STEM – оқытудың біріктірілген тәсілі. Бұл білім беру әдісі балаларға әлемнің кез келген жерінде, әрбір әрекетте, барлық пәнде, бүкіл салада, тіпті санада ғылымның бар екенін көрсетуді, зерттеуге үйретуді көздейді. Қазір STEM әлемдік білім берудің басты трендтерінің біріне айналды және осы бағыттағы мамандарға сұраныс көп. Себебі әр салаға сараптай алатын, болашақты болжап, бүгінін бағамдайтын қызметкер керек. Әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер STEM бойынша білім беруді мемлекеттік бағдарламаларына енгізген.
«Мирас» халықаралық мектебінің 9-сыныбында оқитын Әсел Әділбекқызы биология сабағында 2 жылдан бері «Акуапоника» әдісін зерделеумен айналысып келеді. «Акуапоника» (Aquaponics) акуариумдегі суды бірнеше мәрте тазартып, қайта қолдануға негізделген.
– «Акуапоника» – акуа мәдениет пен гидропониканың қосылуынан туған. Гидропоника – өсімдіктерді топырақсыз өсіруге бағытталған тәсіл. Аквариумдегі балықтар шығаратын қалдықтардың құрамында аммиак және микроэлементтер болады. Осы аммиак және микроэлементтері бар суды өсімдіктерге тартамыз. Ал топырақсыз өсіп жатқан өсімдіктер аммиак пен микроэлементтерді тыңайтқыш секілді қолданады. Өсімдіктер қажетті заттарды су құрамынан бойына сіңіргенде су бастапқы қалпына келіп, тазарады. Сол тазартылған су қайтадан аквариумдегі балықтарға келеді, – дейді Ә.Әділбекқызы. Зерттеушінің айтуынша, бұл әдіспен жұмыс істегенде акуариумдегі балықтардың суын ауыстырып отырудың қажеті жоқ. Балықтарға жем шашудан басқа ешқандай физикалық күштің керегі болмайды, яғни су өздігінен тазартылып тұр және өсімдіктер топырақсыз өсіп, өздігінен суарылып жатыр.
Ал бас қаладағы №81 гимназияның 6-сынып оқушысы Ержұман Арлан форумға роботтехника қосымша пәнінен әзірлеген дабыл қаққыш құрылғысын таныстыруға келіпті. Ол мұғалімімен бірге құрастырған құралын жер үй макетінің қақпасына орналастырған. Ұры қақпадан өтуге әрекеттенсе, лазер жанып, дереу құрылғыға белгі береді, сол сәтте дабыл қағылады. Оқушы бұл құралының батарея көмегімен қуатталатынын және қазіргі қолданыстағы дабыл қаққыш құрылғыларға қарағанда оңай құрастырылатынын айтты. Құрал әдеттегі техникалық заттар дүкенінде сатылатын Arduino материалдар жинағынан құрастырылған.
Мұнда өз өнімдерін, еңбектері мен жобаларын таныстыруға келген оқушылар әр пәнге кіріктірілген STEM білім берудің нәтижесі бойынша жиған дағдыларын тәжірибеде, яғни белгілі бір игілікке қолдануға әрекеттеніп жүр. Бірі қолөнерге қызығушылығы арқылы экологикалық таза сөмкелер тігуді қолға алыпты. Ақиқатында, бұл – еңбек пәнінде орындайтын тапсырма. Бірақ экологиялық таза сөмкенің қандай болатынын білу үшін оған қажетті материалдарды зерттеу керек және ғылыми негізіне тереңдеуге тура келеді. Енді бір қатысушы әскери мектептің білім алушысы ретінде қорғаныстың жаңа жүйесін іске қосуға талпынып жүр. Тағы бір оқушылар тобы әлемдік әдістерді қолданып су тазартқыштың үлгісін әзірлеуде. Ал келесі бірі экологиялық таза машина жасау жолында еңбектеп жатыр.
Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари ведомствода STEM технологиясын еліміздегі мектептердің білім беру жүйесіне енгізу жолдарын қарастыратын арнайы кеңес құрылатынын жеткізді.
– Келесі жылдан бастап барлық облыста STEM зертханаларын ашу үшін 5 жылға 30 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат зертханаларды жабдықтауға жұмсалады. Ал биыл әр өңірдегі өкілдерімізбен, білім беру ұйымдарымен STEM білім беру бойынша жұмыстың барысы талқыланды. Бір мектепте 3 пәннен STEM зертханаларын ашуды көздеп отырмыз, – деді Р.Биғари.
Форум аясында STEM білім беру саласындағы мәселелер мен мүмкіндіктер талқыланып, Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеп жатқан зертханалардағы STEM-жобаларының көрмесі қойылды. Білім беру саласындағы беделді спикерлер баяндама жасап, STEM технологияларын енгізу бойынша шеберлік сыныптар өткізді.