Бірақ олардың көпшілігі жырақта жатыр. Ал аудан орталығы саналатын Әйтеке би кентінің іргесіндегі Қазалы қаласында атақты Ғани бай салдырған керуен сарай тұр. Он тоғызыншы ғасырда салынып, атақты Жібек жолы бойындағы үлкен сауда орталығы болған ғимарат 1980 жылдан бері мемлекет қарауына алынған.
Қалалық тарихы әріге кететін Қазалы ертеде Арал теңізінің негізгі айлағы саналған екен. Кенересін кеміріп, айдыны шалқып жатқан теңізге жақын осы аумақта Ресей әскері 1853 жылы алғашқы бекіністерінің бірін салыпты. Қала мәртебесін алғанша № 1 форт саналған Қазалы қазақтан бөлек түрлі ұлттың басын қосқан шадыман-шулы мекен болған екен. 1867 жылы қала атауын алады да, бұл уақытта Сыр бойындағы ең ірі елді мекенге айналып үлгерген шаһарға Қазаннан келген Ғани Құсайынов үлкен сауда орталығын салдырыпты. Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі орталықтың көше жақ беті керуен тартып келіп, шөккен түйеден көрінбей қалатын да кездер болған екен. Жүн-жұрқа жиып, қатты байыған Ғани байдың өзі тауарын Германияға дейін жеткізген дүмді саудагерге айналыпты.
– Немістің атақты «Зингер» тігін машинасын да алғаш алдыртқан сол көпес екен. Аз жылда саудасының аясын кеңейткен Ғани Құсайынов шамамен 1869 жылдары күйдірілген кірпіштен үлкен үй салады. «П» әрпі тәріздес үйдің солтүстікке қараған алдыңғы бетінде арба, мал кіруге ыңғайлы кең дарбазасы бар. Дарбазаның үстіңгі қабатына көлеңкелеп отырып қонақтар демалатын жай салынған. Кірпіштің қалануы, астыңғы және үстіңгі жағындағы өрнектер сәулет өнерінің бірегей үлгісі іспеттес, – дейді бізге жол бастап жүрген Ғани Мұратбаев атындағы мемориалдық музей қызметкері Төлеш Сабырбаева.
Көненің бәрі көзімізге жат көрінген кешегі уақытта бұл керуен сарай да талай кепті бастан кешіпті. Әр мекеме қоныс теуіп, 1937-1971 жылдар аралығында Ақтөбе облысының Мәртөк ауданынан көшіріп әкелінген ауыл шаруашылығы техникумы орналасыпты.
Тағы бір дерек, жат жерге келген татар көпесіне жергілікті елдің болысы Мұратбайдың көмегі көп болыпты. Жиырма жылға жуық араласқан екеуі қияметтік дос болған деседі. Шығыс жастарының жалынды көсемі болған Ғанидың әкесі Мұратбайдың ұлына татар байының есімін бергені де осыдан екен. Біз ұзақ жылдар кеңестік саясатқа сәйкес Ғаниды тақыр кедейдің баласы деп келдік. Ал ауылдан шығып, Азия жастарының алдында жүрген Ғани өскен-өнген ортадан шыққан ұл еді.
Ғани байдан қалған тағы бір белгі – 1887 жылы салына бастаған мешіт. Кейін тоқтап қалған құрылысты 1894 жылы жергілікті халық өздері аяқтапты. Әуелгіде мешіт болған ғимарат 1900 жылдың 2 желтоқсанында кітапхана болып ашылады. Алғашқы жылы кітап қоры 437 дана болған кітапхананың тұрақты оқырманы 113-ке жетіпті. Тіпті, сол жылдары Орта Азияға сапар шеккен атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тянь-Шанский арнайы соғып, өзінің жеке кітапханасынан 200-дей кітапты қолтаңбасымен сыйға тартқан. Бұл кітаптардың көпшілігі әлі күнге дейін сақталып тұр.
Қала тұрғыны Ермекбай Жұбанқұлов осы керуенсарайдың айналасында жер асты жолы көп болғанын айтады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары құдық қазғандар жан-жағы кірпішпен шегенделген осындай жолдарға жиі кездесіпті. Бір өкініштісі, кезінде бұған ешкім мән бермей, жылдар өте мүлдем көміліп қалған.
– Екі мыңыншы жылдардың аяғына қарай қалаға сол тұстағы облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед келді. Осы ғимараттардың жайын білу үшін ешкімге айтпай келген беті екен. Әбден тозып, үйіндіге айнала жаздаған керуенсарайды, қараусыз қалып қойған ескі мешітті жалғыз өзі аралап шықты. Ертесіне-ақ техника қаптап, осы маңайды тазартуға кірісті. Мұхтар Абрарұлы өзі бастап, басқа басшылар қостап, ғимарат ішіндегі қоқысты сыртқа шығарды. Осылайша көз алдымызда шаңға көміліп бара жатқан құнды мұраны жаңғырту жұмыстары басталды. 2012 жылдан бастап «Қазреставрация» мекемесі керуенсарайды қалыпқа келтіруді қолға алды. Мына мешітті де жөндеп, қалалық кітапханаға беріп еді, бірақ қыстың күні жөнделген соң сапасы дұрыс болмады, – дейді ақсақал.
Қазір кітапхананы басқа орынға көшіру туралы мәселе қаралып жатыр. Жарайды, мекеме өзіне басқа жай табар, бірақ мына ғимарат қайтадан қалыпқа келтірілуі қажет. Бұл жергілікті құрылысшыларды жауып, жөндей салатын көп нысанның бірі емес. Бұған арнайы мамандар жұмылдырылуы тиіс. Керуенсарайды реставрациялаудың да ұзаққа созылып бара жатқаны көне мұраның қадірін білетін жұртты алаңдатып отыр.
Қызылорда