«Қазіргі таңда Қазақстан халқының 90 пайыздан астамы, Жамбыл тұрғындарының 75,8 пайыздан астамы сақтандырылған болып есептеледі. Соның ішінде, 659,4 мыңнан астам тұрғын, яғни облыс тұрғындарының жартысынан көбі автоматты түрде мемлекет тарапынан сақтандырылып отыр», деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру коры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Ғайни Аймағанбетова.
Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған алғашқы айда еліміз бойынша халыққа көрсетілген консультативтік-диагностикалық қызмет саны өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 27 пайызға артқан. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізумен сәйкес, медициналық көмек ауқымы 135 пайызға ұлғайған. Ағымдағы жылы Жамбыл облысы бойынша денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті 70 миллион 713 мың 116 теңгені құрап отыр. «Атап айтқанда, кеңес беру диагностикалық көмек түрі 574 пайызға, оның ішінде мектеп медицинасы 240,3 пайызға, стационарды алмастыратын көмек 183 пайызға, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту 462 пайызға, паллиативтік көмек және мейірбике күтімі 144 пайызға артқан», деді Ғайни Аймағанбетова.
Жамбыл облысы