20 Тамыз, 2013

Жаңа оқу жылына – жаңа мектеп

453 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылдың басынан бері Астана қаласында 9500 оқушыға арналған 8 жаңа мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Олардың ішінде 1200 оқушыға арналған «Бытығай» тұрғын үй кешеніндегі жаңа мектеп алдымыздағы 1 қыркүйекте есігін айқара ашады.

Үстіміздегі жылдың басынан бері Астана қаласында 9500 оқушыға арналған 8 жаңа мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Олардың ішінде 1200 оқушыға арналған «Бытығай» тұрғын үй кешеніндегі жаңа мектеп алдымыздағы 1 қыркүйекте есігін айқара ашады.

Өте жоғары қарқынмен өсіп келе жатқан елордамызда мектеп және мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріндегі орын санының жетімсіздігі өткір болып отыр. Қала әкімдігі бұл келелі проблеманы шешу үшін соңғы жылдары кешенді шараларды қолға алды. Биылғы жылдың өзінде Астана қаласында қатарынан 8 жаңа мектеп құрылысы басталған болатын. Атап айтқанда, олардың қатарында №50 және Ш.Қалдаяқов атындағы көшелер қиылысындағы мектеп ғимараты, М.Жұмабаев көшесінен шығысқа қарай Сарайшық көшесіндегі мектеп құрылысы, Орынбор, Еңбекшілер көшелерінің және Керей, Жәнібек хандар көшесінің қиылысындағы жаңа мектеп ғимараты, Железнодорожный кентіндегі және №41 көше мен Мирзоян көшесінің жалғасындағы, «Бытығай» тұрғын үй кешеніндегі жаңа мектептер бар. 2013 жылғы жаңа оқу жылында осы салынып жатқан мектеп ғимараттарының ішінде «Бытығай» тұрғын үй кешеніндегі 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Ал жылдың аяғына дейін Железнодорожный кентіндегі және №41 көше мен Мирзоян көшелері қиылысындағы жаңа мектеп ғимараттары пайдалануға берілмек. Бұл туралы Астана қаласының astana.kz ресми сайтында хабар таратылды.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Балапан»бағдарламасы аясында тек 2013 жылы ғана 2600 бүлдіршінге арналған 6 мемлекеттік, 8 жеке меншік балалар бақшалары және 2 шағын-орталық пайдалануға берілді. Сонымен бірге, қазіргі кезде 2800 бүлдіршінге арналған 12 балалар бақшасының құрылысы салынуда. №4 балалар бақшасына 60 орындық қосымша құрылыс жұмысы жүргізілуде.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».