Басты мақсат – қызмет сапасын арттыру
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы мен оған ілеспе заң жобасының барша қазақстандыққа қажетті де маңызды екенін, осы кодекс жобасы халық арасында көп талқыланғанын атап өтті.
– Депутаттарымыз аймақтарға сапары кезінде осы мәселе басты назарда болды. Арнайы жұмыс топтары, кеңейтілген отырыстар ұйымдастырылды. Осы кодекс бойынша денсаулық сақтау саласы мамандарының қатысуымен Мәжілісте Nur Otan партиясының фракция отырысы да өтті. Осы шараларда айтылған барлық ұсыныс-пікір заң жобасын қабылдау кезінде ескерілді. Нәтижесінде, кодекстің әрбір нормасы жан-жақты талқыланып, көптеген мәселе өз шешімін тапты. Әсіресе цифрлы технологияны енгізе отырып, медициналық қызметтің сапасын күшейту, донорлық мәселесі, ана және бала денсаулығын сақтау бойынша өзгерістер енгізілді. Соның арқасында денсаулық сақтау саласында бұрынғыдан бөлек заман талабына сай жаңа заң мақұлданды деуге болады, – деді Нұрлан Нығматулин.
Бірінші оқылымда мақұлданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы жұмыс берушілер мен жұмыскердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі мен қоғамдық денсаулықты сақтауды күшейтуге, медициналық технологияларды дамытуға, медициналық қызметтер көрсету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларында бақылауды жетілдіруге, медицина қызметкерінің мәртебесін арттыруға бағытталған.
Аталған құжаттың жай-жапсарымен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов таныстырып, жоба ашық нормативтік құқықтық актілер порталында 2019 жылдың қаңтар айынан бастап талқыланғанын, осы арқылы азаматтардан түскен 3 мыңнан аса ұсыныс жұмыс топтарында қаралғанын жеткізді.
– Кодекс жобасына бұрын заңнамада қамтылмаған жаңа баптар енгізілді. Мысалы, салааралық әрекеттестік мәселелерін шешу мақсатында қоғамдық денсаулық саласындағы мемлекеттік органдардың міндеттері айқындалды. Жұмыскерлер арасында денсаулық сақтау мен профилактика бағдарламасын әзірлеп іске асыру, саламатты жұмыс орындарын құру және жұмыскерлерді скринингтерден өткізу мүмкіндіктері көзделген. Скринингтен өту үшін міндетті әлеуметтік демалыстар қарастырылады. Жүргізуші құқығын алу кезінде алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйрену міндеттеледі. Қоршаған ортаның халық денсаулығына әсері, оның ішінде шу және ластанған ауа мәселелері реттелді. Қазіргі таңда жасөспірімдер мен жастарға медициналық көмек құпия көрсетілмейді. Осыған орай балалардың денсаулығын сақтау мәселелері және жасөспірімдердің өз еркімен медициналық көмекке жүгіну мүмкіндігі ескерілді. «Мектеп медицинасы» ұғымы заңнамалық түрде бекітілді. Сонымен қатар психикалық денсаулық сақтау, суицидтік мінез-құлықтың, құмар ойындардың профилактикасы жөніндегі нормалар реттелді. Білім беру және түсіндіру іс-шараларын өткізе отырып, тәрбие алушылар мен оқушылардың денсаулығын сақтауға ата-аналар мен педагогтарды тарту бойынша нормалар регламенттелді, – деді министр.
Бұған қоса ведомство басшысы медициналық көмекті ұйымдастырудың интеграцияланған моделі енгізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтарға тиімді, сапалы медициналық көмек көрсету және сырқаттану деңгейін төмендету мақсатында кодекс жобасында медициналық көмек көрсетудің үш деңгейлі жүйесі қарастырылған. Бұл жүйе – барлық деңгейде пациенттер ағымын басқаруға және стационарларда кез келген бейіндегі пациенттерді қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кодекс жобасында медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру аясындағы медициналық көмектің көлемін анықтау қағидалары регламенттелген. Медициналық көмектің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық көмек көрсетуді стандарттаудың бірыңғай тәсілдері жасалады, трансплантация институты жетілдіріледі, мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Нәтижесінде, медициналық көмек қалалық және ауылдық жерлерде қолжетімді болады, медициналық көмек көрсету процестері стандартталады, ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын бақылау күшейтіледі.
Бәсекеге қабілетті мамандар – тиімділік кепілі
Денсаулық сақтаудың тиімді жүйесін құрудың негізгі шарттарының бірі – саланы бәсекеге қабілетті мамандармен, қажетті ғылыми-зерттеулермен және инновациялармен қамтамасыз ету. Медициналық кадрлардың деңгейін көтеру мақсатында білім берудің үздіксіз интеграцияланған моделін, білім алушылардың тәуелсіз бағалануын және түлектердің кәсіби даярлығын енгізу көзделді. Кодекстің жобасы биобанктердің, биоэтикалық комиссиялардың құрылуы мен пайдаланылуын және этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың рөлі мен мәртебесін реттейді. Медициналық білім беру ұйымдарында стратегиялық әріптестікті, университеттік клиникалар мен біріктірілген академиялық медициналық орталықтардың жұмысын одан әрі дамыту көзделеді. Нәтижесінде, медициналық кадрларды даярлау сапасы артады, қолданбалы және іргелі зерттеулердің дамуы қамтылады, гендік инженерия мен дербестендірілген медицинаның дамуына мүмкіндік беріледі.
Жобаны талқылау барысында депутат Бақытгүл Хаменова министрден цирфландыру кезінде адамдардың жеке деректерінің қауіпсіздігі қаншалықты сақталғанын сұрады. Бұған жауап ретінде Елжан Біртанов емделушінің мәліметіне тек қана оны емдейтін дәрігер ғана қол жеткізе алатынын, осы кодекс қабылданғаннан кейін арнайы нормативтік актімен әр цифрлы денсаулық жүйесі нысандарының ерекше құқығы болатынын, олардың айрықша коды бекітілетінін алға тартты.
Сондай-ақ депутат Бекболат Тілеухан заң арқылы вакцина салдыруды міндеттеуді сынға алды. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вакцинацияны міндетті түрде енгізу қадамы инфекциялық аурулар бойынша басқа азаматтардың денсаулығын сақтауға негізделгенін айтты.
Жалпы отырыста Парламент Мәжілісі және Сенаты депутаттарының бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында қолға алынған бұл заң жобасы террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды қорғауды қамтамасыз етуге, оларды қайтару бойынша шаралар қабылдауға, осындай балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге және көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға бағытталған.
Депутаттар заң жобасымен жұмыс істеу барысында білім және ғылым саласындағы уәкілетті органның террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту мәселелері бойынша салааралық үйлестіруді жүзеге асыру жөніндегі құзыретін бекітіп беру нормасының редакциясын жақсартуға, сегіз және одан көп балалар үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақы төлеуге бағытталған түзетулер енгізді.
Сонымен қатар бұл жиында Мәжілістің салалық комитеттері Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру туралы заң жобаларын жұмысқа алды.
Жалпы отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауал жолдады. Атап айтқанда, депутат Сәкен Қаныбеков елдегі су ресурстарын басқару проблемаларына, Шавхат Өтемісов Жайық-Орал трансшекаралық өзені бассейні экожүйесінің өзекті мәселелеріне назар аударды. Ал Айқын Қоңыров кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы туралы айтса, Владислав Косарев «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мәселелерін ортаға салды.