Таным • 03 Наурыз, 2020

«Тап-таза» жігіт

772 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл туғанына 175 жыл толып отыр­ған жарықтық Абай атамыздың кейіске толы:

«Көзінен басқа ойы жоқ,

Адамның надан әуресі.

Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,

Жайқаң-қайқаң әр несі»,

деп басталатын алты шумақ жыры бар. Осында айтылғандай, рухани ілім-бі­лім­нен, қара­пайым өмірде шаһадат пен ғибраттан хабары жоқ пенделер жай­лы үлкен ғалым Мағаз ар-Рази: «Кім­­­нің уа­йымы жоқ, тоқшылығы көп болса, денесі майлы болады. Денесінің ма­йы көп адамда желік пайда болады. Же­лі­гі бар адам жамандыққа ұрынғыш ке­леді. Жамандыққа бойы үйренген адам­ның жүрегі қатыгезденеді. Жүрегі қа­тыгезденіп өлі күйге түскен пенде пәнидің қызықтарына батып кетеді» депті.

 

«Тап-таза» жігіт

Осы орайда жоғарыдағы даналар тәм­сілімен қабысып жатқан мына бір оқиғаны баян етсек артық болмайтын сияқты. Өт­кен ғасыр. Сексенінші жылдардың басы. Ақын Ғафу Қайырбеков ағамызды ауылда тұратын бір інісі арнайы іздеп келеді. Өзі кеңшардың дардай директоры.

Ақкөңіл ағамыз дереу елден келген, оны ертіп алып «Алматы» қонақүйіне тар­тады. Қонақүйдің сол тұстағы директоры, Рейхстагқа тұңғыш ту тіккен батыр – Рақым­жан Қошқарбаев. Ғафеңнің сөзін батыр ағасы жерге тастай ма, қонақүйдің ең жақсы нөміріне алыстан келген қонақты орналастырады. Алматылық ағаларының мұндай сый-құрметіне риза болған кеңшар басшысы да кешкісін аста-төк дастарқан жая­ды. Елден келген дәмнен ауыз тисін деген ниетпен Ғафең жаны қалмай ең жақын іні-достарын шақырады.

Сыр-ағаң (С.Мәуленов), Кәукен Кенже­таев, Ақселеу Сейдімбек, Жәнібек Кәрменов сынды ақын-жазушы, өнер иелері жинала қалады. Дастарқанға Рахымжан Қошқар­баевтың өзі де келеді.

Ғафең әдетінше інісіне жағалай отырған замандастарын таныстыра бастайды. Мас­қара болғанда, әлгі совхоздың дардай директоры қасында жайылып жастық, иіліп төсек болып отырған, қаймана қазаққа аты әйгілі азаматтардың бірде-біреуін та­­нымайды екен. Ешқандай кітаптың бе­тін ашпаған, оқымаған, әдебиет пен тарихтан бейхабар, шаруашылықтан басқа тірлікті білмейтін інісінің Рейхстагқа ту тіккен Р.Қошқарбаевты қонақүйдің ди­рек­торы ретінде, басқаларын ағасының «бөтелкелесі» деп танығанына әуелі абыржып қалған Ғафекең аздан кейін сөз бас­тайды.

– Қадірлі Рақа! – дейді оң жағында отыр­ған Рақымжан Қошқарбаевқа қарап: – Мынау менің елден келген інім. Көріп отырсыздар өзі мырза, ауқатты. Сосын тап-таза жігіт. Таза болғанда да мұнтаздай, келбетіне дақ түспеген, жүрегіне ән-жыр ұяламаған, кітап­тың бетін ашып миын ауыртпаған, қақ-соқ­пен ісі жоқ, керемет жігіт, – дейді еш сыр бермей.

Содан кейін оң жағында отырған ініле­ріне өзімсіне бұрылып: – Әй, Ақселеу, әй Жәнібек, мына сендер не оттап жүрсіңдер, тарих, мәдениет, әдебиет, ұлттың болашағы, ұрпақтың келешегі, салт-дәстүр... тағы сондай бірдеңелеріңді айтып...

Мына ініме қарасаңдаршы, ондайлардың бірімен де шатағы жоқ, тап-таза. Ештеңеге араласпайды. Білмейді. Білгісі де келмейді. Бұған совхоздағы малы түгел, бала-шағасы аман, мәшинесі жүріп тұрса болды. Қалған дүние өртеніп, топан су қаптап кетсе де мыңқ етпейтін нардың өзі. «Тап-таза» жігіт болған соң сөйтеді. Айтып отырмын ғой, тап-таза! – деп тағы тамсанады. Отырған жұрт ащы мысқылға қырылып түседі. Еш­теңеге түсінбеген әлгі жігіттің өзі де мәз болыпты.

Жаныңды жабырқататын надандықты Ғафу ағамыз кезінде осылай оспақтаған екен. Қазір көріп жүрміз, қоғамда «тап-таза» жігіттер тіпті көбейіп кетті. Аяқ алып жүргісіз.

Баяғы Абай атамыздың:

«Наданның көңілін басып тұр,

Қараңғылық пердесі.

Ақылдан бойы қашық тұр,

Ойында бір-ақ шаруасы»,

дегеніндей, қазіргі «таза» жігіттердің бо­йын­да ел қамынан гөрі қарын қамы, ілім-білімнен гөрі, жағына білу, жарамсақтану «өнерін» үйрену үрдісі басым. «Қазіргі жаңа толқын зиялы да, игі де емес, тек дүмбілез дипломды, шала сауатты, қулық сауған қарын­байлар болып барады» деп марқұм Марат Қабанбай айтқандай, апатияның алдында тұрған жоқпыз ба өзі!