­гейлі банктерде жатқан қаражат был­тыр 18,5 трлн теңгеден 19 трлн тең­геге көбейгенде бизнестің 9,8 трлн теңгесі өзгеріссіз қалса, жеке тұл­­ға­лардың жинаған ақшасы 8,6 трлн теңгеден 9,2 трлн теңгеге өсті.

 Банктер еңбектенгісі келмейді

AQR қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктерге берілген тағы бір ескерту – қайтпай қалуы мүм­кін нашар несиелердің үлесін азайту. Несие нарығы негізінен жеке тұл­ғалардың алған тұтынушы­лық несие­лері есебінен өсіп отыр­ғаны жоға­ры­да айтылды. Несие алу шарт­­тарының оңайлануы, төлемге қабілетсіз клиенттердің көбеюі мен қайтпай қалуы ықтимал қарыздың көбеюіне әкеліп соққаны анық. Олай болса, банктер Ұлттық банктің ұсынысына құлақ асып, несие шарттарын қатаңдатуы қажет. Оған қазір билік те мүдделі болып отыр. Себеп – қаржылық қолжетімділіктің әлеуметтік мәселеге айналуы. Қазіргі таңда банк секторындағы нашар несиелердің үлесі 8 пайыздың айналасында. Ломбардтар мен микроқаржы ұйымдарының несие портфелін есепке алсақ, көрсеткіш 10 пайыздан да асып кетеді. Ал бұл меже қаржылық дағдарысты туындататын төте жол.

Қаржылық дағдарыстың алдын алу үшін банктер табысын көбейту үшін халыққа жаппай несие бере бермей, бизнесті де қаржыландырып, қор нарығында да белсенді болуы керек. Қазіргі таңда банктер активтерінің 50,9 пайызы несиеге тиесілі екен. Тек 20,7 пайызы ғана бағалы қағаз­дар портфелінің еншісінде. Ал қаржы нарығы дамыған елдерде бұл көр­сеткіш керісінше болып келеді.

Қорыта айтар болсақ, банктердің меншікті капиталы мен таза пайдасы жыл санап ұлғайғанымен, ак­цио­нерлердің әлі де өз бизнесіне өз­дерінің жаны ашымай отыр. Оның орны­на сырттан қарыз алу немесе Үкі­мет­ке, яғни халыққа қол жаю оңай болып тұр.